Фируза Шарипова: «Қазанда тұрып жатқаныма жарты жыл болды»
Фируза Шарипова: «Қазанда тұрып жатқаныма жарты жыл болды»
282
оқылды

Осы демалыс күндері яғни, 3 сәуірде Қазан қаласында (Татарстан, Ресей) бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипова титулдық жекпе-жекте ресейлік София Очигавамен кездеседі. Ал кездесудің жеңімпазы әлемнің үздік боксшысы ирландиялық Кэти Тейлормен (6-0) жұдырықтасады. Бұл жайында боксшының менеджері Сергей Завилейский М13 атты бокстан өтетін  халықаралық турнирдің пресс-конференциясында мәлімдеді. Соған орай, жерлесіміз  өз ойымен бөлісті.

Фируза – Қазір жекпе-жекке дайындығыңыз қалай? Өз қалпыңызды ұстауға барлық жағдай жасалды ма? – Менің Қазанда тұрып жатқаныма жарты жыл болып қалды. Бірінші кездесуім – Қазанда, артынан Мәскеуде өтіп еді. Сөйтіп, әзірге осы жақтамын. Негізі  екі елдің арасында жүрмін. Өйткені бүкіл база, негізгі күштің бәрі – осында. Сондықтан маған қолайлы жер. Оның үстіне, барлық жағдай жасалған. Енді тек тер төгіп, алға қойған арман-мақсаттарыма жетуім керек. Алдағы уақытта да осы жақта жаттыға беретін болармын. Бірақ бұл кездесуден кейін белгілі болады. Не істейтінімізді командамен келісе отырып, шешеміз. – Әлемдік чемпиондардың арасында үлгі етіп, пір тұтатын кумиріңіз бар ма? – Шынын айтсам, «осыған ұқсағым келеді» дегендей кумир жоқ. Бірақ қандайда бір мықты спортшының жеткен жетістігімен өзімді салыстырамын. Сондай кезде өзіме не керегін, қалай жұмыс істеу керегін бағалаймын. Мысалы, Александр Усик пен Мурат Гасиевтің кездесуін көрдім. Сонда Усиктің әлемнің абсолютті чемпионы болу үшін қанша тер төккені көз алдыма келді.  Бұл спортшының бойындағы еңбекқорлығы, талапшылдығы, тәртіпке бағынатыны ұнады. Ол өзіне нақты не керегін, не істейтінін білетін жан. – Өзге бокшылардың кездесуін көре отырып, өзіңізге ұнаған не болмаса қажет деп тапқан әдіс-тәсілдерді пайдаланасыз ба? – Әрине, кілең мықтылардың кездесуін көре отырып, кейде одан үйренер дүние көп болады. Мәселен, керек әдіс-тәсіл болса, өзіме сіңіруге тырысамын. Жаттығу жасап, қайталап көретінім бар.   – Жалпы, «бокс – әйел затының айналысатын дүниесі емес» деген пікірге қалай қарайсыз? – Бокс – ол ең алдымен спорт. Ал спортта «мынау ер азаматтың не болмаса әйелдің ісі» деп бөліну жоқ. Менің бокста жүргеніме 15 жыл болды. Осы күнге дейін өзімнің әйел заты екенімді ұмытқаным жоқ. Нәзіктігімді де жоғалтпадым. Меніңше, спорттың ішінде қыздар үшін ең қиыны бокс емес, ауыр атлетика.  Мәселен, ережесіз жекпе-жектің қасында бокс – классика, өнер. Шаршы алаңға шыққанда бар шеберлігіңді көрсетуің керек.