Зайырлы діл мен байырғы дін

Зайырлы діл мен байырғы дін

Қазіргі заманғы қазақстандық қоғам тарихи қалыптасқан көпконфес­­­­сия­­лық сипатқа ие. Мұндай жағдайда дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру кезінде діндарлықтың жай-күйі мен үрдістерін және олардың алуан түрлі ерекшелігін ескеру өте маңызды. Тәуелсіздік бізге халықаралық аренаны сыйға тартты десек, сол жылдардан-ақ оның игілігі де, қатері де жас мемлекетімізге импорттала бастағаны белгілі. Әйтсе де, таразы басын тең ұстаған Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында қазақ топы­рағы алашұбар ағымдардың күресіне емес, әлем діндер же­текшілері бас қосатын диалог алаңына айнала алды. Ендеше тәуелсіздіктің діни жыл­намасын қысқаша шолып өтсек.

Таныс та бейтаныс дін

Қазақ топырағы ислам мәдениетінің қанат жайған авангарды десек, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан-ақ асыл ді­німізбен қайта қауышуға асыққан мүмін­дердің қатары аз болған жоқ. Коммунизм идеясы күйреп, оның орнында қаңырап қалған вакуумды толтыру үшін діннің қайта оралғаны баға жетпес құндылық болды. Мұны бастапқы кезде мәселеге шешім іздеген билік те қолдаған болатын. 1990 жы­лы мұсылмандардың алғашқы құрылтайы кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылуы оның ресми түрдегі көрінісі еді. Осыдан соң елдегі діни конфессиялар саны мен діни ұйымдардың қатары арта түсті. Мәселен, қайта құру мен бетбұрыс жылдарының шарықтау шегі 1989 жылы Қазақстанда 20 конфессияның 671 діни бірлестігі жұмыс істеген болса, 1998 жылы бұл сан 46 конфессия, 2 100 бірлестік боп 1,5-2 есе өсті. Мешіттер мен шіркеулер саны күрт артты. 1989 жылы Қазақстанда 50 мешіт, 60 шіркеу мен приход болған болса, 2001 жылы 1 440 мешіт, 190 шіркеу мен при­ход және протестанттық христандардың 400 сыйыну үйі болған. 1991 жылға дейін Қазақстанда ешқандай діни оқу орны болмаған болса, бүгінде олардың қатары көп. Солардың бірі – «Нұр-Мүбәрак» ислам университеті. Ал ислам елдерімен дипломатиялық қатынастың орнауы, бұл процесті одан сайын нығайта түсті. Бұл шетелдік діни миссионерлер үшін жаңа мүмкіндік ашты. Тәуелсіздіктің алғашқы 5 жылы бұл үрдіс қатты жүрді. Жастарымыз діни оқу іздеп Сауд Арабиясына, Түркияға, Мысыр мен Ливияға, Пәкістанға баруға мүмкіндік алды. Бірақ уақыт өте келе ол ілімнің қазаққа тән ханафи мазхабынан гөрі, ханбалиттік мектепке жақын екені аңғарылды. Осы­лайша, таныс та бейтаныс дінмен алғашқы қауышу басталды.

Мемлекет пен дін бөлек

Әйтсе де, құқықтық және зайырлы мемлекет құру жолын таңдап алған еліміз мемлекет пен дін бөлек деп қарастырса да, Елбасының бұл саясатының түпкі мақсаты бөлуде емес, қосуда жатқан болатын. Ол заманауи демократиялық құндылықтар мен тарихи діни идеологияның түйісер алтын тіні – конфессияаралық және өркение­таралық келісімнің жасампаздық әлеуетінде екенін жақсы түсінді. Оны ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де бітімгер­­­шілікке бастай алатынын әлемге дәлелдей білді. Миллениум бастауында конфессиялар мен халықтарды жақындастыру үшін 2001 жылғы қыркүйекте Рим Папасы Иоанн Павел II-нің ел астанасына тарихи сапары, 2002 жылы маусым айында Алматыда АӨСШК-нің бірінші саммиті, сондай-ақ 2003 жылғы ақпан айында Халықаралық бейбітшілік және келісім конференциясы ұйымдас­­тырылды. Бұл Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу ту­ралы ауқымды бастаманың туындауына зор ықпал етті. 2003 жылы «Қазақстан – бейбітшілік пен келісімнің орталығы» деп әлемге жар сал­ды. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 23-24 қыркүйек күндері ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің ұраны еді. Әлемнің түрлі діни конфессияларының 17 делега­циясы қатысқан бұл жиын халықара­лық конфессияаралық институт – съезд хатшы­лығын құрумен аяқталды. Жиында бұл ша­раны дәстүрге айналдырып, 3 жылда бір рет өткізуге шешім қабылданды. Осылайша, ол 2006, 2009, 2012, 2015, 2018 жылдары өз жал­ғасын тапты. ІІ съезд осы халықаралық шараға арналып арнайы салынған Бей­бітшілік және келісім сарайында (Пирамида) өтті. Оған 20-дан астам елден 43 делегация қатысты. Бұл ретте Елбасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезінде сөйлеген сөзінде: «Қазақстан өзінің сая­сатында адамның ішкі бостандығы ғана конфессияаралық төзімділіктің шарты екенін басшылыққа алады. Тап сондықтан да тарихи тұрғыдан исламның мәдени материгінің бір бөлігі бола тұра, біз Қазақ­стандағы барлық әлемдік және дәс­түрлі діндердің өркен жаюына кедергі келтір­мейміз» деп Қазақстанның дінаралық ке­лісімді сақтаудағы басты бағдарын айқ­ын­дап берген болатын. ІІІ съезге 35 елден 77 делегация, яғни 400 де­легат қатысты. Съезд қорытындысында бірлескен Декларация қабылданды. Онда әлемдік қауымдастықты шынайы диалогке шақырған үндеу жолданды. ІV съезге әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты. Бұл кездесу тарихи оқиғамен – Елбасының ұсынысымен құрылған Діни лидерлер кеңесінің алғашқы отырысымен есте қалды. Ал съезд делегат­­тарының 2018 жылғы VІ съезд жұмысында «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогті дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы» құрылды.

Дін саясаты – мемлекеттік идеологияның құрамдас бөлігі

Халықаралық аренадағы бастамаларынан бөлек, еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясаты Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» стратегиясында және «Қазақстан жолы–2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында ай­­­қындалған шеңберде қалыптасты. Өз Жол­­­­дауында Елбасы: «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Азаматтарды ар-ождан бостанды­ғымен қамтамасыз ете отырып, мемлекет, дегенмен қоғамға өз бетінше біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін әлдебір қоғамдық нормаларды тықпалайтын әрекет­­терге өте қатаң қарсы тұратын болады» деп ерекше атап өткен болатын. Ал стратегия аясында 2011 жылы Қазақ­­станның «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы өз күшіне енді, онда алғаш рет ханафи бағытындағы исламның және пра­вославтық христиандықтың халық мәде­­­ниетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі және Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да дін­дердің құрметтелетіні атап өтілді. Сондықтан дін мәселесінің халықтың ең нәзік әрі маңызды тұсы екені ескеріліп, 2016 жылғы қыркүйекте Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылып, мемлекеттік діни саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Ондағы мәлімет бойынша, республикамызда 3 464 ғибадат үйі тіркелген, оның ішінде 2 550 мешіт, 294 православие және 109 католик шіркеуі, 495 протестант храмы мен ғибадат­ханасы, 7 иудей синагогасы, 2 буддашылар храмы, 7 «Кришна санасы қоғамы» және бахаи қауымының ғибадатханасы бар. Елімізде 13 конфессияның 531 миссионері тіркелген, олардың арасында саны жағынан РКШ өкілдері басым (257). Православиені 84 миссионер насихаттайды, оның басым көпшілігі Ресей азаматы. Қазақстанда 15 діни білім беру ұйымы, мешіттер мен жексенбілік мектептер жа­нындағы 400 бастауыш курс, ғибадат үйінен тыс діни іс-шараны өткізуге арналған 383 үй-жай, оның ішінде намазхана, ғибадат бөлмесі және шіркеу бар. Айтпақшы, діни жетекшілері басқо­суларын имидждік шара ретінде қабыл­дайтындар бар. Алайда конфес­сияаралық татулықты сақтау Қазақстан тәуелсіздігін нығайтуға ықпал ететін фактордың бірі еке­нін назарда ұстау керек. Еліміз осынау саясат арқылы діни араздық сипатындағы жанжал­дың алдын алып келеді. Сонымен бірге Консти­туцияда көрсетілген адамның наным-сенім бостандығына мемлекеттік дең­гейде кепілдік жасады.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ