Көктем мен күзде психикалық аурулардың қозатын кезі деген түсінік қалыптасқан. Бұған қатысты мамандардың өзі екі түрлі пікір айтады. Бірі мұндай дерттің мезгіл талғамайтынын, жай ғана қыс бойы көбі үйден шықпай, көктемде айналадан «біртүрлі» адамдарды көп көруі мүмкін дейді. Енді бірі ауа райының өзгеруі, құстардың жылы жаққа ұшып кететін және келетін кезі мен психикалық ауытқудың арасында байланыс барын растайды. Оған қоса, 2020 жыл көпшілік үшін ауыр жыл болғаны тағы бар. Мамандар төрт қабырғаға қамалып, үйден оқу, жұмыс істеудің жалпыадамзатқа белгілі бір дәрежеде әсер еткенін мәлімдеген. Біздегі жағдай қандай? Статистикалық мәлімет пен шынайы көріністің арасында қаншалықты айырмашылық бар?
Жалпы алғанда, пандемияның кез келген адамға тигізген әсері бар. Өйткені отбасындағы ұрыс-керіс пен дау-дамай бұрынғыға қарағанда көбейді. Яғни, карантинге дейін көпшілігі таңертең ерте тұрып сабаққа, жұмысқа кететін болса, пандемия бәрін бір жерге «қамап» қойды. Соның салдарынан кішігірім түсініспеушіліктің болуы да заңды. Одан қала берді қаржылық жағдайдың қиындағаны адамға қатты әсер етеді. Бірінші кезекте, үйдегі атмосфераны бұзуы ықтимал. Күнделікті өмір сүру салты өзгеріп, өзін құдды біреу қинап ұстап отырғандай сезіну адамға оңай емес. Бұдан ішкі қарсылық туындайды. Бұрын-соңды әдетінде болмаған біраз дүниеге үйренісу үшін де уақыт пен төзім қажет. Бұл болса, болмашы кикілжіңдерге себепші болуы әбден мүмкін. Адам психикасына бірден-бір әсер ететін келесі фактор – белгісіздік. Яғни, карантиннің қашан бітері, ертең не болары белгісіз болған сайын адам тығырыққа тіреле береді. Алғашқы локдаун кезінде күн сайын қаралы хабар естіп, кейде бір күнде бірнеше таныс-туыстан айырылып жаттық. Мұның да белгілі бір дәрежеде ойға салмақ түсіретінін қосыңыз. Осының кесірінен көпшілік одан әрі үрке түсті.Емделуден арланбау керек
Қарап отырсақ, өзімізді күнделікті өмірде қалыпты күн кешіп жатқан адам деп есептейміз. Десек те, осы тізбектеп шыққан фактордың бірі не тіпті бірнешеуі тұрақсыз эмоционал жағдай кезінде кесірін тигізуі ғажап емес. Медицина ғылымдарының кандидаты, психиатр Жібек Жолдасова психикалық ауытқу кез келген адамда болуы мүмкін екенін айтып отыр. «Психикалық ауытқудан ұялудың қажеті жоқ. Өйткені бәріміздің басымызда түрлі мәселе бар, ашуланатын кезіміз көп, күйзеліске түсеміз, отбасында не жұмыста кикілжің туындайды. Соның салдарынан бізде ауытқу пайда болуы мүмкін. Бірақ оны емдеуге болатынын ұмытпаған жөн. Қазір тіпті шизофрения сынды күрделі түрлерінің өзін қалыпқа келтіріп жатыр. Дамыған елдерде психолог, психиатр мамандарға барып, кеңес алу, емделу – қалыпты жағдай. Ал бізде әлі сүйекке таңба деп санау басым. Бірақ осыдан 20 жыл бұрын енді жұмыс бастаған кезде саусақпен санарлық пациент қабылдайтынбыз. Қазір біртіндеп түсінік қалыптасып келе жатқанын байқаймын», – дейді психотерапевт. Расында, психолог пен психиатрға жүгінуді ар санайтын түсінік бары рас. Тіпті, «баласы жынданып кетіпті» деген сөзге қалмас үшін жасырып бағатындар да бар. Десек те, мамандар бұл ретте жұрттың сөзінен бұрын жақын адамның жағдайын ойлаған әлдеқайда абзал екенін айтады. «Аурудың қай түрін болсын неғұрлым ертерек қолға алса, адам үшін соғұрлым жақсы. Көпшілігінің психиатрға баруға қорқатын себебі – есепке алып, тіркеп қояды деп ойлайтынында. Әрі одан кейін жұмыстан шығарып, қоғамнан алшақтатады деген жансақ пікірде болады. Шын мәнінде, психикалық аурудың біраз түрі есепке алуды қажет етпейді. Дегенмен халықтың дені бұдан бейхабар. Тағы бір айта кететін жайт, осыдан екі апта бұрын Шымкентке іссапармен бардым. Ондағы невропатологтердің айтуынша, әсіресе қарттарда болатын психикалық ауытқумен күресу қиын екен. Өйткені балалары әке-шешесінің жағдайы қалыпты емес дегенді естігісі келмей, шақырым жерден айналып қашады екен. Бәлкім, дәрігерлер тарапынан дұрыс жеткізбеудің де кері әсері бар шығар. Десек те, жасы қаншада болса да, ауытқу байқалса, дәрігерге қаралып, емделген дұрыс», – дейді Ж.Жолдасова.Психикалық ауытқы белгілері қандай?
Осы ретте психикалық ауытқу белгілеріне тоқталсақ. Адам ішкі жан дүниесін жақсы түсіне білсе, ағзасы тарапынан түскен сигналды да байқауы тиіс. Яғни, тәуекел тобына кімдер кіреді? Қандай жағдайда маманға барып кеңес алған артық болмайды? Алдымен адамның жүріс-тұрысы, тәртібінде өзгеріс болған кезде. Айталық, бұрын сабырмен қабылдайтын жағдайды қазір шектен тыс ашумен, яғни әсірелейтін болсаңыз, агрессияны жеңу қиынға соқса, бұл алғашқы белгілердің бірі болуы мүмкін. Сонымен қатар ұйқысыздық мазаласа да мәселе барын білдіреді. Болмаса, қорқынышты түстерді жиі көру, ұзақ уақыт бойы көз іле алмау да сондай фактор саналады. Қалыпты ұйқыдан айырылған кезде адамның психобиологиялық қоры сарқыла бастайды. Ол болса, кері әсер бермей қоймайды. Өйткені орны толып жатқан жоқ. Келесі белгі – көңіл күйдің мүлдем көтерілмеуі, күйзеліске бейім болу, еш нәрсеге қуана алмау. Бұл қалыпты жағдай емес. Яғни, бұған бейжай қарамаған дұрыс. Жүйке жүйесінің жұмысы бұзылғанын өмірге деген құлшыныстың, жыныстық әуестіктің шектен тыс төмендеуінен де байқауға болады. Бүгінде түгесілу мен сарқылу жиі кездеседі. Дер кезінде қалыпқа келтірмесе, салдары ауыр болуы ықтимал. Адамдармен байланысудан қашу, бір бөлмеге қамалып, жалғыздықпен дос болуды көңіліңіз қалайтын кез көбейсе, мұны жай ғана шаршаумен шатастыруға болмайды. Сондай-ақ ішімдік, темекіге әуестіктің аяқасты пайда болуы қалыпты емес. Міне, осы сынды белгілер байқалса, демек сіз тәуекел тобындасыз. Мұндайда мамандарға қаралғанда тұрған ештеңе жоқ. Алматыдағы Психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Сапар Рахменшеев психиатрға көрінуден қашпаған дұрыс екенін айтады. «Расында, көпшілігі есепке алады деп қорқып, маманға қаралмайды. Шын мәнінде, науқастың рұқсатынсыз біз оны қарай алмаймыз. Тек өзіне не қоршаған ортасына зияны тиетін болса ғана алып кетуімізге болады. Бүгінде көпшілігі жекеменшік клиникалар мен психиатрлардың бақылауында болғанды жөн көреді. Бізде есепте тұрғандар өздері не туыстары асқыну белгілері біліне бастаса, бізге хабарласады. Дәрі алады не болмаса бригада шақырады. Тағы бір айта кететін жайт, күйзеліс сынды жағдайды психикалық ауытқу ретінде есепке алмайды. Олар психолог не психотерапевтке барып қаралады. Әсіресе, пандемия кезіндегі «ауру жұқтырам» деп үрейленуді психикалық ауруға жатқызбайтынын атап өткім келеді. Яғни, диспансерлік бақылауда болмайды. Асқынған жағдайда ғана дәрігерлеріміз қарап, диагноз қояды», – дейді Сапар Құттыбайұлы.Психиатрлар есебінде 225 мың адам тұр
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлем бойынша 300 миллионнан астам адам күйзелісте өмір сүріп жатыр екен. Оның 40 миллионға жуығы – еуропалық аумақта. Қазақстан да осы аумақтың ішінде. Ең қиыны, психикалық ауытқуға ұласып, оның соңы суицидпен аяқталатын жағдай да жиілеген. Қазақстанда психиатрлардың есебінде былтыр 190 мың ересек, 35 мыңға жуық бала тіркелген. Алматыдағы ахуалды Сапар Рахменшеевтен сұрағанымызда, былтырмен салыстырғанда айтарлықтай көбейді деуге келмейді деп жауап берді. Өйткені 2020 жылғы наурызда есепте 10 578 адам тұрса, биыл наурызда 10 600 адам тіркелген. COVID-19 вирусына дейін денсаулық сақтау саласының жалпы бюджетінің 2 пайызы ғана психикалық денсаулықты қолдауға бөлінген екен. ДДСҰ пікірінше, бұл өте аз. Ұйымдағылар пандемияға байланысты адамдарда психикалық ауытқу артатынын, соған сәйкес көңілдің көбірек бөлінуі керегін айтып дабыл қағып жатыр. Дер кезінде көңіл бөлінбей, соның кесірінен жағдайы ауырлай түскен науқас орта есеппен 10-20 жыл бұрын өмірден озады екен. Оның ішінде басым бөлігі көмек алмағандықтан өзіне қол салады деседі.Жадыра АҚҚАЙЫР