Әлемде коронавирустың үшінші толқыны басталды. Бұл біздің елімізді де айналып өтпейтіні анық. Қазірдің өзінде Қазақстан «қызыл аймақта» тұр. Күн санап вирус жұқтырғандар қатары артып келеді. Вирустан сақтанудың жолы – оқшаулану және қорғаныс құралдарын пайдалану. Алайда бұл шектеу шығармашылық ұжымдарына қалай әсер етіп жатыр? Әсіресе, театр, мәдениет үйлеріне зиянын тигізген жоқ па?
27 наурыз – халықаралық
театр күні. Бұл күн – театр қызметкерлері үшін ерекше мереке. Жыл сайын осы күні дәстүрлі театр фестивальдары өтіп, әртістер де мәре-сәре болып, лайықты марапаттарын алып жатады. Өкінішке қарай, соңғы екі жыл бұл дәстүрлі фестиваль өткізілген жоқ. Себеп белгілі – коронавирустың өршуі. Бұл індеттен мәртебелі театр қайраткерлері де сақтандырылмаған. Олай болса, мәдениет қызметкерлерінің өмірі қалай өтіп жатыр? Театрсыз актер актер ме? Киноға да түсіп жатқан жоқ. Шығармашылық адамдарының өмірі өнермен біте қайнасқан. Оқшаулану, театрсыз өмір сүру – тоқырауға әкелмей ме?
Мұхтар Әуезов атындағы
Ұлттық драма театрдың директоры Еркін Жуасбектің айтуынша, пандемия кез келген салаға жеңіл тиіп тұрған жоқ. «Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Ж.Бекшиннің қаулысына сәйкес, М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрында спектакльдер көрсетілімі уақытша тоқтатылды. Жоспарланған премьераларымыз енгізілген карантин шараларына байланысты кейінге шегерілді. Әртістеріміз Zoom платформасы арқылы жаңа пьесаларды оқып, талқылап, сонымен қатар сахна сайысы, би, вокал сабақтарын өтуде», – дейді Еркін мырза. Директор қазір театр қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеп жатқанын айтып отыр. «Оған қарамастан көрерменмен әлеуметтік желі (Instagram, YouTobe, Telegram) арқылы онлайн форматта байланыс жасаймыз. Әрине, бұл театрларға оңай соғып жатқан жоқ. Өйткені театр – көрермен мен актер арасының байланысында өмір сүретін өнер», – дейді Еркін Жуасбек.
Актерлердің жалақысы қысқармаған. Бұрынғыдай төлемақы төленіп жатыр.
Ал елордадағы Жастар театры директорының орынбасары Досымжан Таңатаров қиындықтың кез келген салада бар екенін айтып отыр. «Алғашқы толқын кезінде театр да жұмыс істеген жоқ. Күз айларында қызметкерлердің 20 пайызы ғана жұмысқа шықты. Шектеулер азайған кезде 30 пайызға дейін қызметкерлерді жұмысқа шығардық. Аз болса да, қойылымдарды тамашалауға көрермендер келді. Актерлер де сахнаны сағынады. Олар да қалыптан шығып кетпеу керек. Сол үшін қойылымдар тоқтаған жоқ. Әрине, көрермендер санына шектеу болды. Тіпті, кейде асып кеткенде үйлеріне кері қайтарған кездер де болды. Аптасына бір рет балаларға арнап ертегі қоямыз. Оған да көрермендер саны шектеулі. Қазір шектеулер қайта күшейді. Сол себепті Жастар театры да карантин талабын сақтап, уақытша тоқтатылады», – дейді Досымжан мырза.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры да жоспардан қалып жатқан жоқ. Театрдың директоры Асхат Маемиров: «Үш айда бес премьера өткіздік. Әрине, көрермен тарапынан жас театрдың жаңа қойылымдарын көруге деген сұраныс өте ерекше. Елімізде бекітілген санитарлық нормаларға сай, көрермен саны шектеулі. Дегенмен сахна кеңістігінде актерлердің санаулы көрерменнің өзімен тікелей диалог орнатуының өзі – әртістер қауымы үшін зор бақыт. Театр – диалогке құрылған өнер. Актер үшін көрермен – энергия алмасатын, шынайы шығармашылық процесті қабылдайтын өзгеше әлем. Жыл соңына дейін жоспарланған жаңа қойылымдарымызды сахналап, көрерменге ұсынамыз. Қазір әлемдік театр кеңістігі, келген қиыншылықтан шығатын жол іздеп, сахналық формалардың өзгеше бағыттарын ұсынуда. Виртуальды театрлар осы бір жылдың ішінде өздерінің көркемдік ізденістері мен тұжырымын онлайн форматта көрерменге ұсынуда. Алайда шынайы, тірі өнерге сусаған көрермен өзінің жанына аса қажет рухани азықтың театрда екенін ұғынды. Театр – тірі өнер болғандықтан, оның беретін құндылықтары, сыйлайтын қуат көздері де ғажап дүние. Бүгінгідей індет күшейген кезде карантиннің қатаң шектеулеріне байланысты театр да көрерменге ұсынар өз қойылымдарын 2 аптадай тоқтата тұрады. Дегенмен театрдың ішкі жұмыстарына ешқандай әсер етпейді деп ойлаймын. Қазір дағдарыс келді деп қол қусырып отыратын уақыт емес. Біздің алға қойған мақсатымыз бар. Сол мақсаттың жолында еңбектенеміз. Жаңа қойылымдарға дайындаламыз. Барлығы орнымен жүріп жатыр. Жалақы мәселесіне келетін болсақ, театр актерлерінің жалақысы аз екені барлығыңызға мәлім. Актерлер тек театр табысымен шектеліп қоймайды. Жарнамалық ролик, кино, дубляждан табыс табады. Өкінішке қарай, бұл салалардың да екпіні бәсеңсіген кез», – дейді Асхат Маемиров.
Әрине, кәсіби әртістің өмірі өнерге байланған. Сахнасын сағынады. Кейіпкерін іздейді. Образға енгісі келеді. Онсыз актер өмірін елестете алмайды. Көрерменмен тікелей диалогке түсетін сәтін күтеді. Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры әртістері күні кеше ғана жаңа спектакльдің тұсауын кесті. Таласбек Әсемқұловтың «Құнанбай» пьесасы қойылды. «Театр жаңа ғимаратқа көшті. Күні кеше ғана жаңа спектакльдің премьерасы қойылды. Жаңа қойылыммен көрерменді сүйіншілеп жатқан жайымыз бар. Бастысы, актерлеріміз сахнадан алыстаған жоқ. Әрине, карантин талаптарын сақтау – маңызды. Әртістер де, көрермендер де бұл талаптарды қатаң сақтап отыр», – дейді театрдың баспасөз қызметі.
Мұхтар Әуезовтің театр өнері туралы: «Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» деген сөзі бар. Зор өнерді, «хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнерді» жасап жүрген шығармашылық адамдарының халі еді біздің алаңдағанымыз. Әрине, бұл дерттен аман-есен өтсек, бүгінгі қиындықтардың бәрі де артта қалар деген үміт басым. Өнер адамдарының да мехнат шекпей, азап тартпай, тоқырауға ұшырамай, індетті жеңуді ғана мақсат тұтып отырған жайы бар.
Ендеше, актер мен көрерменді қауыштыратын төр – театр. Амандықпен жүздесейік!
Гүлзина БЕКТАС