Жеңіл өнеркәсіптің жағдайы мүшкіл

Жеңіл өнеркәсіптің жағдайы мүшкіл

Кейінгі 5 жылда жеңіл өнер­кәсіп саласында жұмыс істеп тұр­ған кәсіпорындардың 40%-дан астамы қызметін тоқтатты, олардың саны 25 мыңнан 13 мың­ға дейін қысқарды. Есте­ріңіз­де болса, кеңес заманында Қазақстанда бұл салада жұ­­мыс істейтін кәсіпорын­дар­дың қарасы 203 мыңға жеткен болатын.

Ішкі нарықты шетелдік тауарлар жаулап алған

Қазір отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдері ішкі нарықтың тек 10 %-ын ғана қамтамасыз етеді, ал 90%-ы импорттық тауардың еншісінде. 2015 жылы Жеңіл өнеркәсіп кәсіп­орын­дары қауымдастығы қазақстандық тауарларды ішкі нарықта алға жыл­жыту бойынша «Қазбренд» бағдар­ламасын әзірледі, өкініштісі сол ол әлі күнге дейін іске асырылған жоқ. Саладағы кәсіпорындарға өнім өндіруде ғана емес, сондай-ақ оны ішкі және сыртқы нарықтарда өт­кізуде де қолдау көрсетілмеді. Бүгін біздің нарығымызды Түр­кия­дан, Беларусьтен, Ресейден, Қы­тайдан келген тауарлар толтырып жіберген. Түркия үкіметі өз тауар­ларын алға жылжыту үшін дүкендерді жал­ға алуды және франчайзинг желі­сін құруды субсидиялайды, инвес­тиция­ларды және жабдыққа жұм­сала­тын шығыстарды өтейді, елде өндірілмейтін шикізатқа импорттық баждарды алып тастаған. Осыған ұқсас шараларды Ресей мен Беларусь ішінара қолданады. Мысалы, Беларусьте сауда же­лісінің сөрелік кеңістігінің кемінде 30%-ы отандық тауарларға беріледі. Ресейде осы үлесті 40%-ға дейін арттыру туралы ұсыныстар қаралып жатыр. Сонымен қатар Ресейде өнер­кәсіп тауарларының өзіндік өн­дірі­сі болған жағдайда компаниялар мен мемлекеттік корпорацияларға мемлекет мұқтажы үшін импорттық жеңіл өнеркәсіп тауарларын сатып алуға тыйым салынған. Ал Қазақстанда «А» сыныпты сауда орталықтарын жалға алу ақысының жоғары болуы (50 шаршы метр бутиктің құны айына шамамен 1,5-2 млн теңге) және 3 ай бұрын біржолғы жарна төлеуді міндеттеу салдарынан барлық сауда желі­лерін­де отандық тауарлардың сатылым деңгейі көп төмендеп кетті – бұл бұйым­дардың түпкілікті құнын 30-50%-ға арттырады. Соның салдары­нан тауарлар көрші елдердің осыған ұқсас тауарларымен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз болып қалды. Рret-a-porter de lux коллекциясын шығарушы Аида Қауменова қалып­тасқан жағдайды былай деп суреттеді: «Әлбетте, өзіміздің өнімдерімізді көп адам сатып алғанын қалаймыз. Бірақ біз арзан әрі үлкен көлемде сырттан тасымалданатын импорттық тауарлармен бәсекелесе алмаймыз. Ол үшін Үкіметтің қолдауымен отан­дық өнімнің өзіндік құны төменде­тілуі керек. Сондай-ақ жалға алып отырған бутик үшін ай сайын 1 мил­лион теңгеден астам ақы төлеймін. Оған жұмыскерлерімнің жалақысын, мемлекетке төлейтін салықты қо­сыңыз – мұның бәрі біз үшін үлкен қиындық туғызып отыр...» Сондай-ақ пандемия еліміздің қарапайым медициналық жеке қор­ғану құралдарының (ЖҚҚ) им­порты­на тәуелді екенін көрсетті. ЖҚҚ (қорғаныш бетперделер, бір рет пайдаланылатын комбинезондар, халат костюмдер) медициналық бұйымдарға жатқызылғандықтан, біздің өндірушілеріміз оларды Ресей мен Өзбекстандағыдай жергілікті тігін кәсіпорындарында жасап шы­ғара алмайды. Елімізде ЖҚҚ бойын­ша жеткілікті материалдық резервтер де жоқ. Мұндай резервтерді құру кәсіпорындар үшін кепілдендірілген тапсырыс көлемін де қамтамасыз етер еді. Мемлекет пен квазимем­ле­кеттік сектормен отандық тауарлар­ды ұзақмерзімді тұрақты сатып алу шарты болған жағдайда ғана өндіру­ші­лер өндірісті сақтап қалып қана қоймай, сондай-ақ оны жаңғырту мүм­кіндігіне де ие болар еді. Жаң­ғырту үшін кемінде 30% шығынды кейіннен өтей отырып, жабдықты лизингке сатып алу мүмкіндігі де қарастырылуы қажет. Жақын көрші­лерімізде мұндай шарт заңдас­тырылған. Оған қоса, тауар өндірушілер шикізатқа, материалдар мен жабдық­тарға кедендік баждарды төмендетуді сұрайды. Өйткені өнімнің өзіндік құнының 60%-ы импорттық шикі­затқа тиесілі. – Жеңіл өнеркәсіптің проблема­сы баяғыдан бері белгілі – елге келетін контрабандалық өнімдер үлесі­нің көптігі, экономикалық жағдайдың тең еместігі. Шекараның есігі ашық: декларацияланбаған, сертификацияланбаған, адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті импорттық тауарлар елмізге емін-еркін еніп жатыр. Сол себептен ішкі нарықта тауар шығару отандық өндірушілерді тиімсіз жағдайға қалдырады. Ал мұны ешкім бақылап, тыйып отырған жоқ, – деп қынжы­лыс білдірді «ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің пре­зиденті Любовь Худова.

Отандық өндірушілер импорттық өнімге тыйым салынса дейді

Қазақстандық кәсіпорындар ішкі нарықты былғары бұйым­дары­мен толықтай қамтамасыз етуге мүд­делі. Ол туралы Semey Tannery ЖШС директоры Руслан Бисенов мәлім етті. – Былтыр көп жылдан бері тоқтап тұрған Семей былғары-тері ком­бинатын қалпына келтіруге кіріс­тік. Комбинаттың мүлкі «Қазақ­станның инвестициялық қоры» АҚ меншігінде тұрған. Біз оны жалға алдық. Өндіріске қажетті жабдық­тарды жеткіздік. Тек қазандықтың өзін алуға 21 млн теңге кетті. Жұмыс­қа кіріспес бұрын, ең алдымен барлық механикалық тораптарды қалыпқа келтірдік, жабдықтарды іске қостық. Жалпы, комбинатты қайтадан қалыпқа келтіру үшін 260 млн теңге қаржы салдық,– деді ол. Қазір комбинат wet blue жарты­лай фабрикат пен дайын былғары өндіреді. Өндірістің аясын кеңейту үшін еліміздегі аяқкиім шығарушы фабрикалармен келісімшартқа отыр­ған. Бүгінде былғарының 14 түрін шығарады. Бастапқы кезде 40 тонна былғары мен жартылай фабрикат жасайтын кәсіпорын жарты жылда өндірістік қуатын айына 250 тоннаға дейін ұлғайтқан. Енді оның көлемін айына 350-500 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Өндіріске қажетті шикізатты Қазақстанның барлық аймағынан сатып алады. Кәсіпорын басшысының ай­туынша, зауыттан шығарылған был­ғарыдан жоғары сапалы аяқкиімдер тігуге болады, бірақ Қытайдан көп мөлшерде арзан аяқкиімдер, қол­ғаптар, сөмкелер және басқа да тауарлар тасымалданатындықтан, ол жергілікті өнімдердің сатылымына кері әсерін тигізеді. Сондықтан Қытайдан келетін дайын былғары өнімдерінің импортына тосқауыл қойылса деген тілегін айтты. Бұл отандық тігін цехтарының, аяқкиім фабрикаларының, былғары-тері жасаушы кәсіпорындардың дамуына серпін беретіні сөзсіз. Кәсіпкер Қазақстанда оған қажетті шикізат жеткілікті дейді. – Біз жеңіл өнеркәсіп саласының өкілдерімен кездестік, олар ішкі нарықты толықтай өздері жабуға қабілетті екенін айтты. Оның үстіне, бұл отандық шикізатқа да, өнімге де үлкен сұраныс тудырар еді. Әйтпесе, қазір кейбір кәсіпорындар қазақ­стан­дық мазмұнды сақтамайды, көп­шілігі шикізатты Ресей мен Қы­тайдан алдыруда. Кейбір кәсіп­орындар қазақстандық мазмұн сер­ти­фикатын өтірік жаздырып алады. Оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ,– деп тағы бір көкейтесті проблеманы жеткізді. Егер еліміздегі ірі Семей, Алма­ты, Шымкент, Арқалық былғары-тері зауыттары тек қазақстандық ши­кізатпен жұмыс істесе, ол был­ғары өңдеумен айналысатын шағын кәсіпорындардың жұмысын жандан­дырып қана қоймай, ауылдағы ағайынның мал терісін күресінге тас­тамай, соны өткізіп, кәдеге жара­туына қолдау болар еді. Бұл өз кезе­гінде мал басын көбейтуге де септігін тигізер еді.

Дәулет АСАУ