Ертеңнен бастап электр энергиясы 15 пайызға қымбаттайды
Ертеңнен бастап электр энергиясы 15 пайызға қымбаттайды
181
оқылды

Энергетика министрлігі электр қуатын өндірушілерге осындай шешім шығарды. Бұл туралы КТК хабарлады.

Сондықтан коммуналдық төлемақы да қымбаттайды. Мұны Табиғи монополияларды реттеу комитеті де растап отыр. Енді екі ортада электр тасымалдаушы компаниялар да тарифті өсіруге ұсыныс жасады. Олардың ұсынысы мақұлданса, қарапайым жұртпен бірге мектеп, балабақша, аурухана сынды мемлекеттік мекемелерге де үлкен салмақ түседі. Электр қуатын өндіруші компанияларда қызметкерлердің жалақысы аз. Көмір, жанармай сататын мекемелер алдында қарызы миллиардтап қордаланған. Қызметкерлердің де бір орында тұрақтамай жұмыстан кетуі жиілеген. Жағдай қиындаған соң елдегі энергия өндіруші 45 кәсіпорынның 37-сі шекті тарифті өзгерту туралы ұсыныс білдірген.

Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимов: «Қаражыра» көмірінің бағасы – 8,6%, «Богатырь» көмірінің бағасы 9,9% өсті. Оны тасымалдау шығыны 7 пайызға артты. Соның салдарынан энергия өндіруші ұйымдардың көмір сатушылар алдындағы берешегі де шамамен 2 миллиард теңгеге, ал газ кәсіпорындары алдында шамамен 4 миллиард теңгеге жетті»,– дейді.

Дәл осы коммуналдық тариф мәселесі 2018 жылы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қозғалған. Сол кезде Елбасының өзі араласып, жүгенсіз кеткен кәсіпорындарды тыю керегін айтқан. Сол жиыннан кейін шенеуніктер дереу тарифті ауыздықтауға кіріскен. Сөйтіп, Энергетика министрі 2025 жылға дейін электр қуатының шекті тарифі белгілі бір деңгейден аспау керек деген бұйрық шығарған. Бірақ министрлік сол бұйрығын өзі өзгертіп отыр. Министрлік электр қуатын өндірушілердің өтінішін орындап, шекті тарифті өсірді. Оған ортада электр тасымалдаушы компаниялар да қосылып, бұлар да өз тарапынан тарифті көтеруді ұсынып отыр.

Сайып келгенде шекті тарифтің көтерілгені қарапайым тұрғындарға әсер етеді. Оны табиғи монополияларды реттеу комитеті де мойындап отыр. Сондықтан коммуналдық төлемдер ішінде электр қуатының бағасы да өседі. Өйткені енді электр қуатын тасымалдаушы делдал компаниялардың ұсынысы қаралып жатыр.