Әрине, әке-шешең ажыраспай, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүргенге не жетсін! Болмаса, бұл күндері ата-анасының екінші отбасында, ата-әжесінің тәрбиесінде, балалар үйінде немесе туыстарының қамқорлығында өсіп жатқан бала аз ба? Балаларын өзі бағып отырған жалғызбасты ана да, әке де көп. Бұл заманның бір зауалы осы боп тұр. Бұл ретте ата-аналық жауапкершіліктен ешкім құтылмақ емес. Сот үкімімен алимент төлеуге міндетті. Өкінішке қарай, соның өзін де төлеуді міндетсініп қашып жүргендер баршылық.
Алимент – балалардың несібесі
Елімізде алимент өндіру мәселесі күннен-күнге жетілдіріліп келеді. Мәжбүрлі түрде түрлі шаралар қабылдануда. Сонда да сот үкімін орындағысы келмей, қашып жүргендер көп. Олармен айналысатын мекеменің бірі – Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы. Сот орындаушыларының айтуынша, жалпы алименттің заңмен белгіленген түрлері көп. Соның ішінде ең басым бөлігі – балаға төленетін алиментке қатысты. «Біздің мекеме жеке сот орындаушыларының қызметін үйлестіретін коммерциялық емес кәсіптік ұйым. Оның Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 облыс орталықтарында өңірлік палаталары бар. 2020 жылдың қорытындысы бойынша республикада жеке сот орындаушыларының өндірісінде 5 180 497 атқарушылық құжат болған болса, соның 261 037-сі алимент өндіруге қатысты. Бұл істерді сипатына қарай бөлер болсақ, кәмелет жасына толмаған балаларына 253 636, әйелі күйеуіне/күйеуі әйеліне 4 460, баласы ата-анасына 1 053, қамқоршылық органдарына 1 880, бауырлар бір-біріне 8 іс бойынша алимент төлеуі тиіс. Ең көп іс Қарағанды (25 903), Алматы (23 167) және Шығыс Қазақстан (22 256) облыстарына тиесілі. Ал алименттік дау-дамайы аз өңірлер СҚО (7 481), Атырау облысы (8 683) және БҚО (10 308)», – дейді Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының бас сарапшысы Ұлықбек Қорғанов. Бүгінде елімізде алимент өндіруге қатысты біраз ілгерілеушілік бар. Мәселен, қазір жұмыссыз жүрген борышкер де алимент төлеу міндетінен босатылмайды. Мұнда жұмыс істеп, айлық алып отырған адаммен айырмашылық алимент сомасында ғана. Ол республикадағы орташа жалақы есебінен шығарылады. Қазір ол 204 330 теңге. Осыған сәйкес, жұмыссыз борышкер бір балаға 51 082,5 теңге төлеуі тиіс. Ол оны кез келген табысынан төлеуге міндетті. Стипендия алатын болса да, үйін жалға беріп немесе келісімді қолма-қол ақшаға жасаған жұмысынан тапқан табысынан болса да төлеуі керек. «Жалпы, атқарушылық істердің, соның ішінде алименттік өндірістердің орындалуын жақсарту мақсатында Әділет министрлігі мен республикалық палата барша облыс әкімдіктерімен тиісті меморандум жасады. Оның аясында мүдделі мемлекеттік органдармен бірге іске асырылатын бірлескен іс-шара жоспары бекітілді. Жоспар бойынша алиментті төлемей жүрген жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында жұмыспен қамту орталықтарымен бірге жыл сайын бірнеше рет «Жұмыс орындары жәрмеңкесін» ұйымдастырып отырамыз. Алайда 2020-2021 жылдары індетке байланысты бұл шара өткізілген жоқ», – дейді өңірлік палатасының басшысы Ерлан Пернешұлы.Төленбеген борыш – 7 млрд теңге
Алиментті өндіріп алуда проблема жоқ емес. Соның негізгісі – борышкерлердің тұрақты тіркелген немесе нақты тұратын мекенжайының болмауы, жұмыссыз болғандықтан табысының жоқ болуы және алиментті өндіріп алатын мүліктерінің жоқ екені. Ал алимент төлемей қашып жүрудегі басты себеп – бұрынғы ерлі-зайыптылардың арасындағы кикілжің. Яғни, алимент алушы «оны балаларға емес, өзіне жұмсайды» деген ой. Бүгінде мүлдем төлемей қашып жүрген проблемалық алименттің саны – 16 102 іс. Мұндағы жалпы сома 7 051 179 461 теңгені құрайды. «Біздің араласуымызбен алимент борышын өтеп жатқандар көп. Оларды қарызын өтеп болған соң сот үкімінде басқаша көрсетілмесе, өндірістен шығарып тастаймыз. Әрі қарай өздері ай сайын төлеп тұруы керек. Бірақ қарызы үш айдан асса, біздің қайта араласуымызға тура келеді. Мәселен, алимент төлемдерін жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда жеке сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады. Айталық, борышкерге ел аумағынан тыс кетуге уақытша шектеу қояды, борышкердің мүлкін өндіріп алу шарасын қолданады деген секілді. Егер бір айдың ішінде сот орындаушысы алимент өндіруге тиісті ешқандай шаралар жасамаса, оны лицензиясынан айыру мәселесі қаралады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы Ерлан Онтаев. Сот орындаушыларының заңмен көзделген алиментті өндіру тетіктері әртүрлі. Соның бірінде, мәселен Ақтөбе облысының тұрғынына нотариус қызмет көрсетуден бас тартқан. Ер адам алимент бойынша борышкер болғандықтан, жеке сот орындаушысы оған нотариустың көмегіне жүгінуге тыйым салған. 2017 жылдан бері жиналып қалған қарызы 470 000 теңгені құраған, ер адамның алимент төлеуден басқа амалы қалмапты. Тағы бір мысал, 2017 жылы Павлодар облысының бір тұрғыны өз балаларын балалар үйіне тапсырған екен. Бірақ сот үкімінде көрсетілгендей ай сайын алимент төлемеген. Нәтижесінде, төрт жыл ішінде 3 миллион теңгеден астам қарыз жиналған. Атқарушылық іс жүргізу барысында жеке сот орындаушысы әйелдің Екібастұзда екі бөлмелі пәтері бар екенін анықтап, сотқа жылжымайтын мүлікті өндіріп алу туралы ұсыныс жолдайды. Салдарынан әйел пәтерді өз бетінше сатып, қарызын өтеген. Жалпы, тізе берсе мұндай мысалдар жетіп-артылады. Ресейден келіп, сот орындаушыларға ұсталып қалған борышкерлер де бар екен. Шығыс Қазақстан облысында ер адам 2016 жылдан бері баласына 1 064 695 теңге алимент қарыз болған. 2018 жылы ол Қазақстаннан Ресейге көшіп кетіпті. 2019 жылы атқарушылық құжат келіп түскен соң, жеке сот орындаушысы борышкердің елден шығуына тыйым салатын қаулы шығарған. Бірақ одан хабары жоқ әлгі ер адам биыл наурыз айының басында Қазақстанға қонаққа келіп, кері қайтарда әуежайда ұсталып қалады. Осылайша, оның кері қайту үшін қарызын толығымен өтеуден басқа амалы қалмады.Ақша ата-ана мейірімін алмастыра алмайды
Әрине, ақша әке берген тәрбиені, ана берген мейірімді бере алмайды. Ол тек тұтыну қажеттіліктерді өтеуге керек. Бірақ ерлі-зайыптылардың тату-тәтті өмір сүре алмағаны, бала үшін ең ауыр психологиялық соққы. «Елімізде ажырасудың, алимент алушылардың, ата-ана құқығынан айырудың көбеюі – отбасы институтының ауыр дағдарысқа ұшырауының белгісі. Отбасы – ертеңгі халыққа, елге қызмет ететін кадрларды әзірлейтін негізгі институт. Ата-анасы тірі бола тұра балалардың жетім өскендері, бала кезінде ата-анасының мейірімі мен махаббатын көрмеуі олардың да ертең қатыгез болып өсуіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Бізді қынжылтатыны осы», – дейді Ұлықбек Нұритдинұлы. Ендеше, алимент дегеніміз – отбасы институтындағы дағдарыстың индикаторы. Проблемалы алиментке қатысты істердің жылдан-жылға азаймай тұрғаны, бұл проблеманың өзектілігін аңғартады. Ал оның түпкі себебін отбасы құндылықтардан, жастар тәрбиесінен, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасынан іздеу керек. «Ажырасудың ең бірінші себебі – ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасының дұрыс болмауы. Нақтырақ айтқанда, дұрыс реттей алмауы. Мәселен, отбасындағы жанжалдың 70% алкогольдік ішімдік ішу кезінде орын алады. Оның аяғы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа апарып жатады. Әйелдер көп зардап шегеді. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты – психологиялық, жыныстық, экономикалық және физикалық деп төрт түрге бөлеміз. Осылардың ішінде алимент экономикалық түріне жатады. Оның басты себебі борышкерлерде адамгершілік қасиеттің, отбасылық құндылық, әкелік-аналық жауапкершіліктің жоқтығы. Соның ішінде ер-азаматтардың саны басым боп келеді», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Гүлмира Шрахметова. Алимент проблемасының отбасы құндылықтары тұрғысынан алғанда ұлт проблемасымен ұштасып кететіні екібастан. Оны шешу үшін кешенді шара қабылдау керек. Өйткені алимент төлету ол тек материалдық қамтудың амалы. Онда да жазалау риторикасына құрылған шара. Сондықтан да Қазақстанға моральдық парадигмаға негізделген жаңа отбасылық саясат қажет-ақ!Нұрлан ОРАЗҒАЛИ