Діни экстремизмнің алдын алу – маңызды міндет
Діни экстремизмнің алдын алу – маңызды міндет
412
оқылды

Еліміздегі терроризм мен экстремизм ахуалы жал­пы жұртқа аян. Қазір бұл тақырып аясында хал­қымыздың көп бөлігі қажетті ақпараттармен қамтылып отыр. Дегенмен шалыс бас­қан­дар түбегейлі азайды дей алмаймыз. Діндердің негізгі догмасынан ауытқуға себеп көп. Діни фанатизмнен бастап экстремистік ұйым­дардың астарлы сая­са­тының ықпалы артуы да көп күрмеудің басын шы­ғарып тұр.

Терроризмнің жаһандық индексі (Global Terrorism Index) белгілі бір елдің ішіндегі террористік белсенділік деңгейін төрт негізгі көрсеткіш бойынша өлшейді. Олар: терро­ристік инциденттер саны, қаза болған­дар саны, зардап шеккендер саны және мате­риалдық шығын деңгейі. 2019 жылы зерттеу 138 мемлекетті қамтыпты. Оның ішін­де 1-орында Ауғанстан (9,60) тұр. Ал Қазақстан (1,57) 85-орынды иеленіп отыр. Бұл дегеніміз елімізде террористік және экстремистік ұйымдардың белсенділігі айтарлықтай төмен тәрізді әсер береді. Дегенмен терроризм қаупін жіті бағаламай, оны жоққа шығаруға тағы бол­мас. Терроризмді асыра сілтеп, қоғамда резонанс тудыртпаған жөн. Себебі кез келген теракт ең алдымен ақпараттың тез тара­луы­мен өрши түсетіні белгілі. Бұған қатысты Президент Қасым-Жомарт  Тоқаев: «Ислам­ның гуманистік бастау­ларын жоққа шығаратын, бей­біт­шілік, діни төзімділік дәстүр­лерінен бас тартатын күштер жиі ал­дыңғы кезекке шығады. Тер­роризм мен экстремизм жо­лын­да жүрген, жиһадизм идея­ларын насихаттайтын ради­кал­ды топ­тар елеулі саяси күшке айналды. Олар мұсылмандардың бұрын­нан бері диалогке мүдделі адам­дармен ашық бол­ғанын және ешкімге зиян келтірмей­тінін ұмытады. Олар ислам әлемін оқшаулау және артта қалу жо­лына итермелейді» деген бо­латын. Қазақстандағы терроризм мен экстре­мизм­нің ерекшелік­теріне келгенде әуелі террористік әрекеттерге баратын қылмыс­кер­лердің негізгі бөлігі жұмыс­сыздар екені мәлім болған. Жас ерекшелігіне байланысты олар­дың басым бөлігін жастар құрап отыр. Яғни, 14-29 жас аралығын­дағы тұлғалар. Жастар ақпарат­тарды жылдам қабылдап, барлы­ғына тез иілгіш боларына бұл да бір дәлел сынды. Осы ретте тер­ро­риз­мге қарсы орталықтың ресми статистикалық мәлімет­теріне сүйенетін болсақ, елімізде терроризм және діни экстре­мизм­мен байланысты қылмыс­тары үшін 2019-2020 жылдың орта ширегі аралығында 140 адам сотталған екен. Террористік әрекеттер бел­сен­ді жүр­гізіліп жатқан аймақ­тарға кеткен азамат­тарымызды қайтару үшін «Жусан» операция­сы іске асатынын білеміз. Осы арқылы жат ағымға ерген біраз отандасымызды аман-есен елге қайтарып алудың мүмкіндігі туды. Биыл 4 ақпан күні Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті мен Сыртқы істер министрлігі бірле­сіп, Сириядан 12 азаматты эвакуа­циялады. Ал 2019 жылы  Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің үйлес­тіруімен Сириядан 595 Қазақ­стан азаматы қайтарылған.

Мадияр ТӨЛЕУ