Еліміздегі терроризм мен экстремизм ахуалы жалпы жұртқа аян. Қазір бұл тақырып аясында халқымыздың көп бөлігі қажетті ақпараттармен қамтылып отыр. Дегенмен шалыс басқандар түбегейлі азайды дей алмаймыз. Діндердің негізгі догмасынан ауытқуға себеп көп. Діни фанатизмнен бастап экстремистік ұйымдардың астарлы саясатының ықпалы артуы да көп күрмеудің басын шығарып тұр.
Терроризмнің жаһандық индексі (Global Terrorism Index) белгілі бір елдің ішіндегі террористік белсенділік деңгейін төрт негізгі көрсеткіш бойынша өлшейді. Олар: террористік инциденттер саны, қаза болғандар саны, зардап шеккендер саны және материалдық шығын деңгейі. 2019 жылы зерттеу 138 мемлекетті қамтыпты. Оның ішінде 1-орында Ауғанстан (9,60) тұр. Ал Қазақстан (1,57) 85-орынды иеленіп отыр. Бұл дегеніміз елімізде террористік және экстремистік ұйымдардың белсенділігі айтарлықтай төмен тәрізді әсер береді. Дегенмен терроризм қаупін жіті бағаламай, оны жоққа шығаруға тағы болмас. Терроризмді асыра сілтеп, қоғамда резонанс тудыртпаған жөн. Себебі кез келген теракт ең алдымен ақпараттың тез таралуымен өрши түсетіні белгілі. Бұған қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Исламның гуманистік бастауларын жоққа шығаратын, бейбітшілік, діни төзімділік дәстүрлерінен бас тартатын күштер жиі алдыңғы кезекке шығады. Терроризм мен экстремизм жолында жүрген, жиһадизм идеяларын насихаттайтын радикалды топтар елеулі саяси күшке айналды. Олар мұсылмандардың бұрыннан бері диалогке мүдделі адамдармен ашық болғанын және ешкімге зиян келтірмейтінін ұмытады. Олар ислам әлемін оқшаулау және артта қалу жолына итермелейді» деген болатын. Қазақстандағы терроризм мен экстремизмнің ерекшеліктеріне келгенде әуелі террористік әрекеттерге баратын қылмыскерлердің негізгі бөлігі жұмыссыздар екені мәлім болған. Жас ерекшелігіне байланысты олардың басым бөлігін жастар құрап отыр. Яғни, 14-29 жас аралығындағы тұлғалар. Жастар ақпараттарды жылдам қабылдап, барлығына тез иілгіш боларына бұл да бір дәлел сынды. Осы ретте терроризмге қарсы орталықтың ресми статистикалық мәліметтеріне сүйенетін болсақ, елімізде терроризм және діни экстремизммен байланысты қылмыстары үшін 2019-2020 жылдың орта ширегі аралығында 140 адам сотталған екен. Террористік әрекеттер белсенді жүргізіліп жатқан аймақтарға кеткен азаматтарымызды қайтару үшін «Жусан» операциясы іске асатынын білеміз. Осы арқылы жат ағымға ерген біраз отандасымызды аман-есен елге қайтарып алудың мүмкіндігі туды. Биыл 4 ақпан күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Сыртқы істер министрлігі бірлесіп, Сириядан 12 азаматты эвакуациялады. Ал 2019 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үйлестіруімен Сириядан 595 Қазақстан азаматы қайтарылған.Мадияр ТӨЛЕУ