Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова оқу жылының IV тоқсанында жүктемесі екі есе артқалы отырған мұғалімдердің еңбекақысы туралы депутаттық сауал жолдады,– деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, IV тоқсанда төмен және орташа тәуекел аймақтарындағы бала саны 300-ден 3000-ға дейінгі оқушыны қамтитын қала және ауыл мектептері аралас форматта оқытуды жоспарлауда. Аталған мәселе халық тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарына ғана емес, елордаға жақын орналасқан орта мектептерге де қатысы бар. Осы ретте, бас санитар дәрігердің сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай, аралас форматта оқыту және «1 сынып-1 кабинет» қағидатын сақтау қаулысын орындау мүлдем мүмкін емес екенін айтқымыз келеді»,– деді депутат.Оның айтуынша, көпшілік орта білім мекемелерінде оқушы саны 35-тен асатын сыныптар бар. Бұл шара осындай сыныптарды екіге бөлуге, сәйкесінше мұғалім жүктемесін екі есе арттыруға алып келеді. Мәжіліс өкілі оқу жылының соңында мұғалімнің жоспарланбаған мұндай жүктемесіне жалақы қандай қаражаттан төленетінін сұрады.
«Мектептерге бұл орайда қосымша қаражат бөліне ме? Егер бөлінбесе, мұғалімнің еңбегі, маңдай тер ақысы қайдан төленбек? Егер сыныпта оқушы санын 25-тен көбейтуге шешім қабылданса, онда мектеп директорлары өз қалтасынан айыппұл төлеуге мәжбүр. Пандемия кезінде мектеп директорларына айыппұл төлету қаншалықты қисынды?»,– деді Жұлдыз Сүлейменова.Сауалының соңында мәжілісмен жергілікті атқарушы билік органдары бас санитар дәрігерлермен бірлесіп, оффлайн негізде сыныпқа келетін 25 оқушының нақты критерийлерін анықтап, аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты дәстүрлі форматта білім беруге көшуге икемді шешім қабылдауы керек деген ұсыныс айтты.