Елордадағы филармонияның бұрынғы директоры қылмыстық топ құрып, ірі көлемде қаржы жымқырғаны бойынша іс былтырдан бері тергелді. Бүгінде филармонияның директоры Әбдірахманов пен 8 бухгалтер мемлекеттің бюджетінен 1,6 миллиард теңге жымқырғаны дәлелденіп, сот үкімі шықты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан сотының баспасөз қызметі хабарлады.
-
Филармонияның бас директоры Әбдірахманов 2012 жылы кассадағы қаражаттан өз қажеттілігіне 2 миллион 200 мың теңгені жұмсап жіберген.
-
Бас есепші Әбдікерімова бухгалтерия қызметкерлерімен келісіп, олардың туыстары мен достарының карталарына жалақы аудару арқылы 1,11 млрд. теңге жымқырған.
-
Әбдікерімова бухгалтер Мамиреевпен бірігіп, 2014-2015 және 2018-2019 жылдар аралығында кассаға түскен қаржыны тіркемей, 146 млн. теңге жымқырған.
-
Оған қоса, Әбдікерімова мен оның ағайын-туысы, жора-жолдастарының шет елге демалуына бюджеттен 47 миллион теңге жұмсаған.
-
2015 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта бас есепші директор Әбдірахмановпен бірге мәдени шаралар мен фестивальдарға бөлінген 9,4 млн. теңгені жұмсап жіберген. Міне, осының бәрін есепке алғанда, олар бюджет қаржысынан 1,6 миллиард теңгені жұмсаған.
Іс бойынша айыпталғандар:
Филармонияның бұрынғы бас директоры Сәкен Әбдірахманов; Бұрынғы бас есепші Н.Б.Әбдікерімова; Бұрынғы есепші Ж.К.Паединов; Бұрынғы экономистер – Г.С.Карина, А.И.Жұманалы, Л.Е.Жаналинова; Бұрынғы бас есепшінің орынбасары Д.А Ерғалиева және басқа адамдар.