Электр энергиясының құны өсті: себеп пен салдар
Электр энергиясының құны өсті: себеп пен салдар
506
оқылды

Қазақстанда сәуірден бастап элек­­тр энергиясының құны 15%-ға өсті. Энергетика министрлігінің мә­лім­деуінше, тарифті қымбаттату жылу-электр стансаларына жаңғыр­ту жүргізу мұқтаждығынан туындапты. Сол себепті елдегі энергия өн­діруші 45 кәсіпорынның 37-сінің тарифіне өзгерістер енгізілді.

Тариф неге қымбаттады?

«Шекті тарифті 36%-ға өсіру туралы өтініштер жарты жылдан бері талқыланып келеді, соны жан-жақты сараптай келе бол­жамды баға екі еседен астам төмен­де­тілді. Біз әр кәсіпорын бойынша мәселені жеке-жеке қарастырдық», – деді Энер­гетика вице-министрі Қайрат Рахимов. Вице-министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанның энергетикалық көздерінің басым көпшілігі 60-70-жылдары пай­да­лануға берілген. 2020 жылдың қортындысы бойынша еліміздің энергетикалық актив­терінің тозуы 53%-ды құрайды. Сәй­кесінше, генерация секторындағы негізгі шығындар олардың жұмыс қабілетін қа­лыпты жағдайда ұстап тұруға бағытталған. Осыдан барып көпшілік стансалардың шығысы кірісінен де асып кеткен. Мұндай жағ­дайда қаржының тапшылығына бай­ланысты электр стансаларында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасы алаңдаушылық туғызады. Компания­лардың жөндеуге бөлген ақшасы қажетті мөлшерді қамтамасыз ете алмайды. Осының салдарынан түрлі себеп бо­йынша бірқатар станса ылғи жөндеу процесінде болып, шамамен 2 мың МВт электр энергиясы өндірілмей келеді. Ол үш облыс – Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары тұтынатын көлем­мен пара-пар. – Қаржының жетіспеушілігінен апатты жағдайлар мен технологиялық өшу жиіледі. 2020 жылы Қазақстанның бірыңғай электр энергиясы жүйесінде 4 458 технологиялық өшу болды. Ол 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда 11%-ға ұлғайды. Әрбір ірі техно­логия­лық өшулер еліміздің тұтас энерге­тикалық жүйесін апатқа ұрындыру қаупін туғызады. Электр стансаларының тариф­теріне дер кезінде түзету енгізу оларды толық әрі сапалы жөндеу мен жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл апатты жағдайлардың алдын алады,– дейді Қайрат Рахимов. Сонымен бірге бұл шара энергия өн­діруші кәсіпорындардың жұмыс орын­дарын сақтап қалумен бірге қызметкер­лердің жалақысын өсіруге де септігін тигізеді екен. Қазіргі күні бұл салада 23 мың адам еңбекпен қамтылған. Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы еліміздің электр стансаларында 26 мың адам жұмыс істеген, одан кейінгі үш жылда олардың саны 3 мыңға қысқарды. Соған қарамастан өнім өндірісі 15 пайызға артты. Алдағы күндері энергия өндіруші компаниялардың басқару жүйесінде персоналдың біліктілігін арттыруға және біліктілік деңгейін төмендетпеуге басым­дылық беріледі. Ол үшін бірқатар үздік бағдарламаны енгізу және жалақыны көтеру қажет. Сондай-ақ электр энергиясы тариф­терінің өсуіне көмір бағасының қымбат­тауы да тікелей әсер етті. 2020 жылы «Қара­жыра» көмірінің құны – 8,6 пайызға, «Богатырь» көмірінің құны 9,9 пайызға артқан. Ал тасымалдау бағасы 7 пайызға көтерілген. Осының салдарынан электр өндіруші ұйымдардың көмір кеніштеріне жалпы қарызы 2 миллиард теңгеге, газ кәсіпорындарына қарызы 4 миллиард теңгеге жеткен.

Тарифті өсірмесе, ол неге ұрындырады?

Кейінгі жылдары, әсіресе індеттің әсерінен қайсы салада болсын қымбат­шылық­тың белең алып тұрғанын көз көріп жүр. Қымбатшылық тұтастай ел эко­номика­сына кері әсерін тигізді. Энергия өндіруші компаниялар отынның, тасымал­дау қызметінің және жаңартылатын энергия көздері бағасының өсуіне бай­ланысты көп шығынға батты. Соған қарамастан соңғы үш жыл ішінде электр энергиясының тарифі тек 2019 жылдың қазан айында 8 пайызға көтерілген екен. Бірақ ол электр өндірушілердің жабдық­тарын жылу беру маусымына даярлау сапасын арттыруға, тозған мүліктерді жаңартуына өздері күткендей септігін тигізе қоймады. Бұл электр стансаларының негізгі жабдықтарының техникалық жағдайының жақсаруына айтарлықтай әсер етпеді. Яғни, оның нәтижесі мар­дымсыз болды. Егер біз жыл сайын электр жабдық­тарын жаңартуға, жетілдіруге және жөн­деуге қаржы бөліп отырмасақ және энергетиктердің тапқан табысы тек қызмет шығындарын жабуға жұмсалса, онда күндердің күнінде электр энергетикасы саласының бар мүлкі істен шығады. Ал жабдықтарды жаңалау үшін тарифті көтеру қажет. Онда бәріміз жарықсыз, интернетсіз, жылусыз қаламыз. Бұл деген нағыз апат емес пе?! Мемлекет мұндай жағдайға жол бермеу үшін электр энергетикасы саласына инвестиция құюды, сала қызметкерлерінің жалақысын көтеруді алдын ала ойластырып отыруы тиіс,–дейді көп жылдар «Орталық Азия Электр энергетикалық корпора­циясы» АҚ бас директорының бірінші орынбасары болған Дүйсенбай Тұрғанов. Әлбетте, ешқандай техника мен мүлік мәңгілік емес, оларды дер кезінде жөндеп, жамап-жасқап, жаңартып отыру қажет. Тағы бір назар аударарлығы, Үкімет ел эко­номикасын 2020 жылға дейін дамытудың кешенді  бағдарламасын қабылдады, бұл тізімге электр энергетикасы саласы енбеген. Егер аталған салаға жеңілдікпен несие беру, салықтық жеңілдіктер жасау қарастырылмаса, егер саланы дамытудың жалғыз жолы тариф көтеру болса, онда амал қайсы?!

Тұтынушы тағы қыспаққа түсе ме?

Тарифтің көтерілуі қара халықтың қалтасына салмақ түсіреді. Мұндай жағдайда мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтар үшін түрлі жеңілдік пен көмек қарастырылуы тиіс. Өйткені электр энергиясы тарифінің қымбаттауы басқа коммуналдық қызметтер мен өндірістік тауарлар құнының артуына итермелеуі әбден мүмкін. Себебі өндірушілер өнімінің өзіндік құнындағы электр энергиясының үлесі өте жоғары. Ал еңбекшілердің көпшілігінің жалақысы бұрынғы күйінде қалып қойған. Бұл жерде індеттің кесірінен жұмысынан айырылған жұрт туралы бірдеңе айтудың өзі сөлекет. Ол қарапайым халықтың табысының төмендеуіне ұрындырады. Мұның бәрі айналып келгенде кезекті инфляцияға жол ашады. Бұл қарапайым халық үшін тағы бір қосымша соққы болмақ.

Қазақстанның энергетикалық қуаты

Еліміздегі энергетикалық стансалардың жиынтық қуаты 20 мың МВт-ты құрайды. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі толық қуатында жұмыс істемейді. Мәселен, жылу электр стансалары – 87,7% , конденсатты электр стансалары – 48,9%, жылу электр орталықтары – 36,6%, газ-турбиналық стансалар –2,3 %, гидроэлектростансалар 12,3% күшінде өнім өндіреді. Электр энергиясының 70%-ы көмір­ден, 14,6 %-ы гидроресурстардан, 10,6 %-ы газ және 4,9%-ы мұнайдан алына­ды. Мұның ішінде жаңғыртылатын ресурс көздерінің үлесі бар-жоғы – 0,2%. Сөйте тұра, министрдің айтуынша, мемлекет кейінгі жылдары «жасыл» энер­гетиканың үлесін арттыруға ынта танытып отыр. Мәселен, 2021 жылы дәстүрлі стансаларға жел көздерінен өндірілетін энергияны сатып алуды 68%-ға арттыру міндеттелді. Оған күн энергетикасы мен биоэлектр стансаларды қосыңыз. Жалпы, 2020 жылы жаңғыртылатын энергияны өндіруге бөлінген қаржы оның алдындағы жылмен салыстырғанда 49%-ға өскен.

Дәулет АСАУ