ҚазҰУ ғалымдарының инновациялық жаңалығы
ҚазҰУ ғалымдарының инновациялық жаңалығы
211
оқылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары, оқытушылары мен инженерлері орта-арнайы білім беру мекемелеріндегі физика курстарында электр құбылыстарын және магнетизмді зерттеуге арналған инновациялық аппараттық-бағдарламалық кешеннің шағын сериялы өндірісін әзірлеп, қолданысқа енгізді. Университет жанындағы Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты даярлаған аталмыш кешен – елімізде бұрын-соңды шығарылмаған инновациялық жаңалық.

«Бұл отандық инновациялық өнімнің өзге өндірушілерден артықшылығы, біріншіден, көпфункциялы, бір мезгілде 20-дан астам зертханалық жұмыстарды атқара алады. Екіншіден, шағын әрі ыңғайлы, оны кез келген кабинетте қолдана беруге болады. Сондай-ақ заман талабына сай бірқатар баламалы өлшеу құрылғылары цифрлық нұсқаға ауыстырылған», – дейді жобаның Бас инженері – физика-математика ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, доцент Мерлан Досболаев.  width= Аппараттық-бағдарламалық инновациялық кешен электр тоғының кернеуін өлшеу, күшін өлшеу, тоқ күшінің кернеуге тәуелділігін анықтау, тоқ өткізгіштегі кедергіні өлшеу, өткізгіштерді параллель және тізбектей жалғау, диодты тізбекке қосу, ауыспалы кедергіні анықтау сияқты зертханалық жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді. Оның көлемі шағын, небәрі – 40х30х15см. Кешен сырттан электр күшін алмай-ақ дербес жұмыс істеуге қабілетті, аккумуляторлық батареямен жабдықталған. Толық зарядталған батарея кемінде 15 сабақ өткізуге жеткілікті. Зертханалық кешеннің базалық және кеңейтілген екі нұсқасы әзірленді. Кеңейтілген нұсқа базалық нұсқаның барлық қызметтерін қамтиды және бірқатар бірегей жұмыстарды атқарады. «Аппараттық-бағдарламалық кешен Линукс базасындағы операциялық жүйе орнатылған жалқыплаталық 7 дюймдік мониторлы компьютердің жұмысын толықтай атқарады. Сондай-ақ пайдаланушы интерфейсімен сәйкестендіріліп арнайы әзірленген бағдарламамен қамтамасыз етілген. Компьютер 12 биттік аналогты-сандық түрлендіргішке қосылған. Ол тоқтың күші 0-5А шегінде, кернеуі -20 - +20В мөлшеріндегі өлшемге мүмкіндік береді. Нақты уақыт режиміндегі бағдарламалық қамтамасыз ету – тоқтың кернеуі мен күшіне, жылдам және орташа қуаттылығына, вольт-амперлік сипаттамасына (ВАС) қарамастан есептеп, мониторға шығаруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, дербес компьютердегі деректермен алмасу, ішкі немесе сыртқы жинақтағыштан алынған нәтижелерді жазып алу мүмкіндігі бар», – дейді жобаның коммерциялық маманы Асқар Жүнісбеков. Инновациялық жобаны жүзеге асыру үшін Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары үш жыл бойы тер төкті. Асқар Жүнісбековтің айтуынша, инновациялық аппараттық-бағдарламалық кешен әлі сериялы өндіріске шығарылған жоқ. Алғашқы пилоттық үлгідегі бірнеше инновациялық құрал мектеп оқушыларына көрнекі құрал ретінде орта, арнайы білім беру мекемелеріне берілді. Алдағы уақытта сериялы өндіріске шығарып, шамамен жылына мың данасын тұтынушыларға ұсыну жоспарда бар. Жоба жетекшісі – әлемдік ғылыми қауымдастықта танымал ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тілекқабыл Рамазанов. Жалпы жобаның жұмысына ғылыми-зерттеу институтының жеті маманы қатысты: бас инженер (конструктор) – физика-математика ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, доцент Мерлан Досболаев, коммерцияландыру жөніндегі маман ­– Асқар Жүнісбеков, жетекші конструктор – Ерасыл Ерланұлы, конструктор – Асан Әбдірахманов, инженер-технолог – Елнұр Елеубаев, инженер – Мақсат Ораз. Олар – ел ғылымының дамуына үлес қосуды мақсат етіп, ойларын іс жүзінде табысты жүзеге асырып келе жатқан инновациялық ғылыми жаңалықтардың авторы, өнертапқыш-физиктер.