ЦОЙ қызметінен кете ме?
ЦОЙ қызметінен кете ме?
5,182
оқылды

Кеше өткен еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңесте Президент Денсаулық сақтау министрінің ісін сынға алып,  сәуір айында жағдай тұрақтамаса, кадрлық өзгеріс болатынын ашық айтты. «Коронавирусқа қатысты ахуал сәуірде өзгере ме?», «Денсаулық сақтау министрі қызметінен кетуі мүкін бе?» деген сауалға мамандар пікірін білдірді. 

[caption id="attachment_125010" align="alignnone" width="816"]Цой ©Литер[/caption]

Цой халықты вакцинациялау жұмысын дұрыс жүргізбеді

 – Елімізде қалыптасқан жағдайға қарасақ, Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы күресте өз тәжірибесінен де, әлем тәжірибесінен де сабақ алмағаны көрінеді. Ал әлемдік тәжірибе – айқын. Израиль, Ұлыбритания, Словакия, Словения, Сербия және басқа да бірқатар елде халықтың 90 пайызына дейін вакцина егілді. Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, 101 мыңнан аса адам вакцинацияланды. Бұл – 0,7 пайыз, яғни халықтың бір пайызынан азы. Вакцинация екі ай бұрын басталды. Мұндай қарқынмен вакцинацияға шамамен 15 жыл кетеді. Оның өзі халықтың тек 70 пайызын қамтиды. Жалпы, бұрынғы министр Біртанов пандемиямен күрестің басталуын сәтсіз аяқтаса, бүгінде министр Цой халықты вакцинациялау жұмыстарын «сәтсіз» жалғастырып жатыр. Қазіргі денсаулық сақтау министрінің күнделікті ақпараты мәселені өзгертпейді. Халық вакцинаны қашан, қайда және қалай салдыратынын да білмейді. Денсаулық сақтау министрлігіне шұғыл түрде тиісті шаралар қабылдау қажет екені анық. Әйтпесе, өткен жаздағы жағдайдың қайталану қаупі бар, – деді мәжіліс депутат Ирина Унжакова. [caption id="attachment_125012" align="alignnone" width="2817"]Цой ©soros.kz[/caption]

Бір айда жағдай түзеліп, жұрттың бәрі вакцинацияланбайды

 – Әрине, кешегіден кейін Президенттің айтқанын министр орындауға тырысады. Бірақ ол кезге дейін күн жылынып, көктем келіп, ауру ушықпауы да мүмкін. Алайда, былтырмен салыстырсақ, жағдайымыз жаз кезінде қиын болған. Солай да болуы ықтимал. Өйткені, Алматы қаласының әкімі вирустың өзге штамдары пайда болғанын айтып отыр. Оған халық дайын емес. Бұл жерде бір ғана шығар жол – вакцинация. Ол жағынан келгенде ел арасындағы көзқарас екіге бөлініп жатыр. Бірі – вакцина салдыру керек десе, екіншісі – қажет санамайды. Одан бұрын «вакцинаның біздің елге жеткізілуі мен сақталуы қалай? Оның пайдасы бар ма, денсаулыққа кесірі болмай ма?» деген сұрақтардың толыққанды жауабы жоқ. Бізде әу бастан ақпараттандыру жұмысы дұрыс ұйымдастырылмады. Сондықтан бір айда жағдай түзеліп, бәрі вакциналаудан өтеді деу қиын. Оған әлі 2-3 айдай уақыт керек. Онда да бір ғана министрдің өзі ештеңе істей алмады. Әкімдік те, билік орындары да жұмыс істеу керек. Сонда жағдай оңалар. Дұрыс  ұйымдастырылмаса, нәтижесі де болмайды, – дейді  қоғамдық мониторинг маманы, экономист Жанат Нұрғалиев. [caption id="attachment_125013" align="alignnone" width="1200"]Цой ©zakon.kz[/caption]

Былтырғы жағдай қайталануы мүмкін

 – Еуропада ең бірінші вакцинацияны қарттардан бастады. Одан кейін дәрігерлерге салынды. Бізде керісінше, вакцина ең алдымен дәрігерлер мен мұғалімдерге салынды. Ал қарттарымыз ол тізімде жоқ. Алайда бізде қарт адамдар көп. Оларға вакцина қашан салынатыны белгісіз. Оның үстіне, бүгінгі көрсеткіштер де мәз емес. Президенттің айтуынша, жоспардан екі айға кешіктік. Қазірдің өзінде адамдардың сырқаттануы күн санап өсуде. Оларға вакцина салынбаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Сонда былтырғы жағдай қайталануы ықтимал. Ал денсаулық министрінің қызметінен кетуі – әншейін сөз, – дейді саясаткер Тоғжан Қожалиева.