Аяжан Еділованың денесін туыстары жер қойнына тапсыра алмай отыр
Аяжан Еділованың денесін туыстары жер қойнына тапсыра алмай отыр
126
оқылды

Аяусыз өлтірілген Аяжан Еділованың денесін жақындары әлі жер қойнына тапсыра алмай отыр. Мұны марқұмның туыстары айтты. Олар қоғамда тараған қауесеттер күдіктінің жазасын жеңілдету мақсатында жасалып жатыр деп топшылайды, - деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Аяжан пәктігін саудалаған деген ақпаратты колледж ұстаздары жоққа шығарды. Олар бойжеткеннің оқуда озат әрі тәрбиелі болғанын айтады. Сондықтан «Аяжан күдіктінің үйіне 500 мың теңге үшін барған» дегенге сенбейді.

"Мен мүлде келіспеймін бұл пікірмен. Өйткені ол қызды мен басқа жағынан білемін. Қазақи, қарапайым қыз болған. Өзінің сөйлесіп жүрген жолдасы болды. Осы соңғы курсы, 4 жыл бойы осы колледжде оқып шықты, бірінші курстан бастап грантта оқыды. Үлгілі, үздік оқушылардың бірі болды. Дизайн және технология мамандығына түскен. Кейін киім дизайнымен әуестеніпті. Жасаған жұмыстарын әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеп отырған. Колледж директоры бойжеткеннің қосымша сән салонында да жұмыс істегенін айтты , - дейді ұстазы Томирис Кустова. "Еділова Аяжанның өзінің коллекциялары болатын. Ол өзінің жұмысын өте ерте бастады. Басқа студенттер одан үлгі алатындай жан-жақты қыз болатын. Бізге көмектесетін бос уақыты болмады. Артық жүрісін ешқашан байқамағанмын, - дейді "Сымбат" дизайн және технология академиясы колледжінің директоры Гүлнәр Оразымбетова.
Түрік тілінің ұстазы Әйгенім Үсенова Аяжанның арманы асқақ еді деп еске алды. Ол тіл үйретіп, шетелге барып жұмыс істеуді жоспарлаған еді деп отыр. Жатақханада көрші тұрған Баян да соңғы күндері орын алып жатқан жайттардан ес жия алмай жүр. Ол қылмысқа барды деген күдіктіге қатысты бұрын-соңды тіпті естімеген.
"Арамызда қаншама әңгіме болды. Бірақ ол ондайға баратын қыз емес. Алдап жұмыс бабымен шақырған шығар. Жұмысбасты болатын , -дейді құрбысы Баян Балтабай.
Ал арнамызға сұхбат беруден бас тартқан Аяжанның туыстары марқұмның денесін әлі жер қойнына тапсыра алмай отырғандарын айтты. Олар тергеу салдарынан дене бөлшектері бізге берілмей отыр дейді. Ал қоғамда тараған қауесет әңгімелер күдіктінің жазасын жеңілдету мақсатында деп топшылады. Аты шулы іске қатысты Ішкі істер министрлігі түсінік берді.
"Бұл қылмыстық істі 26- наурыздан бастап арнайы прокурорлар жан-жақты тергеп жатыр. Біз тергеу барысын жария ете алмаймыз. Оны таратуға немесе қандай да бір ақпарат айтуға құқығымыз жоқ. Қазір 28 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр", - дейді ІІМ Тергеу бөлімінің бастығы Ермек Шүлден.
Естеріңізге салсақ, 19 жастағы Аяжан 19-наурыз күні кешкісін жұмыстан шығып, қайта оралмаған еді. Оның бөлшектелген денесі араға екі күн салып, Нұркент ықшамауданындағы пәтерлердің бірінен табылды. Айта кетейік, күдікке 28 жастағы Түркістан облысының тумасы ілікті. Оның кінәсі дәлелденсе, Қылмыстық Кодестің 99 бабы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.