Көкшетауда бұзылған балалар ойын алаңы қайта қалпына келтірілді
Көкшетауда бұзылған балалар ойын алаңы қайта қалпына келтірілді
210
оқылды

Ойын алаңындағы дауға қатысты Көкшетау қаласының әкімі пікірін білдірді.

Aikyn.kz бұған дейін Момышұлы мен Әуелбеков көшелері қиылысындағы үйлердің ауласында балалар алаңының бұзылып жатқанын хабарлаған болатын. Балалар мен тұрғындардың сол маңда жүргеніне қарамастан кәсіпкердің қызметкерлері балалар алаңын бұза бастады. Біз барып, бірден сол үйдің тұрғындарымен тілдесіп, бұзылған алаңның жағдайын көзімізбен көріп қайтқан едік. Тұрғындардың алаңды қорғап қалу әрекетіне полицейлер кедергі келтіріп, ешнәрсе істеуге мүмкіндік бермей, тіпті белсенділеріне қарсы қылмыстық іс қозғайтындарын айтып қорқытқан. «Жаңа ғана біздің және осы ауланың балаларының көз алдында кәсіпкер ойын алаңын тас-талқан етіп, міне мына жерге үйіп қойды. Біз бірнәрсе істейді деді ме, айналаны түгелдей полиция қызметкерлері қоршап, тіпті қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытты. Содан ешнәрсе істей алмай құр қарап тұрдық. Міне, осыдан екі-үш күн бұрын темір қаңылтырмен (профлист) қоршап тастады. Алаңның жанына мына бөткені салып тастады. Біз балаларымыз үшін алаңдаймыз. Ал кәсіпкер ешнәрсеге көнбей, өз дегенін істетіп отыр. Осыған дейін прокуратура органдары қарсылық білдіріп, ойын алаңының бұзылмайтынын хабарлаған. Бірақ, араға аз уақыт салмай осындай жағдай болды», – дейді осы үйдің тұрғыны Арай Болатқызы. Ал таңертең Көкшетау қаласының әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің теңгерімінде тұрған спорт алаңының «Көкшетау Жылу» ШЖҚ МКК және «Зерен Плюс» ЖШС-і қызметкерлерінің күшімен қайта қалпына келтіріліп жатқанын хабарлады. Хош... Сонымен кәсіпкер неге спорт алаңын бұзды? Ал әкімдікке қарасты коммуналдық кәсіпорындар неге оны қалпына келтіре бастады? Енді осыған келейік. Бұл туралы жақында Көкшетау қаласына әкім болып келген Бауыржан Ғайса журналистермен арнайы өткізген кездесуі барысында толығырақ әңгімелеп берді. «Заңға, яғни сот шешіміне сәйкес спорт алаңын біз бұзуға тиісті едік. Бірақ оны кәсіпкердің өзі бұзды. Бүгін оны қайта қалпына келтіріп жатырмыз. Бірақ оны қайта қалпына келтіруге бюджеттің ақшасы шығындалған жоқ. Дәнекерлеуші тек сөгілген сымдары мен темірлерін қайта дәнекерлеп шықты», – дейді Бауыржан Ғайса. Әкімнің айтуынша, бұл спорт алаңы салына бастаған уақытта сол кезде қалада мәслихат депутаты болып тұрғандықтан тікелей араласқан. Әкім бәрі тек заң жүзінде ғана шешілуі тиістігін атады. «Бізге қаланың мәслихат депутаттары ретінде спорт алаңдарына орындарды анықтауға тапсырма берілді. Біз талқылай келе осы орынды жөн деп таптық. Жер учаскесіне ешкімнің де дәмесі болған жоқ. Сөйтіп спорт алаңы салынды. Ал жақында бұл жердің 2008 жылдан бері иесі бар болып шықты. Содан бері бұл жерді ешкім игермей, бір адам екіншісіне, ол үшіншісіне сатқан. Яғни, үш меншік иесі ауысқан. Қазіргі үшінші иесі бұл жерге тұрғын үй салмақшы. Ал оған тұрғындар түбегейлі қарсы. Сөйтіп, осыдан дау туындаған. Әрине, екі ортада бәріне кінәлі әкімдік болып шыға келді. Бәрі «билік сатқын! Кәсіпкерді қолдап спорт алаңын сүріп тастағылары келеді», деп бар кінәні әкімдікке аударып отыр», – дейді қала әкімі Бауыржан Ғайса. Әкімнің айтуынша жағдайға кінәлі болып тұтылған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы – Юрий Шидловский. «Шидловскийдің өзі дәл осы аулада тұрып жатыр. Тұрғындар оны кәсіпкермен ым-жымы бір деп ойлайды. Ал кәсіпкер керісінше адамдарды өзіне айдап салып отыр деген пікірде», – деді әкім. Шаһар басшысы керісінше жергілікті атқарушы биліктің халықтың жағында екенін қадап айтты. «Әрине, бұл сонау 2008 жылдары қала әкімдігінде қызмет еткен тиісті адамдардың жіберген өрескел қателігі. Енді сол жіберілген қателіктердің зардабын қазір біз тартып, соттасып жатырмыз», – деді Бауыржан Ғайса. Әкімнің айтуынша кәсіпкер өз бетімен келіп, спорт алаңын бұзып, қиратып тастаған. «Мен кеше олармен кездесіп, арнайы сөйлестім. Олар сот шешімін алға тартады. Мәселе мынада. Жер учаскесі олардың меншігінде. Егер біз оған қарсы шықсақ бұл ешқандай жақсылыққа әкелмейді. Бұл жерде диалог болуы керек. Олар өз дәлелдерін айтып құқықтарын дәлелдегісі келеді. Әрі олар спорт алаңын сүру туралы сот шешімін алған. Біздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі істі созбақтап осы уақытқа дейін келген. Бұған келіспеген жер иелері кеше өз беттерімен спорт алаңын бұзған», – дейді әкім. Қала әкімі мемлекеттік органдардың тек заң шеңберінде ғана әрекет ете алатынын жеткізді. «Мен олармен кездескенде жігіттер спорт алаңын басқа орынға ауыстыруға әзірліктерін білдірді. Менің ойымша біз түптің-түбінде осыған келеміз. Келесі мәселе адамдар спорт алаңының сүрілуіне қарсы ма әлде спорт алаңының басқа жерде болғанына қарсы ма? Бүгінде мәселені шешудің жалғыз жолы сот органдарында өз сөзіміздің дұрыстығын дәлелдеу қажет болып отыр. Кім де кім келіспесе оны өркениетті түрде сотта шешу қажет», – деді қала әкімі. Сонымен мәселе толықтай түбегейлі шешілгенше спорт алаңы сол күйінде тұратын болды. Оны «Көкшетау Жылу» және «Зерен Плюс 2006» кәсіпорындарының қызметкерлері қайта қалпына келтірді.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы