Шаһарда ұлыбританиялық және оңтүстікафрикалық штамм пайда болғанын білеміз. Бұл қаладағы эпиджағдайға әсер еткен. Салдарынан күнделікті вирус жұқтырғандар саны артқан. Жалпы, 2 сәуірде шаһарда 595 жағдай тіркеліп, 497 адамда ауру белгілері байқалса, 98-інде белгі білінбеген. Күн сайынғы статистикаға қарап, көптің көкейінде сұрақ туады. Қала карантинге жабыла ма?
32 адамнан вирустың британдық штамы анықталды
Мұндай сұрақ тууы заңды. Өйткені 1 сәуір күні Шығыс Қазақстан облысы толығымен карантинге жабылды. Өңірдегі бас мемлекеттік санитар дәрігердің айтуынша, облыста коронавирустың таралу көрсеткіші көбейген. Ал Алматыда жаңа штамдар табылып, күн сайын статистика жаңарып жатыр. Қала әкімдігінің ақпаратына зер салсақ, стационарларда 2 945 адам бар. Оның ішінде 52 науқастың жағдайы өте ауыр, 531-і ауыр және қалған 2 362-сі орташа ауыр жағдайда. Бұдан бөлек, «Халық арена» спорт кешенінің науқастарды қабылдап жатқанын білген тұрғындар демін ішіне тартты. Жағдайды білмек болып, қаладағы Денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанымызда, 36 адамның ем қабылдап жатқанын айтты. Олардың жағдайы орташа және жеңіл деп бағаланған. Содан да болар, әкімдікке «қала карантинге жабыла ма?» деген сауал үнемі жолданады. Әкімдік «таңертең тұрсақ, қала жабық екен» дейтін оқиға болмайтынын ескертті. Демек, өткен жылдағыдай қала жабылар болса, алдын ала ескерту жасалады. Сондағы кептеліс пен қаладан ауыл-аймаққа асыққан сәттегі қарбалас вирустың өңірлерге таралуына себеп болды ма деген ойға қаласың. Сондықтан да мұндай әбігердің қайта басталғанын ешкім қаламайды. «Денсаулық сақтау жүйесі қарқынды жұмыс істеп жатыр. Қазірге қаланы толығымен жабу мәселесі көтерілген жоқ. Оған қатысты алдын ала ақпарат береміз. Егер денсаулық сақтау жүйесінің күші жетпей жатса және инфекцияның таралу көрсеткіші нормадан асып кетсе және басқарылмайтын болса, қосымша шешім қабылдау қажет. Әзірге қаланы жабудың қажеті жоқ», – деді қала әкімі. Шаһардағы ахуалға байланысты бірнеше қатаң шара қабылданғаны бар. Соның бірі кімде-кім автобусқа медициналық бетперде тақпай кірсе, салоннан шығарылады. Театр мен кинотеатрлардың да жұмысы тоқтап тұр. Ойын-сауық кешендері болса белгілі бір режиммен жұмыс істейді. Жағдайға байыппен мән берсек, вакцинация салу көрсеткіші көбеймесе, қалада локдаун енгізілетінге ұқсайды. Өйткені сарапшылар эпидахуалдың өткен жаздағы көрсеткіштермен бірдей екенін айтады. Иә, қала 10 наурыздан бері «қызыл аймақта» тұр. Карантин шаралары 12 сәуірге дейін ұзартылды. Барлық жағдайға дайын жүрсін дегендей, 17 аурухана орталықтандырылған оттегі беру құрылғысына қосылған. Яғни, кез келген палатаны реанимация бөлмесіне айналдыруға мүмкіндік бар. Алматыда былтыр оттегі аппаратына қатысты дау туғаны рас. Сондықтан жауаптылар бұл мәселені бірінші болып шешуге кіріскен екен. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа штамдар еліміздің 13 өңірінде анықталған. Штамдарды зерттеу үшін арнайы зертхана жұмыс істеп жатыр. Мұнда талдаманы тексеру де басқаша жүреді. Күнделікті ПТР-ге алып жүрген реактивке ұқсамайды. Зертханаға әкелген 40 реактивтің 32-сінен британдық штамм анықталған. Айта кетерлігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының гранты бойынша жұмыс істеп жатқан зерттеушілер бір реттік талдамадан жаңа штамның бар-жоғын анықтай алады.Үшінші толқынға дайындық қалай?
Елімізде коронавирустың жаңа штамдары анықталысымен жағдай өзгерді. Барлық жағдайға дайын болу үшін әкімдік пен денсаулық сақтау мекемелері дайындалып жатыр. Мәселен, Алматы қаласында 3 эшелонға бөлінген 7 мың инфекциялық төсек-орын бар. Бұл орын 5 мың адамға лайықталған. Стационарларға келсек, 420 жансақтау орны бар екен. Дерек бойынша, мегаполистің төрт мыңға жуық пациенті амбулаторияда емделіп жүр. Үйден емделіп жүрген науқастарға да мобильді топ көмек көрсете алады. Осы орайда медицина мамандары жете ме дейтін сұрақ туады. Қазір қалада індетпен күреске 8 500 медицина қызметкері жұмылдырылған. Резервте 2 758 медицина маманы бар. Бірақ жағдай Денсаулық сақтау министрі айтқан сценарийдей өрбісе, дәрігерлерге сұраныс артары анық. Ал ПТР зертханалары демалыс күні де адам қабылдауға дайын. Жалпы, Алматыда 25 зертхана жұмыс істеп тұр. Статистика бойынша, олар тәулігіне 14 500 сынақ жүргізе алады. Егер эпиджағдай қиындаса, зертханалар күніне 24 мың сынақ жүргізуге дайынбыз деп отыр. Денсаулық сақтау басқармасы мен әкімдік таратқан ақпаратқа назар аударсақ, алмалы шаһар үшінші толқынға тас түйін дайын. Өткен жылы кеткен қателіктерді қайталамауға тырысып жатыр. Бірақ олар шешім локдаун емес, вакцина салу екенін ескертіп әлек. Еліміз бойынша вакцина салу баяу жүріп жатқанын Президентіміз де айтты. Сондықтан Алматы қаласында медицина мекемелері мен сауда орталықтарында да вакцина егу жүретіні хабарланды. Ақпаратқа мән берсек, қалада 16 мыңнан астам адам вакцина салдырған. Сәуірдің ортасында қосымша 6 мың доза келеді әрі тұрғындар ресейлік, отандық және қытайлық вакцина арасында таңдау жасай алады.Айбике ЖАНАСЫЛ