Балық шаруашылығына да басымдық керек
Балық шаруашылығына да басымдық керек
407
оқылды

Биыл таратылғанына 7 жыл бол­ған Балық шаруашылығы комитеті Үкімет қаулысымен Экология, гео­ло­гия және табиғи ресурстар ми­нистрлігі аясында қайта құрылды. Еске сала кетсек, кезінде Ауыл ша­­руа­шылығы министрлігіне қара­ған бұл комитет 2014 жылы тара­тылған еді. Енді оны не үшін қайта құруға тура келді?

Үш мәселені шешсек, үміт ақталуы мүмкін

Қазақстан – балық ресурсына өте бай ел. Егер дұрыс пайдалана білсек, эконо­микалық даму үдерісінде балық шаруа­шылығы ерекше рөл атқара алады. Ба­лықты негізінен Түркістан, Атырау, Ал­маты, Шығыс Қазақстан және Қы­зылорда облыстарында өсіреді. Ал импорттайтынымыз – Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдері­н­дегі майшабақ, скумбрия, асшаян, мидия сынды мұхит балығы мен теңіз өнімдері. Статистикаға сүйенсек, Қазақстан жыл сайын шамамен 60 мил­лион долларға 36 алыс-жақын елдерге 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттай­ды. Оның ішінде көксерке еті Германия, Нидерланд сынды ЕО елдерінде қазақ­стандық бренд есе­бінде танымал. Соңғы мәліметке сенсек, қазір Қа­зақстанда 11 мыңнан астам адам күші тар­тылған мыңнан астам балық шаруа­шылығы субъектілері жұмыс істеп тұр екен. Оларға 1 646 балық шаруашылығы су айдыны мен олардың учаскелері бекі­тілген. Осы орайда, бізге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған, жан басына шаққанда 16 келі балық тұтыну нормасына қол жеткізу үшін жылына кемінде 300 мың тонна балық өсіруіміз қажет. Әрине, ол межеге жеткенше жолы­мызды бөгейтін біраз кедергіні жойған жөн. Экология, геология және табиғи ре­сурс­тар министрлігі бизнеске талдау жүр­гізіп, балық шаруашылығы саласы бо­йынша «су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге бейімдеу, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу, мемлекеттік қолдау ша­ра­ларын арттыру шарт» деген 3 басты мәселені анықтады. Сөйтіп, зерттеу нә­ти­жесінде әлеуеті жоғары деген су қой­ма­ларында жылына 600 мың тонна балық өсіруге болатыны белгілі болды. Осы негізде балық өсіру ісі өңірлерге бө­лініп, схемасы жасалды. Ол үшін аталған өңір­лер тұ­йықталған сумен қамтамасыз етіл­ген технологиясын пайдалана отырып, ба­лық өсірудің тоған және бассейндік шаруа­шылықтар сынды бағыттарын да­мыта алады. Алайда бұл жоспарды іске асыру үшін 20-30 жыл уақыт керек. Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің болжамы бойынша, 2030 жылдың өзінде 45%-ға ғана орын­дауға болады екен. Қазір олар әр өңірдегі балық шаруа­шылығын дамыту бағдар­ламасына сәйкес, кейінгі 10 жыл ішінде 545 шаруа­шылық құрылатынын алға тар­тып отыр.

Сырттағы тоғаннан іштегі акваөсіру тиімдірек

Тағы бір ескерер жайт, табиғи су қой­маларының балық қорын пайдаланудың да шегі бар. Ал бүгінде көптеген су қой­ма­сында балық ресурсының азайғаны байқалады. Сол себепті «Балық шаруа­шылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің басқарма төрағасы Қуаныш Исабеков балық өнімдерін ұлғайтудың жалғыз баламасы – акваөсіру екенін ескертті. «Иә, теориялық тұрғыдан ал­ғанда, балық шаруашылығының әлеуеті 600 мың тоннаны құрауы мүмкін. Бұл ретте негізгі үлесі – 80%-дан астамы Маң­ғыстау облысының орта Каспий аквато­риясына тиесілі. Мұнда тормен өсіру технологиясы бойынша Каспий албырты мен бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіруге болады. Осылайша, біз экспорт­тық әлеуетті көтеріп қана қоймай, им­портты алмастыруды да жүзеге асыратын едік», – дейді ол. Сонымен қатар қазір акваөсіру – Шығыс Қазақстан облысының балық саласын дамытудың негізгі бағыты. Онда 3 жоба сәтті жүзеге асқан. Атап айтқанда, «Шығыс Универсал» және «ГрандФиш» ЖШС форель, ал OstFish ЖШС бекіре тұқымдас балықтарды өсірумен айна­лысады. Олар былтыр 325 тоннаға дейін (300 тонна форель, 25 тонна бекіре) өсірген. Сол сияқты Түркістан облысында да тауарлы балық шаруашылығын акваөсіру ісі ерекше дамыған. Онда қалдықсыз өндірісті қамтамасыз ету мақсатында ба­лық сүйектерінен ұнтақталған жем дайын­дау цехтары да қайта құрылып, толық жұмыс істеп тұр. Әсіресе, өңірдегі «Хамит» кә­сіпорны акваөсіруді дамытуға көп көңіл бөлген. Ол мекеме жоспарлы түрде толық жүйелі балық өсіру шаруа­шылығының, азық өндірісінің барлық элементін және брендтелген сауда нүк­телерін ұйымдастыруды қамтитын кластер құрмақ. балық шаруашылығы Қарағанды облысында 2013 жылы құрылған «Қарағанды бекіре» ЖШС жы­лына 45 тонна тауарлы балық пен 4 тонна уылдырық өндіреді екен. Биыл сол кәсіп­орын да өңірде жергілікті аквамәдениетті дамыту орталығы құрылатынын мәлім етті. Балық шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясындағы бұл жоба Қарасор көлінде жүзеге аспақ. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруа­шылығы ұйымының мәліметінше, аква­өсіру саласы – ақуыз өнімдерін өндіруде әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт. Мәселен, өсірілетін балықтың әлемдік көлемі 60 жыл бұрын небәрі 1 миллион тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 82 миллион тоннадан асып түседі. Бұл ретте соңғы 25 жылдың өзінде акваөсіру көлемі 67 миллион тоннаға немесе 450%-ға өскен.

Министрлер де мән беріп отыр

Қазақстан тұрғындары балықты аз тұтынады. Мысалы жоғарыда айтып өткендей, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, бізде бұл көрсеткіш бір адамға 4 келіден ғана келеді. Ал көршілес Ресейде адам басына 23 келі, Қытайда 45 келі балық тұтынылады. Осылайша, шекара маңын­дағы аудандарды ескергенде, балық өнімдерінің экспорттық потенциалы 3 миллион тоннадан асып түсуі мүмкін. Алайда балық шаруашылығымен айна­лысатындар «Қазақстанда көлді балық­тандыру ісінде жүйелілік жоқ» деседі. Осы орайда, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қолданыстағы заң­намаға талдау жасап, су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтары мен құ­рылыстарын салуға тыйым салынуы және балық өсіру кезінде суды тұтыну үшін артық төлем алынуы мәселелерін анық­тады. Бұл ретте балық өсірушілер алынған судың барлық көлемі үшін ақы төлейді, ал қайтарылатын судың көлемі есепке алынбайды. Сондықтан булану және сүзгілеу түріндегі шығындар үшін ғана төлем төлеуді ескеру қажет. Бұған қоса, жергілікті маңызы бар су айдындарының көп бөлігі (49%-ы) берілмеген. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге балық өсіру шаруашылықтарын салу кезінде шығынды өтеу қажеттігі де ес­керілмеген. Тек балық өсіретін питомник­тер ғана шығынды өтеуден босатылған. Осыған байланысты министрлік қол­даныстағы мемлекеттік қолдау шара­ларын қосымша субсидиялаумен кеңейту мәселесін пысықтады. Ауыл шаруашы­лығы министрлігі мен облыс әкімдіктері бұл ұсынысты қолдады. Еліміздегі су ресурстарын ескере отырып, өсірілген балық көлемін 600 мың тоннаға дейін арттыруға, экспорт көлемін 10 есеге ұл­ғай­туға, шамамен 500 миллиард теңге көле­мінде жеке инвестициялар тартуға балық шаруашылығының әлеуеті жеткі­лікті екен. Сонда бюджетке салық түсім­дері жылына 28 миллиард теңгедей бо­лады. Бұл шешім шамамен 10 мың қосымша жұмыс орнын құруға және ха­лықтың табысын көбіне ауылдық жер­лерде арттыруға ықпал етеді. Бүгінде тек балық өсіретін 27 кәсіп­орын субсидиямен қамтылған. Енді АШМ субсидияланатын балық түрлерінің тізбесін кеңейту, жемшөпті субсидиялау үшін жайын және сига балық түрлерінің тізбесін енгізу мәселесін қарастыруда. Әзірге елімізде тек осы саланың басы-қасында жүргендер ғана қысқаша курстар оқып, балық шаруашылығының қыр-сырын игерген. Ал бұл мамандықты Қазақстанда бір ғана жоғары оқу орны – Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті оқытады. Алайда оған жыл сайын 10 шақты адам ғана түседі екен. Енді биылдан соң субсидия көбейеді дегенді естіген халық балық шаруашылығына аса қызығушы­лық танытып жатқан көрінеді. «Бұған білім керек. Өйткені суасты дүниесі ғой. Әсіресе, бізде қыстың ұзақтығынан балық тұншығады. Оны қырылу дейміз. Балық тұншықпас үшін көлге оттегі беріп, жағ­дай жасап, соған көңіл бөлу керек. Ба­лықты өсіру де, аулау да, өңдеу де білімді талап етеді. Бірақ сол білімді меңгергісі келетіндер аз», – дейді Ақмола облыстық Балық шаруашылығы қауымдастығының төрағасы Жеткерген Әбдиев.

Атаулы күн

1985 жылдан бері 27 маусым күні Бүкіләлемдік балық шаруашылығы күні атап өтіледі. Қаперге салсақ, Бүкіләлемдік балық шаруашылығы күні 1984 жылы Римде болған балық шаруашылығын дамыту мен реттеу жөніндегі халықаралық конференцияның шешімімен бекітілген.

Еркеғали БЕЙСЕН