Тәуелсіз елдің медицинасы
Тәуелсіз елдің медицинасы
1,194
оқылды

Қоғам дамуының маңызды саласы – денсаулық сақтау. Ел Тәуел­сіздігінің 30 жылында Қазақстан медицинасының өзіндік тарихы қа­лыптасты. Рас, Кеңес Одағы тараған соң денсаулық сақтау саласы да қалыпты үдерісінен жаңылып, біраз қиындықты бастан өткізді. Әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты көптеген білікті дәрігер күнкөрістің қамымен басқа салаға кетті. Өз тарихи Отанына қоныс аударған ақ ха­латтылар да кездесті. Салада маман тапшылығы сезіле бастады. Бұл жағдай халықтың, әсіресе ана мен бала денсаулығының біршама құл­­дырауына алып келді. Осындай қиындықтарды жеңу үшін 1991 жылы Жоғарғы Кеңестің VII сессиясында Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Халықтың денсаулығын сақтау туралы» заң қабылданды.

1991 жылы елімізде 66 мың дәрігер, 198 мың орта буын медицина қызметкері жұмыс істеді. 1 805 аурухана болды. 1993 жылдан бастап медицина мамандары саны күрт азая бастады. Ұлттық ста­­­тистикалық агенттіктің мәліметіне қа­­­­рағанда, 1993 жылы елімізде 64 мың дәрігер, 189 мың орта буын медицина қызметкері жұмыс істеді. 1994 жылы ау­руханалар саны 1 651-ге дейін азайып, дә­рігерлер саны 61 мың, орта буын ме­­­дицина қызметкерлері 177 мың болса, 1997 жылы дәрігерлер саны – 54 мың, орта буын қызметкерлер саны 129 мың ғана болды. Байқап отырғандарыңыздай, 1992-1997 жылдар аралығында 12 мың дәрігер мен 67 мың орта буын медицина қыз­­меткеріне дейін азайған. 1995 жылғы 15 маусымда Қазақстан Президентінің заңдық күші бар №2329 «Азаматтарды медициналық сақтандыру туралы» Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша Міндетті медициналық сақ­тан­­­дыру қоры арқылы тұрғындарды міндетті және ерікті сақтандыру ойластырылды. Бұл қор Денсаулық сақтау министрінде жасалған міндетті медициналық сақтан­­­дырудың базалық бағдарламасын қалып­­­­­тастырған мемлекеттік коммерциялық емес ұйым еді. Бағдарлама өз тиімділігін көрсете алған жоқ, көп ұзамай сынға ұшырай бастады. Дегенмен бағдар­ламаның қазіргі медициналық сақтан­дырудың қаржы нарығында қар­­­­жылық тұрақтылық пен сақтандырудың жаңа қаржылық институттарының қалып­тасуына жағдай жасағанын мойын­дауға тиіспіз. 1990 жылы мемлекеттік басқару ұйым­дарын оңтайландыруға байланысты елде мемлекеттік ұйымдардың саны едәуір қыс­­қарды. Бұл науқаннан Денсаулық сақтау министрлігі де шет қалмай, Қазақ­стан Ден­саулық сақтау, Білім және спорт ми­­нистрлігі құрылды. Министрлік Қа­зақстанның «Қазақстан – 2030» стра­тегиялық дамуы ая­сында «Халық ден­­саулығы» атты алғашқы мемлекеттік бағ­дарламаны ұсынды. Бағ­дарламаның мақсаты Қазақстан халқының ден­саулығын жақсарту еді. Ол 1998-2008 жыл­дарға арналып, үш базалық кезеңнен тұрды. Осы бағдарламалар аясында ауыл­дарда емдеу мекемелері ашылып, мек­тептердің төменгі сыныптарында тегін тамақ беру, мектептерде психолог қыз­меті, арнаулы клиникалар, жеке­меншік жоғары меди­циналық оқу орындарына, клини­каларға лицензиялар берілді. Осы кезеңді кеңестік жүйеден қазіргі ден­саулық сақтау жүйесіне өту кезеңі деп бағалауға болады. 2000 жылы елімізде дәрігерлер саны 49 мың болса, орта буын медицина қыз­меткерлері 106 мың ғана болды. 2001 жылдан бастап мамандар саны қайта кө­бейе бастады. 2002 жылы дәрігерлер саны 53 мыңға жетіп, 113 мың орта буын ме­дицина қызметкерлері жұмыс істейтін болды. 2004 жылы дәрі­герлер – 54 мың, орта буын медицина қыз­меткерлері 117 мыңға жетті. Республикада бала туу көрсеткіші 1999 жылдан бастап өсе бастады. Елдің әлеуметтік ахуалы жақ­сарып, халық саны өсті. Республика хал­қының болжамды орташа өмiр сүру ұзақтығы 2004-2005 жылдар iшiнде тұрақтанды және 2009 жылдың соңына қарай орташа жас ерлерде 60,5 жас, әйелдерде 71,5 жас болды. 2005-2010 жылдарға арналған Қазақ­стандағы денсаулық сақтауды дамыту мен қайта құрудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама тұтастай іске асы­рылмаса да, еліміздің медицина саласында бетбұрыс кезеңі болды деуге негіз бар. Осы бағдарлама негізінде елдегі тегін меди­циналық қызмет түрлері анықталды. Ана мен бала ден­­­саулығын сақтау, дәрігерлік-демографиялық жағдайды жақсарту, әлеуметтік маңызы бар ауруларды тө­мендету сияқты тапсыр­ма­лармен бірге медициналық білімді қайта құру мен ұйымдастыру сияқты халық­аралық қағи­даларға негізделген мәселелер де қа­растырылды. Медициналық мекемелерде тіркелген әрбір науқасқа бөлінетін қаржы механизмі енгізілді. Міндетті медици­налық сақтандырудың енгізілуімен бірге меди­циналық қызмет сапасын, айыппұл сан­кциясы жүйесін бақылау, медициналық көмектің әртүрлі параметрлерін бағалау анықталды. 2010 жылдың қаңтарынан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДСЖ) енгізілді. Бұл еліміздің ме­дицина саласына түбегейлі өзгеріс әкелген жаңалық болды. Бағдарламада шетелдік үздік тә­жірибелерден үлгі алынды. Жүйе Қазақстан Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы №1113 Жарғысымен бекі­тілген 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасында көрініс тапты. Елбасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан халқына арналған Жолдауында БҰДСЖ енгізу үдерісін 2013 жылға дейін аяқтау бойынша тапсырмалар берілді. Жүйелі жүргізілген жұмыстар, дер кезінде қа­былданған бағдарламалар сала жұмы­сының жандануына оң серпін берді. Елімізде алдыңғы қатарлы медициналық қызмет көрсететін орталықтар ашылды. Қазір елор­дада уақыт талабына сай заманауи емдеу технологияларымен жабдықталған ірі меди­циналық орта­лықтар жұмыс істеп тұр. Кейінгі жылдары медицина саласын цифрландыру, халыққа медициналық қыз­мет көрсетудің оңтайлы әдістерін қолдану жайы басты назарда. Ал 2019 жылдың 1 қаң­тарынан бастап Мемлекет басшы­сының тапсырмасын орындау аясында барлық емхана мен ауруханалар толы­ғымен қағазсыз медициналық жазбаға көшті. Денсаулық сақтау саласын цифр­ландыру және қағазсыз жұмыс процесін дамыту бағытында мобильді қосым­шалардың рөлі ерекше. Денсаулық сақтау министрлігі нарықта бар денсаулық сақтау саласындағы мобильді қосым­ша­лардың бірыңғай каталогын жасады. Мы­салы, DamuMed – дәрігермен кездесу; Dariger Pro; Денсаулық кітабы «103 БАҚЫЛАУ» диспетчерлік орталықты авто­маттан­дыруға арналған бағдарламалық кешен; FMS: халықтық бақылау; HCity – менің жүктілігім; KDL OLYMP CDL OLYMP Қазақстан; Көмек 103; 103apteka.kz – онлайн дәріхана; 103.kz – есірткіні іздеу; Дос-тармед А.; Патронажды мейірбике; Балаларға ерте күтім жасау сияқты қосымшалар бар. Бұл қосымшалар аз уақыттың ішінде қажетті ақпаратты табуға, дәрігермен тез арада сөй­лесуге мүмкіндік береді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті медициналық сақ­­­тандыру іске қосылды. Емханалар мен ау­руханалар халыққа бірден екі пакетте – бұрынғысынша еліміздің әрбір тұрғынына қолжетімді болып қала беретін тегін меди­циналық көмектің кепілдік берілген көле­мінің жаңа үлгісі бойынша және міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандырудың жаңа пакетінде медици­налық көмек көр­сетеді. Дүниежүзін дүр сілкіндірген пандемия жағдайында медицина саласына айрықша назар аудару керегін түсінгендей болдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жол­дауында дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңызды екеніне тоқталды. Жолдауды іске асыру қазірден қолға алынды. «Биыл дәрігерлердің орташа жалақысы 320 мың теңгеге жетеді. 2023 жылы 561 мың теңге болмақ. 2021 жылы орта ме­дицина қызметкерлерінің орташа жала­қысы 173 мың теңгеге, 2023 жылы 210 мың теңгеге жете­ді», – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Ведомство бас­шысының айтуынша, 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақы­дан екі жарым есе жоғары болады деп болжанып отыр. Мәселен, 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге рес­публикалық бюджетте тиісті қаржы көздел­ген: 2021 жылы – 222 млрд теңге, 2022 жылы – 362 млрд теңге, 2023 жылы – 557 млрд теңге. Медициналық инфрақұрылымды дамыту мәселесі де Мемлекет басшысының назарында. Жаңа, заманауи ауруханалар салу күн тәртібінен түскен емес. Мұндай орталықтар еліміздің бетке ұстар мекемелеріне айналып, иннова­циялық өсімге және қолданбалы медици­наның дамуына тың серпін береді. Мем­лекет бас­шысының халыққа арналған Жолдауында ел тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын бол­жамды 75 жасқа дейін жет­кізу жайы да сөз болған. Бұл межеге қол жеткізу үшін талай тыңғылықты тірлік тындыруға тиіспіз.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ