Фармацевтика: 30 жылда не өзгерді?
Фармацевтика: 30 жылда не өзгерді?
418
оқылды

Фармацевтика саласы – қашанда әлемдегі экономика­­­ның ең пайдалы сегменттерінің бірі. Адам бар жерде фар­м­өнім сұранысқа ие бола бермек. Ал одан түсетін пайда тағам өнеркәсібіне қарағанда әлдеқайда мол. Дегенмен оның са­пасы да маңызды. Қазақстанда фармацевтикалық өнер­кәсіп соңғы онжылдықта өте қарқынды дамыды. Өткен жылы пан­демия әсеріне қарамастан бұл сала жұмысы алға басты.

Тәуелсіздіктен кейінгі жаңа бетбұрыс

 Қазақстан өз алдына ел атанып, тәуелсіздік алған тұста фармацевтика саласы тоқырау алдында тұрған. Себебі аталған сала жекеменшікте болды, мемлекеттің қарауында болмады. Әркім қолынан келгенше саланы дамытып жүрді. Осыны уақытында ұғынған еліміз көп өтпей фармацевтика нарығын дамытуды қолға алды. Мемлекет бұл саланы дамыту тұрғысында көптеген бағдарламаны ұсынғанын білеміз. Жалпы, фармацевтика ұлттық қауіпсіздіктің бірден-бір көзі екені анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, ұлттық қауіпсіздіктің бір көрінісі – халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете білу. Сон­­дықтан отандық өндірушілер халыққа дәрі-дәрмекті жеткілікті түрде өндіруі тиіс. 2000 жылдары фармацевтика нарығы 37 млрд теңге болған. Дегенмен одан бері сала бірнеше кезеңнен өтіп, қарыштап дамыды. Басылымның дерегінше, 2010 жылы фармацевтикаға қатысты жаңа шарттарға қол қойылып, бірнеше жаңа трансұлттық компаниялар Қазақстан нарығына кіруге рұқсат алған болатын. Ең маңызды келісімнің бірі Польшаның Polpharma фирмасы мен Қазақстанның ең ірі «Химфарм» компаниясының арасында 2011 жылы қыркүйекте жасалған. Осы шарттың негізінде екі компания Шымкент қаласындағы фармацевтика зауытына қосымша 85 миллион доллар қаржы бөліп, оның қуатын арттырды. Ал 2012 жылы Alma Pharma және Түркияның Abdi Ibrahim Global Pharm компаниялары Қазақстанда құны 60 миллион доллар болатын дәрі жасайтын зауыт салатыны жайлы хабарлағанда, саланың расымен де бірізге түсе бастағанын байқадық. Елімізде 2014 жылы GMP стан­дартына ие кәсіпорындар сау­­сақпен санарлық еді. Қазір бұл көрсеткіш шамамен елдегі өндірістің үштен бір бөлігі. Ал қазақ­стандық фармөнімдер экспорты негізінен дәрі-дәрмек, ветеринарлық екпелер және қан фракциясына бағытталған. 2016 жылмен салыстырғанда, былтыр отан­дық фармкомпаниялар шетелге 62% артық өнім жөнелткен. Бұған бір жағынан шетелдік инвестицияның көмегі де тиіп отыр. 2017 жылы бұл салаға 11,5 млрд теңге құйылған. Қазақстан негізінен фармөнімді Германия, Франция және Ресейден импорттайды. Бұл сегменттегі экспорт нарығын біз көбіне көп ЕАЭО елдері, оның ішінде Ресей мен Қырғыз Республикасына жөнелтеміз. Оның сыр­тында Қазақстан Тәжікстанға, Өзбекстанға, Моңғолияға, Германияға және басқа да елдерге препарат жөнелтеді. Экспорт үлесі көп болмаса да, оның болашағы бары анық. Тек 2018-2019 жылдардың өзін­­де Қазақстанның фармацевтика саласындағы өсім 18 пайыз болған. Ал әлемдік фармацевтика саласы жылда бар болғаны 3-4 пайыз өсім көрсетеді екен. Әйтсе де, әлемдік нарықта бұл сала ең табысты болып келеді. Қазақстан осы деңгейге ілеспек ниетте. Елі­міз­дің ішкі өнімдегі фармацевтика нарығының үлесі – 0,13 пайыз. Алайда осы саланы зерттеп жүрген экономистер келешекте нарық үлесі кең көлемде артатынын айтады. ЕАЭО-ның алға қойған мақсатының бірі ортақ дәрі-дәрмек стратегиясын, нарығын құру. Бұл мәселе 2017 жылдан бастап қолға алынып жатыр. Одақ құрамындағы елдер ішінде республикамыз әзірге алғашқы үштікте келеді. Зерттеу нәтижелеріне қа­­­­расақ, бұл одақтағы дәрі-дәрмек өндірісінің 91,2 пайызы Ресейге тиесілі. Беларусь – 6%, Қазақстан – 2,2%, Қырғыз Республикасы – 0,05%, Армения үлесі 0,19%-ды көрсеткен. Бұл тұста ЕАЭО-ның отандық өндірушілер үшін тиімділігі де бар. Одаққа мүше елдердің дәрісі бір-біріне еркін өтеді, яғни Қазақстан өндірген дәрі-дәрмек өзге елдерге еркін шыға алады. Оған қоса өнім бір стандартпен шығарылатын болған соң бұл жерде халықтың сапалы дәрі алу­ға мүмкіндігі артады. 2019 жылы отандық өндіріс ел ішіндегі сұраныстың 14%-ын ғана жауып отырған.

Пандемия кезінде де алға басты

Былтыр фармацевтика кәсіпорындарының өндіріс көлемі 23,2%-ға өсіп, 70,2 млрд теңгеге дейін жетті. Қазір салада жалпы 96 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 33-і – дәрі-дәрмектер, 41-і – медициналық бұйымдар, 22-сі медициналық техника бойынша. 2020 жылы индустрияландыру картасы аясында 5 мың жаңа жұмыс орнын құрумен инвестиция сомасы 62,9 млрд теңге болатын 41 жоба пайдалануға берілді. Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы және Қарағанды облысы Қазақстанның фармацевтика индустриясының орталығы ретінде саналады. Былтыр отандық фармацевтика өндірісін одан әрі дамыту мақсатында Үкімет басшысы Асқар Мамин Индустрия министрлігіне бизнес қауымдастығының пікірін ескерумен фармацевтика саласын дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Премьер-Министр отандық дәрі-дәрмектер на­­­­­рығында халыққа қолжетімділік пен сапаны, ал бизнес үшін тиім­­­ділікті қамтамасыз ететін оңтайлы бағалар белгіленуі тиіс екенін атап өткен еді. Одан соң Денсаулық сақтау министрлігіне «СҚ-Фармациямен» бірлесіп, медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмектердің болуын жоспар­лау тетіктерін қайта қарау, дәрі-дәрмектерді тіркеу талаптарын оңтайландыру, отандық өндірушілер үшін сатып алу көле­­мін болжау жүйесін енгізді. 2020 жылдың қазан айындағы көрсеткіш бойынша еліміздегі фармацевтика нарығы 92 млрд теңгенің өнімін шығарып тұр. 2000 жылдармен салыстырғанда, яғни соңғы 20 жылда нарық кө­лемі 3 есеге өскенін аңғарамыз. Бұл көрсеткіш әлі де болса тоқтау­сыз арта беретіні айқын. Себебі мемлекет пандемия кезінде фармацевтика саласына айрықша көңіл бөліп отыр.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ