Әлемді әбігерге салған COVID-19 саябырсығандай болып, елімізде карантин шектеулері жеңілдетіле бастағаны кеше еді. Алайда көктем шыға пандемияның қарқыны қайта күшейе бастады. Осыған қарамастан Қызылордада оқушылар ІV тоқсанды мектепке барып оқитын болды. Ал ата-аналар баланың қауіпсіздігіне алаңдап отыр.
Бүгінде Қызылорда өңірінде бір тәулік ішінде 10-15 адамға дейін қауіпті індеттің белгісі анықталып отыр. Алайда індеттің қайта ушығуына қарамастан IV тоқсаннан бастап өңірдегі барлық сынып оқушылары (55 408 оқушы) мектепке барып оқитын болды. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен арнайы брифингте Қызылорда облысы Білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мәлімдеген болатын. – Қызылорда облысы «жасыл аймақ» қатарында болғандықтан, облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің №5 қаулысына сәйкес, 1-11-сынып оқушылары дәстүрлі форматта оқиды. Оқушылар негізгі пәндерді дәстүрлі, қалған пәндерді қашықтан оқи береді. Мәселен, музыка, көркем еңбек, информатика, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәндерін оқушылар қашықтан оқи алады. Ал денешынықтыру сабақтарын таза ауада өткізу ұсынылды. Айта кетейік, жекелеген пәндерді қашықтан оқыту мәселесін әр мектеп өзі дербес айқындайтын болады. Сондай-ақ жаңа қаулыға сәйкес білім беру ұйымы әкімшілігі сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға мүмкіндігі бар, – деді басқарма басшысы. Мәселен, былтырдан бері әлемді әбігерге салған пандемия салдарынан білім беру ұйымдарының жұмысы белгілі тәртіпке бағынып, ауру өршіп тұрған алғашқы уақытта, яғни I оқу тоқсанында оқушылардың 79%-ы қашықтан, 21%-ы дәстүрлі түрде оқытылса, II тоқсанда 68%-ы қашықтан, 32%-ы дәстүрлі, ал III тоқсанда 58%-ы қашықтан, 42%-ы дәстүрлі оқытумен қамтылған. Ал 1 наурыздан бастап мектептер 30%-ы қашықтан 70%-ы дәстүрлі оқытуға көшкен болатын. Енді соңғы тоқсанда сақтық шараларын күшейте отырып, аймақтағы барлық мектеп 100% штаттық режимде жұмысқа қосылатыны белгілі болып отыр. Алайда дәл қазір оқушыларды онлайннан оффлайнға жаппай көшіру де қауіпті екені белгілі. Дегенмен басқарма басшысының сөзінше, оқушылар мектепке кірер алдында 5 сатыдан тұратын дезинфекциялаудан өтеді. Бұл үшін барлық мектеп талапқа сай толық жабдықталған. Ал осыған дейін ағзасында ауру белгілері байқалған немесе ауырған адамдармен байланыста болған оқушыларға арнайы медициналық тексерудің қорытындысымен ғана мектепке келуге рұқсат етілмек. Егер баланың бойынан індет белгісі анықталса, ондай жағдайда қашықтан оқытылады. Сонымен бірге, оқушылардың классикалық үлгідегі ыңғайлы киіммен келуіне рұқсат етілген. Яғни, мектеп формасына қатысты қатаң талап болмайды. Осы орайда, ата-аналарды алаңдататын бір жайт бар. Ол – баланың қауіпсіздігі. Коронавирус індеті қайта белең ала бастаған тұста, ата-аналар балаларын мектепке жіберуге үрейленіп отыр. Өйткені ПТР-тест қорытындысына сәйкес соңғы уақытта мектеп мұғалімдерінің өзінен COVID-19 дерегі жиі анықталып жатқаны жасырын емес. Осыны алға тартқан ата-аналар IV тоқсанды мектепте оқытуға екіұшты ойда отырғанын айтады. Тіпті, кейбірі дәл қазір балаларын мектепте оқытуға үзілді-кесілді қарсылықтарын білдіруде. Ата-аналарды алаңдатқан бұл мәселеге қатысты жауапты мамандардан: «Қай кезде де ата-ана ұстанымы ескерусіз қалған емес. IV тоқсанды дәстүрлі түрде бастаймыз деген уақыттан бері індетке алаңдаған әрбір ата-ананың пікірін жеке-жеке қарап шықтық. Алаңдаушылық пікірлер мен ұсыныстарды ескере келе, баласын жіберуге дайын емес, ішкі қарсылығы бар ата-аналардың балаларына қашықтан оқуға рұқсат берілді» деген жауап алдық. Тағы бір мәселе. Соңғы күндері педагогтар арасында «Вакцина салдыру мәжбүрлі түрде өтеді», «екпе салмаған мұғалім мектепте сабақ бере алмайды» деген үрейлі жазбалар жиілеп кетті. Расымен де, мұғалімдерді вакцина егуге мәжбүрлеп жатыр ма? Жұрт арасында желдей ескен бұл ақпараттың анық-қанығын жауапты мамандар былай жеткізді. – Екпе салу, ең алдымен өзіңіз үшін керек. Себебі денсаулық – сіздікі. Біздің өңірде ұстаздарды осы кезге дейін мәжбүрлі түрде ешкім екпеге апарған емес. Алайда қоғаммен байланыс жасап, балалармен қарым-қатынаста болатын мұғалім өз денсаулығына жете мән бергені дұрыс. Екпенің екінші кезеңін педагогтерге арнаудағы себеп – осы. Мамандар «бір адамның өзі 7 адамға дейін вирус жұқтыруы мүмкін» деген болжамды айтып отыр. Баламен бетпе-бет келетін мұғалім үшін бұл аса маңызды. Ал «екпе салдырудан бас тартқан мұғалім мектепте сабақ бере алмайды» деген – жалған ақпарат. Қазір ұстаздарды екпеге шақыру жұмысы әр мектепте жүргізіліп жатыр. Мұны күштеу деп ұғынбау керек. Тек түсіндірменің толыққанды жетпеуінен біржақты пікірлер қаптады. Бір анығы, педагогтер екпе салдырмағаны үшін жұмыстан қудаланбайды. Осыны түсінейік, – деді Қызылорда облысы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Абай Тағыберген. Осылайша, елімізде пандемияның үшінші толқыны сезілсе де, қызылордалық балғындар сабақты мектеп қабырғасында оқитын болды. Қауіпті болса да, жаңа қаулының талабы солай. Ең бастысы, баланы ауыртып алмайықшы!Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы