Қызылорда қаласында жасыл желекке көмкерілген Арбаттың бойындағы ағаштар тасқа бастырылып жатыр. Енді мыңдаған тал-көшеттердің әрі қарай өсіп-өнуі екіталай. Өйткені тамырына ылғал тұрмақ ауа да бармайтындай етіп, тал түбін саңылау қалдырмай қымтап тастаған.
3-4 айдан бері Арбаттың бойында құрылыс жүріп, жолдың үстіне брусчатка төселіп жатыр. Қаланың көркейгені дұрыс. Алайда жылда жаңалық ашып, ысырапшылдыққа барудың қажеті не? Онсызда Арбаттың ажары «әйбат» еді ғой. Айтайын дегенім бұл емес. Арбаттың тарихы әріде жатыр. Әу баста Нұржан Әуелбеков дейтін іскер басшы сонау Көкшетаудан жеміс, шырша, самырсын талдарын алдырып, мыңдаған көшет ағашын осында отырғызған көрінеді. Одан кейін де мұнда талай рет абаттандыру жұмыстары қолға алынып, көшенің көркі ажарлана түсті. Енді сол Арбаттың ажарын ашқан ағаштар тасқа бастырылып, қолдан тұншықтырылып жатыр. Бұл табиғатқа қиянат емес пе? – Арбаттың бойында бәрін брусчаткамен бастырып кеткен. Бұл проблема Назарбаев даңғылында бар. Жауапты мамандарға айтқанмын. Қайбір жылы бұл маңда 270 тал бар еді. Енді абаттандырудан кейін оның қаншасы қалғаны белгісіз. Осыдан кейін мына талдар өле бастайды. Біздің ауа райымызға тамшылатып немесе шашыратып суару әдісін қолдану –ақымақтық. Неге десеңіз, біздің жердің саз топырағы басым. Сондықтан бұлай суару талдың тамырына бармайды. Қазір Назарбаев даңғылы бойындағы талдың тамыры 1,5 метр тереңдікте қалып қойды. Олар қалай су ішеді? Ертең қурап қалады ғой. Бірер жыл бұрын сол маңдағы 100-150 талды шілдеде қурап жатқан жерінен тірілтіп алғанмын. Ал мына тасқа бастырылған талдар көп ұзамай қурайды, сосын оны көрмесін деп, түбінен кесіп құртады. Осылай өз-өздеріне проблема тауып қойды. Қазір бұл талдар астындағы бар ылғалмен көктемде көктегенімен, жазда түсі қашып, қурап қалады, – дейді табиғат жанашыры, Қызылорда қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Болат Нұрқожаев. Назарбаев даңғылында орналасқан жаяу жүргіншілер жолы былтыр жөнделген еді. Бірақ қоғам белсендісі айтқандай, мұнда да талдар тас астында қалып қойған. Аймақта ұзақ жыл басшылық салада қызмет атқарған Сәдуақас Аңсат ағамыз да осы мәселені көтеріп, жауапты басшыларға талай рет ескертті. – Өзім басқа қалалардағы Арбатты көрдім. Жасыл желекке көмкеріп, жауһар гүлзарлармен безендіріп қойған. Қарасаң, көз тоймайды. Арбаттың сәні осы емес пе? Ал бізде бәрі, керісінше жүріп жатыр. Шыққан тал мен шыршаларды күтіп ұстаудың орнына оларды таспен бастырып, тамырына балта шабумен әлек. Ертең олардың бәрі қурап қалмай ма? Қызылорданың 40-50 градус ыстығында талдың түбіндегі тастардың өзі қол тигізбестей қызады. Сонда қалай, бізде газонсыз, гүлсіз, талсыз Арбат бола ма? Көркейту-көгалдандыруды қолға алайық. Абаттандырамыз деп тас қалаға айналдырмайық, – дейді қоғам қайраткері С.Аңсат Қазір Арбатты абаттандыру бағытында құрылыс қарқын алды. Алдағы уақытта 3 субұрқақ салынып, 18 кіші архитектуралық форма орнатылмақ. Ал аяусыз тасқа тұншықтырылып жатқан ағаштар мен шыршаларға араша сұрап, Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне хабарластық. Олардан: «Аталған аумақтағы абаттандыру жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ. Сонымен қатар жобада жасыл желекті тамшылатып суару әдісі арқылы күтімін жасау қаралған» деген жауап келді. «Көктеп тұрған ағашқа обал жасамаған жөн. Сондықтан бұл мәселені біржақты қылған дұрыс. Табиғатқа зиянымыз тимей, әр талдың өсіп-жетілуіне көңіл бөлейік», – дейді табиғат қорғаушылары. P.S.Біз көзбен көріп, көкейге түйген кемшілікті жаздық. Онсызда «Қызылордада тал жоқ» деп жүр орман көргендер. Жо-жоқ, Сыр елінде тал да, шырша да бар. Бірақ табиғатқа жанашырлық бәсеңдеу сияқты. Әйтпесе, дәл бұлай табиғатқа қиянат жасалмаушы еді. Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?!
Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы