Ақмолада 122 миллионның алтынын ұрлаған күдіктілер қолға түсті
Ақмолада 122 миллионның алтынын ұрлаған күдіктілер қолға түсті
129
оқылды

Шортанды кентінде 122 миллион теңге көлемінде ұрлық болса, Степногорск қаласында 1,5 миллиард теңгені үптеп кеткен. Соңғы факт бойынша күдікті осыдан бір ай шамасында анықталған. Бүгін 122 миллион теңге ұрлану фактісі бойынша полицейлер күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, биыл 2 наурызда Шортанды аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне телефон шалынып, Жолымбет кентіндегі «Қазақалтын» акционерлік қоғамы кен орнының десорбция сақтау камерасынан белгісіз біреулердің катодты алтын қапшығын жымқырып кеткен. Аталған қылмыстық әрекеттің салдарынан кәсіпорынға 122 миллион теңге көлемінде ірі көлемде шығын келтірілген.

«Аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 188-бабының 4-тармағы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау үшін дереу арада тәжірибелі криминалды және тергеу полицияларының қатарынан арнайы жедел тергеу тобы құрылған. Кешенді іздестіру және тергеу шаралары жүргізілді. 300-ге тарта адамнан жауап алынып, кәсіпорын нысанындағы бейнебақылау камералары мен ауылдың аумағындағы камералардың бейнежазбалары тексерілді», – дейді Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Бейнеархив жазбаларын сүзіп талдаған тергеушілердің назарына Жолымбет кентінің 26 және 34 жастағы екі азаматы іліккен. Екеуі де «Қазақалтын» акционерлік қоғамында жұмыс істейтін болып шыққан.

«Кешенді тергеу шаралары барысында екі жігіт аталған қылмысқа осыдан жарты жыл бұрын әзірленгені анықталды. Қазір екі күдікті жігіт те өз істерін толықтай мойнына алды», – дейді Гүлнәр Пинчук.

Күдіктілердің бірінің пәтерінен катодты алтын фабрикасынан ұрланған алтын сол күйінде табылған.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы