Қалаға кірген халықты далада қалдырды

Қалаға кірген халықты далада қалдырды

Осыдан сегіз жыл бұрын Жамбыл ау­данына қарасты Қызыл-Абад елді ме­кені бір түнде Тараз қаласының құ­рамына кіріп, ауылдағы ағайын қа­лалық болып шыға келген. Олардың көбі жағдайымыз жақсарып, тұрмы­сымыз түзеледі деп үміттенген. Алайда бүгінде №11 округке қарасты ау­мақта шешімін таппаған мәселе шаш етектен. Тұрғындар «қала құрамына кіргенімізді қайтейік, күніміз бұ­рынғыдан да нашарлап кетті» деп зар жылап отыр.

Тұрғындар құдықтан су ішіп отыр

Бүгінде Қызыл-Абад шағынауданында 163 түтін түтеп, 612 халық қоныс тепкен. Тә­уел­сіздік жылдарынан бері мұнда меди­циналық амбулаторияның салынғаны бол­маса, басқа ауыз толтырып айтарлық тірлік жасалған емес. Аумақ қала статусын алған­нан бері мұнда жер алып, үй салушы­лар қатары артқан. Айналдырған 5-6 жылдың ішінде жаңадан он шақты көше құрыл­ғанымен, тасжол мәселесі табанды тіліп тұр. Осы күнге дейін бір ғана көше асфальтталған. Оның өзі кеңестік кезеңнің кескіні ретінде қалған тоз-тозы шыққан жол. Қалған көшелерге аспаннан бір тамшы жауын түссе, «үйрек ұшып, қаз қонатын» күйге жеткен. Жазда ауылдықтар шаңға көмілсе, қалған мезгілде лай кешіп жүр. Тұрғындар әлі күнге ауызсуды жер құдықтан тұтынады. «Жамбыл-Су» меке­месінің ұңғымасы ал­қап­тан 100 метр жерде орналас­қанымен, орталықтан­дырылған таза ауызсу халыққа жетпей отыр. – Тараз қаласына қосылғаннан кейін Қызыл-Абад шағынауданының даму жоспарын билік өкілдерінен сұрағанбыз. Алайда олар осы күнге дейін оны бізге көр­сетпеді. Алқап маңында бір қаланы сумен қамтуға қауқарлы «Жамбыл-Су» мекемесі орналасса да, әлі күнге суды құдықтан ішіп отырмыз. Тәуелсіздік таңынан бері ішіп отырған суымызды тексеріп келген билік­тен бір адам болмады. Кейінгі кездері ау­дан­ның жоғары жағына үйлер көптеп са­лын­ғандықтан, қазір ауызсудан үрейленіп отырмыз. Себебі олардың сарқынды суы небәрі 8-9 метр жерден қазып ішіп жатқан суымызбен араласып жатқан жоқ па деген күдік басым. Айналамыздағы шағын­аудан­дардың барлығы орталықтандырылған таза ауызсуға қол жеткізіп қойғанда біздің құ­дықтан су ішіп отырғанымыз жанға батады. Ертең сол судан ел ішін індет жайласа қай­теміз? Сондықтан басқа-басқа билік­тегі­лер ауызсу мәселесін шешіп берсе бо­лады ғой,– дейді ашынған алқап тұрғыны Құр­манбек Беспаев.

Қоғамдық көлік те, жарық та жоқ

Қызыл-Абад шағынауданына қатынау қиямет-қайым. Тараз қаласына дейінгі қашықтық бірнеше ғана шақырымды құраса да, мұнда қоғамдық көліктер қа­тынамайды. Қара халық жұмысқа такси жалдап баруға мәжбүр. Оған қоса бала­бақшаны ескі ғи­ма­рат орнынан ашып бер­генімен, ол да сани­тар­лық талапқа сай емес. Ол ғимарат тіпті Кеңес кезеңінде түрлі сынама жүргізілген зертхана болған көрінеді. Алқаптағы ағайынның жанайқайына айналып отырған тағы бір мәселе – ауданда жарық мәселесі толықтай шешімін тап­паған. Салынып жатқан жаңа үйлерді қос­қанда, орта есеппен 250 үйге қуаттылығы 170-180 кВт-тық жалғыз трансформатор қызмет көрсетуде. Бұл аз десеңіз, соңғы жылдары салынып жатқан үй иелері токты бір-бірінен тартып алып жатқандықтан, жұртқа жарық жетпей, тұрғындардың тас қараңғыда күнелтетін күні көбейген. – Қызыл-Абад шағынауданына 2011 жылы көшіп келдік. Сол жылы тұрғындарға берілген жер учаскесіне алғашқылардың бірі болып баспана салдық. Сол уақыттан бері  5-6 көшеде үйлер бой кө­терді. Осы тоғыз жылдың бедерінде жарыққа бір жарыған емеспіз. Бағаналарды өзіміз тұрғызып алғанымызбен жылдар өте сыр беріп, электр тогы салбырап қалды. Мұны қарап, тексеріп жатқан бір пенде жоқ. Жел тұрған күндері токтың астына балаларымыз түсіп қалмаса екен деп жанымызды шү­берек­ке түйіп отырамыз. Сондықтан ау­данға тағы бір трансформатор салып беріп, токтың барлығын құзырлы мекемелер тек­серіп шықса деген өтінішіміз бар, – дейді тұрғын Шолпанай Егембердиева.

Биліктегілер не дейді?

 Бұл мәселемен №11 округтің бас ин­спек­торы Мұрат Аққұлиевке қайырылып едік, ол шағынауданға электр бағаналары салынып жатқанын жеткізді. – №11 округке қарасты 6 шағынаудан мен 28 саяжайдың электр бағаналарын жаңарту үшін бюджеттен 2,3 миллиард теңге бөлінді. Қазір мердігер компания анық­талып, Қызыл-Абад шағынауданының да электр бағаналарын жаңарту жоспарға еніп отыр. Жақын арада ескі бағананың бар­лығы алынып, жаңасы орнатылады. Ал ауызсу мә­селесіне келсек, бұл түйткілдің түйінін тар­қату үшін Тараз қаласының әкімдігі тиісті құжатты  әзірлеуде. Жыл соңына дейін алқапқа таза ауызсу кіргізіледі деп күтілу- де, – дейді округтің бас ин­спекторы. P.S.

 Әрине, бұқараның базынасын айтып, билік өкілдеріне тілшілер барғанда жаттанды жауапты жатқа соғатыны бесенеден белгілі нәрсе. Алайда округтің бас инспекторы айт­қандай, бар мәселе жыл соңына дейін ше­шімін тауып жатса, құба-құп. Алайда 2019 жылы шағынауданға көгілдір отынды «Бай­зақ газ» ЖШС тартқанымен, әлі күнде бұқа­ра газ қы­зы­ғын көре алмай келеді. Тұрғындар мер­дігерге 400 мың теңгеден жинап берсе де, се­ріктестік үйлерді газға қосуды сағызша со­зып жүр. Жуырда дәл сол мердігер Жуалы ау­данындағы бірқатар елді мекенді де газбен қамтимын деп соңы айқай-шуға ұласып жатқанын құлағымыз шалды. Демек, «әй дейтін  әже, қой  дейтін  қожа» болмағандықтан, «Байзақ газ» ЖШС білгенін істеп жатыр де­ген сөз. Ертең жоғарыда аталған ауызсу мен жарық мәселесі де жауапсыз мердігердің қо­лына тиіп, күнде ертеңмен  күнелтпесімізге кім кепіл? Сондықтан Қызыл-Абадтағы ағайын­­ның жағдайын сансыз жиындарта тал­қыла­ғаннан гөрі, қала әкімі бастаған топ бір барып нақтылағаны жөн-ау...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы