«Болашақ» бағдарламасы: жаңа мүмкіндіктер бастамасы
«Болашақ» бағдарламасы: жаңа мүмкіндіктер бастамасы
3,474
оқылды

Тәуелсіздік алғаннан бергі жетістіктерді сөз еткенде ел дамуына өлшеусіз үлес қосуы тиіс білім мен ғылым саласына тоқталмай өту мүмкін емес. Әсіресе, Қа­зақстан жастарына жаһандағы дамыған, оқу-тоқуы же­тілген мемлекеттердің есігін ашқан «Болашақ» бағдар­ламасының жөні бөлек.

Әу баста «Болашақ» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылы 5 қарашадағы №1394 қау­­лысына сәйкес құрылды. Бұл бағ­дарлама 90-жылдардың күрделі кезеңіне сәйкес келгенімен, Ел­­басы бағдарламаның ел келешегі үшін маңызды екенін жақсы түсін­ген еді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміз нарықтық қа­тынастарға көшкен сәттегі қиын­дықтарға қарамастан жа­салған қадамның маңызды болғанын атап өткен-ді. «Болашақ» бағдар­лама­сын бекіту туралы қаулы қа­был­даған кезде Қазақстанның төл валютасы айналымға әлі ен­беген болатын. Соған қара­мастан мем­лекет тәуекелге барды. «Біздің «Болашақ» бағдарламасын бекіт­кеніміздің дұрыс болғанын өмір­дің өзі көрсетіп отыр. Еліміз үшін ең күрделі болған 1993 жылы қарттарға зейнетақысын бере алмай жатқан кезде, мұғалімдер мен дәрігерлерге, әскерилерге айлығын төлей алмай жатқан тұста жастарымызды әлем­нің ең үздік ЖОО-ларына жолдап жаттық. Мемлекет әрбір жас үшін жыл сайын 30 мың-50 мың АҚШ долларға дейін төлеп отырды. Міне, осы жолмен қазір 14 мың жас өрен оқып, тағы да 20 мыңын ата-аналардың өзі жіберіп отыр. Олардың 12 мыңы қайтып келіп, біздің экономикаға жұмыс істеуде» деген еді Елбасы 2019 жылы. Яғни, экономика мен әлеуметтік сала­лар­­­­­ға қаржы табылмай тұрған қиын сәтте мемлекет білімді кадр­лар даяр­лауды бірінші орынға шығар­ды. Бүгінде бағдарлама өз жемісін беріп жатыр.

Алғашқы студенттер 1994 жылы шетелге кетті

Негізі, Қазақстан сол жылдары ТМД-да бірінші болып шетелдерде жастарды оқытуды бастаған мем­лекет еді. Әрине, ол кезде өз қал­таларынан қаржы шығарып, Еу­ропа мен АҚШ-қа, Жапония мен Кореяға оқуға кеткен азаматтар ТМД елдерінде аз болған жоқ. Алайда дәл Қазақстан сияқты бұл іске мемлекеттік деңгейде мән беріп, арнайы бағдарлама әзірле­гендер сирек еді. Өйткені шетел­­дерде жастарды оқыту арзан «ер­мек» емес. Қазақстандық алғашқы студенттер 1994 жылы оқуға аттан­ған болатын. Сөйтіп, 1994-2004 жылдар аралығында әлемнің 13 елінде 785 студент білім алды. Кейін шетелге оқуға кететін сту­денттер саны мыңдап саналатын болды. 27 жыл ішінде 11 мыңнан астам білікті кадр даярланды. Сонымен бірге мыңдаған азаматы­мыз әлі шетелдерде білім алып жатыр. Статистикаға сүйенсек, олардың 44,4 пайызы Ұлы­бри­тания мен Ирландияның оқу ор­­нында, 41,9 пайызы АҚШ пен Канада университетінде, 6,4 пайызы Еу­ропа елдерінде білім алып жүр. Со­­­­нымен бірге 3,6 пайызы – Аустралияда, 2,2 пайызы – Ресейде, 1,5 пайызы Азия елдерінде оқып жүр. Бұл Қазақстанның жоғары білім са­ласында да көпвекторлы бағыт ұстанатынын көрсетеді. Ал «Бола­шақ» бағдарламасы бұл ұс­таным­ның ұстынына айналған.

«Болашақтықтардың» жетістігі қандай?

Бүгінде «Болашақ» стипен­диясы арқылы шетелдерде оқып келген мыңдаған маман түрлі са­лаларда еңбек етіп жүр. Олар медицина, инженерия, IT, білім беру, құқық және басқа да салада қызмет етуде. «Болашақ» стипен­­диясымен оқыған 150-ден астам азамат ғылыми мекеме мен жо­ғары оқу орнында профессор деңгейіне жетті. Олар жылына 1,2 мың ғы­лыми мақала жария­лайды. Со­нымен қатар бағдарлама нәтиже­­сінде экономиканың нақ­ты сек­торына 4 мыңнан астам маман қосылды. Олардың 2,2 мыңы инженер болса, 1,5 мыңы ақ­параттық технологиялар мен ком­му­­­­­никация, 400 адам жара­тылыс­тану, 80 маман ауыл шаруа­шылығы саласында еңбек етуде. Одан бөлек, шетелдерде оқып келген 790 маман медицина саласында жұмыс іс­тейді. Олар­дың 545-і – білікті дә­рігер. Жылына бұл мамандар ша­мамен 213 мың науқасты емдейді. 972 маман бас­тауыш, орта және жо­ғары оқу орын­дары мен білім беру орта­лықтарында жұмыс іс­тейді. Олар шамамен 163 азаматқа білім беріп жүр. Сонымен бірге 200-ден астам азамат өнер, мәде­­ниет са­ласында еңбек етеді. Демек, жылына миллионға жуық кө­­рер­мен тама­шалайтын 5 мың­дай концерт, қойылым және түрлі мә­дени шара өткізеді деген сөз. Жалпы, «бола­шақтықтардың» 75 пайызы өз білгендерімен ұдайы бөлісіп оты­ра­тыны анықталған. Осы­лайша, Елбасының тікелей бақы­лауында құрылған «Бола­шақ» бағдарламасы Қазақ­станда білім мен ғылымды насихаттауға орасан зор еңбек сіңіруде. Бұл үрдіс әрі қарай жал­ғасын табары сөзсіз.

Ағылшын тілін үйренушілер қатары артты

Әдетте «Болашақ» бағдар­ла­масы туралы сөз еткенде көбіне нақты даярланған мамандар, олар­­дың қызмет етіп жүрген сала­лары жайлы көбірек сөз болады. Деген­мен бағдарламаның қосым­ша әсері бар екені байқалады. Әри­не, бұл бағытта нақты зерттеу жасалған жоқ. «Болашақ» бағдар­ламасы ен­гізілгеннен бері елімізде ағыл­шын немесе өзге де шет тілдерін үй­ренуге деген сұраныс күрт өсті. Бү­гінде мектеп оқушы­ларының арасында IELTS және TOEFL қа­тарлы емтихандарды тапсыруға тырысатындар қатары да артқан. Қазір аталған емти­хандар мен өзге тілдердің сынақ­тарынан жоғары ұпай алатын оқу­шылар аз емес. Бұл дегеніңіз – Елбасының үштілді еркін меңге­руге бағытталған сая­сатының авто­матты түрде жүзеге аса баста­ғанының көрінісі. Соны­мен қатар бағдарлама бас­тапқы кезде қаржы бар, бақуатты отбасы балаларының ғана қолы жететін жоба сияқты көрінгенімен, іс жүзінде қазір стипендия барлық әлеуметтік топ өкілдері үшін қо­лай­лы деңгейге жетті. Тек жастар білімін дәлелдесе болғаны. Ал кейін оқу бітіріп келген жастар өз қабілет-қарымы­на байланысты жоғары қызметке орналасуға мүм­кін­дік алады. Бұл бағдарлама­ның әлеуметтік саты рөлін атқарып отырғанын көрсе­теді. Сондай-ақ бағдарлама қо­ғамдағы әлеуметтік топтардың арасындағы жіктің те­реңдеп ке­туіне де жол бермейтін құ­ралға айналды. Яғни, дәстүрлі капи­талистік қоғамдағыдай бай мен кедейдің арасындағы алшақ­тық­тың денсаулық сақтау, білім беру сияқты салаларға еніп кетуіне тос­қауыл болуда. Бұл жағынан қарастырғанда бағдарлама Қазақ­­станның әлеуметтік мемлекет құруды басшылыққа алған ұстаны­­мымен үйлескен жоба.

А.СҰЛТАН