Ақмолада экологияны бұзудың 103 фактісі анықталды. Жергілікті экологтер осылай деп дабыл қақты. Әсіресе, атмосфераны, ағын суды ластау фактілері көбейген.
Өңірдегі кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғауға және экологияға мән бермеу салдары осындай өрескел заңбұзушылықтарға әкелген. Ақмола облысының Экология департаментінің мәліметінше, тұрғындардың шағымдарына сәйкес жүргізілген тексерістер расында да бірқатар кәсіпорынның жылдар бойы экологиялық нормаларды мүлде ескермегенін анықтаған. «Целиноград ауданында тұрғындардың медициналық қалдықтарды жағу бойынша шағымы болған соң тексеріс жүргіздік. Қызмет барысында оның мүлде экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болды. Сот арқылы сараптама қорытындысы кері қайтарылды. Сөйтіп, бүгінде кәсіпорын аталған өндіріс алаңында өндірістік қызметті жүзеге асырмайтын болды. Осылайша, кәсіпорынның қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына жағымсыз ықпал етуі тоқтатылды», – дейді Ақмола облысы Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ержан Ахметов. Сондай-ақ ведомствоның мәліметінше, дәл сол Целиноград ауданында су бұру және өткізу кәсіпорны ағын суды ластайтын заттарды тастау нормаларын шамадан тыс асырып жіберген. Департаменттің нұсқауымен кәсіпорын тазалау қондырғысын ауыстырып, ластайтын заттардың ағын суға түсуі тоқтап, бекітілген нормативтер сақтала бастаған. Экологияның бұзылу фактілері Бурабай ауданында да анықталыпты. Мұнда жылумен қамту кәсіпорны атмосфераға шамадан тыс зиянды қалдықтар шығарған. Бұл өз кезегінде Щучинск-Бурабай курортты аймағындағы ауаның сапасына елеулі кері ықпалын тигізіпті. Дегенмен арнайы жүргізілген тексерістерден кейін кәсіпорын ауаға зиянды қалдықтардың шығарылуын азайтқан. Облыстағы ірі өнеркәсіп орны орналасқан Степногорск аймағында да біршама экологиялық мәселелер болған. Әсіресе, кен өндіретін зауыттардан өзендерге қауіпті химиялық заттардың төгілуі, маңындағы ауылдардың қою түтін мен шаңға тұншығуы одан келіп түрлі ауыр созылмалы аурулардың пайда болуы сияқты фактілер тіркелген. Экология департаментінің басшысы бұл мәселенің де оңтайлы шешімін тапқанын жеткізді. «Степногорск өңірінде кен өндіруші кәсіпорын сараптаманың қорытындысысыз заңсыз құрылыс нысандарын салып жатқаны анықталған. Бұл жергілікті тұрғындардың тарапынан үлкен наразылық тудырды. Біз тексеріс жүргізіп, қоршаған ортаның орасан мөлшерде ластанғанын анықтадық. Шаңды боранды азайту үшін шаралар ұйымдастырылды. Заңсыз салынып жатқан құрылыс тоқтатылды», – дейді Ержан Ахметов. Жүргізілген кешенді жұмыстар нәтижесінде «Бурабай Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорны қоршаған ортаны ластайтын заттарды едәуір мөлшерде азайтқан. Ал 29 наурыз күні облыстың эколог мамандары «Қазгидромет» РМК өңірлік филиалымен бірлесіп, «Көкшетау Жылу» кәсіпорнының айналасындағы ауаны зерттеп, жеті көрсеткіш бойынша екі мәрте сынама алған. Нәтижесінде, ауаны ластау жағдайлары анықталмапты. «Жалпы, осы жылы алты мәрте тексеріс өткізілді. Ауаны шамадан тыс ластау бойынша үш оқиға анықталды. Біреуі автокөліктің ластануы болса, екеуі жылу қазандықтарының шығарған қалдықтары болып отыр. Қазір олардың шығындары есептеліп жатыр. Сондай-ақ «Алтынтау Көкшетау» кәсіпорнының аумағында судан екі мәрте сынама алынған. Тексеріс нәтижесінде ешқандай шамадан тыс бұзылу жағдайы анықталмады», – дейді департамент басшысының міндетін атқарушы Ержан Базарбекұлы. Ведомство жоспарлы тексерістерден бөлек кәсіпорындарға жоспардан тыс екі тексеріс өткізген. Ауаға сегіз мәрте және суға үш мәрте сынама өткізген мамандар «Щучинск сүт зауыты» кәсіпорнының ағын суға лас қалдықтарды көп мөлшерде ағызып келгенін анықтаған. Бұл жергілікті жердің жер бедеріне де кері ықпалын тигізіпті. «Аталған кәсіпорынға 43 755 теңге мөлшерінде айыппұл салынды», – деп толықтырды Ержан Ахметов. Щучинсктегі ағын судың ластану фактісі Шортанды ауданының Жолымбет ауылында да қайталанған. «Қазақ Алтын» акционерлік қоғамының алтын өндіретін кен орны орналасқан бұл ауылдың тұрғындары да ауа мен судың ластанып жатқанын айтып шағымданыпты. Олардың айтуынша, Ащылы Айрық өзеніне құятын тұста ластайтын қалдықтар көп төгілген. Өзеннің аталған бөлігінен су сынамасын алған эколог мамандар сараптама өткізіп, нәтижелерін арызданушыларға жолдапты. Мамандар қазір тексеріс өткізуге шаралар қабылданып жатқанын айтты. P.S.Жүргізілген тексеріс нәтижесінде Ақмола облысында экологиялық ахуалды төмендетіп, қоршаған ортаға елеулі зиянын тигізген кәсіпорындарға 44 әкімшілік іс қозғалып 63 551,2 миллион айыппұл салынған. Мәселен, «Қазақ Алтын» акционерлік қоғамына қарасты «Қазақалтын Tehnology» ЖШС Бестөбе кенті тұрғындарының шағымдары бойынша жоспардан тыс тексеріс кезінде Бестөбе кен орнында қоршаған ортаға эмиссияның жоқтығы, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысының болмауы, шаң басу жұмыстарын толық көлемде орындамағаны анықталып, жалпы көлемі 877 823 теңге сомасында айыппұл төлеген. Сондай-ақ компанияға 1 491 761,63 миллион теңге айыппұл салынып, шығын толықтай төлетілген. Сондай-ақ «Ақсу Tehnology» ЖШС қауіпті қалдықтарды қауіпсіз қалдықтармен араластыруына, жерді ластауына, мемлекеттік сараптаманың болмауына және қоршаған ортаға эмиссия рұқсатының болмауына байланысты 236 130 теңге сомасында айыппұл төлеген. Сондай-ақ қоршаған ортаға шығын келтіргені үшін 2 669 541,41 теңге сомасында айыппұл өндіріліп алынған.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы