Бөлінген ақшаның жартысы – жолға, қалғаны – қолға

Бөлінген ақшаның жартысы – жолға, қалғаны – қолға

Елімізде ең көп қаржы бөлінетін саланың бірі – жол құрылысы. Жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттерден маңызы бар деп танылған жолдардың өзіне шамамен 200 млрд теңге көлемінде қаражат қа­­­ралады. Одан өзге аудан мен елді мекендер ішіндегі жолдар бар. 2019 жылы 200-ді былай қойып, 500 млрд теңге жұмсадық. Жасыратыны жоқ, әсіресе аймақтардағы жолдардың көбінің сапасына көңіл толмайды. Бұған жол құрылысында жемқорлық жайлағаны кесірін тигізіп отырғаны сөзсіз.

Осыдан 3-4 жыл бұрынғы есепке жүгінсек, Қазақстанда екі жолақты асфальтталған жолдың бір шақырымын салу үшін шамамен 700-800 мың доллар қажет болған. Ал цемент-бетон жабыны мен бөліп тұратын қоршауы бар төрт жолақты жол­дың бір шақырымына 3,7 мил­лион доллар шығын болады деп жоспарланыпты. Енді қа­раңыз, бұл баға жол төсеуге ұсын­ған әлемдегі ең қымбат бағалардан асып түскен. Соған қарамастан, жалпы еліміздегі жол сапасы өте төмен деңгейде. Сөзіміз жалған болмасын, жол сапасы жөніндегі халықаралық рейтингте 2017 жылы 114-орын­да тұрдық. 2018 жылы 106-орынға шықсақ, 2019 жылы 93-орынмен ғана шек­телдік. Жолға көп қаржы бөлетін елдердің қата­рында тұрып, мұндай көрсет­кішпен мақтануға болмайтынын ес­керген жөн. Жуырда ғана Алматы об­лысының Ескелді ауданына қа­расты Матай Байысов атын­дағы ауылда былтыр тамызда ғана төселген жол шұрық-тесік бо­лып жатқаны анықталды. Жал­пы ұзындығы 2 шақырымдай осы жолға 50 миллионға теңгеге жуық ақша бөлініпті. Байқасақ, жол астына шебін төселмей, асфальтқа топырақ араластырып құя салған. Ал әкімдік болса, «мердігер компания өзі жөн­­дейді» деп сылбыр жауап бере салыпты. Әзірге тұрғындар на­разылығы болмаса, жол құры­­­лысына қатысты еш тексеріс жүргізілмей тұрған тәрізді. Айт­­пақшы, сапасыз жол дегенде есімізге былтыр әлеуметтік же­ліде «әйгілі» болған Маң­ғыстау облысының Мұнайлы ауданы Баянды ауылындағы «кілем жол» аталған асфальт еріксіз еске тү­седі. Әуелде көптің назары ауған соң аудан әкімдігі түрлі жауап қатып, біраз жалтақтаған бо­латын. Ақыры сәуірдің ба­сында аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бө­лімінің басшысы жол құры­лысы кезінде пара алғанын мойындап тынды. Жолының 92 пайызы жақсы және қанағат­­­танарлық деңгейде тұрған Маң­­­ғыстаудың өзінде жағдай – осындай. Мұн­дай оқиғаларды тізбектеп, тауы­са алмаспыз. Осыған дейін «Қаз­автожолдың» өңірлік фи­лиал­дарының лауазымды тұлға­ла­рының бірнешеуі сотта­лып кеткенде, шенділердің олардан қалыса қоймасы анық болған. Сонымен, жолға бөлінген қаржы жемқорлық жолына «төселеді» екен. Ал қылмыс схемасы қандай әдістермен жүзеге асады?

Жемқорлық жолы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жол құ­­­рылысы саласында жем­қор­лықтың көп екенін бұған дейін де растаған. Агенттік бұл тұста шенділер мен мердігер компа­­­ниялардың қандай әдістермен айлаға баратынын көрсеткен екен. Талдау бойынша, қызмет жеткізушісін анықтау кезінде мемлекеттік сатып алуды өткізу ережелерін бұзу, жобалау-сме­талық құжаттаманы әзірлеу ке­зінде жобаның құнын арттырып жазу, сапасыз құры­лыс мате­­риалдарын алып, қаражат жым­қыру көп кездеседі. Бір ескерері, мұндай амалдардың бәрінде шен­ділер өз «үлесін» алады. Сон­дай-ақ объектілерді пайда­лануға қабылдауды, рекон­струкциялау және жөндеу ке­зінде тексеру рәсімдерін лауазымды тұлғалар жү­зеге асыратынын ойласақ, жем­қорлық құзырлы органдар ар­қылы «жайқалып» отыр. Ал тех­никалық қадағалауды осы салада қажетті білімі жоқ тұл­ғалар атқарады немесе кемші­­лікті көре тұра оң бағалай с­а­лады. Жемқорлыққа қарсы қыз­мет мамандары мұны шешудің жолын да ұсыныпты. Айтуынша, қоғамдық бақылауды күшейту тиіс. Яғни, жол құрылысын қа­былдар алдында халық пікірі тыңдалу қажет. Мәселен, объек­тілерді пайдалануға қабыл­дау кезінде арнайы комиссиялар құрылады. Олардың құрамына тапсырыс берушінің, бас мердігердің, жергілікті атқарушы органдардың, сәулет және қала құрылысының өкілдері ғана кіреді.

2025 жылды күтеміз бе?

2019 жылы мамыр айында барлық аймақтық жол зерт­ха­налары «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» құрамына біріктірілді. Жол сапасын ба­қылауға қатысты ауқымды жұ­мыстар ілгері басты. Былтыр орталық мамандары 11,5 мың­нан астам асфальт сына­масын тексерген. Оның үштен бірі, яғни 4,5 мыңы стандартқа мүлде сай келмейтін болып шыққан. Қазақстандағы ең жақсы жолдар Маңғыстау, Павлодар және Алматы облысының тұрғын­да­­­рына тиесілі. Ал ең нашар баға­ланған жолдар Батыс Қаза­қстан, Атырау мен Солтүстік Қазақстан облысында екен. Тексеру нәтижесіне сенсек, әсіресе жергілікті жолдардың тозығы жеткен, республикалық бағыттармен салыстырғанда кем-кетігі өте көп. Біріншіден, қаржыландыру мардымсыз. Екін­шіден, мердігер ұйымдар жергілікті жолдарға кепілдік мерзімін екі есе қысқа белгілейді. Үшіншіден, мемлекет жергілікті жолдарды көлденең көк атты компанияларға сеніп тапсырады. Мәселен, Талдықорған – Өске­мен және Омбы – Майқапшағай магистраль­­дарының кейбір учаскелерін жасауға қытайлық CITIC Construction Ltd, ита­­­­­лиялық Todini Central Asia се­­кілді ірі консорциумдар жұ­мылдырылған. Ал жергілікті жолдарды місе тұтатын кішігірім отандық компаниялар техни­­калық жабдықталуы жағынан шетелдіктердің шеніне келмейді. Олар құрылыс материалдарын тасуға да қиналып, өзге өңір­лерден әкелсе, қалтасы қағыла­тынын біліп, таяу маңда жатқан қиыршық тастарды талғамай пайдаланады екен. Былтыр Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­­нистрлігі 2025 жылға дейін Қазақстандағы автожолдың 95 пайызын мінсіз қылмаққа мақ­сат қойды. Жойқын жоспарды орындауға республикалық бюд­жеттен аста-төк ақша бөлінеді. Шетелдік инвесторлар да қарап отырған жоқ. Үкімет жол тө­­­сейтін компанияларға қатаң талаптар қойып жатыр. 2020 жы­лы ең қиын учаскелерді анық­­тау үшін цифрлық карта сызылып, жолдардың сапалық рейтингі түзілген болатын. 95 пайыз мінсіз жолымыз шын­дыққа айнала ма, әлде құр қиял ма, әзірге беймәлім. Кесіп-пі­шіп, нақты жауап беру қиын-ақ. Әйткенмен жемқорлық ауыз­дықталмайтын болса, осы тесік-шұқыр жолдардан арыла қо­й­масымыз анық.

Мадияр ТӨЛЕУ