Мәжіліс отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
«Қазақстан азаматтарының пікірін ескере отырып, 2016 жылдың 6 мамырында Президент Жарлығымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, сондай-ақ, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге, бұдан басқа Қазақстанның азаматтары мен заңды тұлғаларына ауыл шаруашылығы жерлеріне жекеменшікке беруге қатысты мораторий енгізілді. Мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталатынын ескере отырып, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биыл 25 ақпандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында жер мәселесі қашанда халқымыз үшін аса маңызды екендігін жариялай отырып, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды», – деді ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.
Заң жобасы әзірленіп, биыл 15 наурызда Мәжілістің қарауына ұсынылды, – деп жазды inform.kz.
«Бүгінгі таңда ұсынылған заң жобасымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толық тыйым салу көзделген. Сонымен қатар, заң жобасында бұдан бұрын шетелдіктермен және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялармен жалға алынған ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдалану мерзімі ұзартылмайтындығы және олардың пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болатыны қарастырылған», – деді министр.
Оның айтуынша, қандастар бойынша олар жеке қосалқы шарушылығы, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер учаскесін ала алады. Ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар.