Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы қамауға алынды
Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы қамауға алынды
230
оқылды

Ол мемлекеттік ауруханаларға жетіспей жатқан өкпені жасанды желдету аппараттарын (ИВЛ) жекеменшік медициналық ұйымдарға тапсырған деген күдікке ілінді, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

Көкшетау қалалық тергеу сотының мәліметінше, олар Сүлен Ілиясовты осыдан екі ай бұрын қамау туралы қаулы шығарған. Бірақ бұрынғы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы соттың бұл шешімімен келіспей отыр. Ол сот шешіміне келіспей Ақмола облыстық сотына шағымданып, аппеляцияға берген. Енді істі Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тергеуге алған. Ілиясовты қамауға алу туралы өздерінің қолдаухатында олар экс-басқарма басшысының бостандықта болса, объективті тергеуге кедергі келтіретінін немесе жасырынып қалуы мүмкін екенін алға тартқан.

Сонымен Сүлен Ілиясов оған аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті қызметтік жағдайын асыра пайдаланып, қолданды деген күдікпен ұсталды. Бұл қылмыс үшін басқарманың экс-басшысы 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Әлі расталмаған мәліметтер бойынша, Сүлен Ілиясов мемлекеттік ауруханаларда жетіспеген өкпені жасанды желдету аппараттарын жекеменшік медициналық ұйымдарға таратты деген күдік бар.

Сондай-ақ, ол бюджеттік қаражатына салынған клиниканы коммерциялық құрылымдарға тапсырды деген де күдікке ілінген. Әзірге Ілиясовтың осыдан екі ай бұрын лауазымынан босатылғаны белгілі. Ол бұл қызметке өткен жылдың ақпанында тағайындалған. Оның басқаруы кезінде елімізде індет жайлап, коронавирус кеңінен тарала бастады. Ал бюджеттен пандемиямен күрес үшін аса ірі сомада қаражат бөлінген. Еске сала кетсек, Сүлен Ілиясов 1966 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 1990 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «Дәрігерлік іс» мамандығы бойынша тәмамдаған. Өзінің еңбек жолын 1991 жылы Көкшетау қалалық ауруханасында дәрігер-уролог болып бастаған. Басқарма басшысы болғанға дейін Көкшетау қаласының №1 ауруханасын тоғыз жыл бойы басқарған.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы