Forbes-2021: пандемия байлардың санын көбейте түсті
Forbes-2021: пандемия байлардың санын көбейте түсті
177
оқылды

6 сәуір күні жаһандағы ең бақуатты кәсіпкерлердің тізі­­­мі жарияланды. Forbes-тің дәстүрлі рейтингі осы жолы тым ерек. Қазақстан үшін айрықша болатын себебі — мил­­­лиар­дерлер тізімі үш отандасымызбен толықты. Ал енді әлем үшін не үшін ерекше десеңіз, айтайық. Пандемия жылында эконо­мика қанша жерден қиын кезеңді бастан өткерді десе де, 2021 жылы бай адамдар тізіміне қосылғандардың саны жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай рекордтық көлеммен көбейгенін байқап отырмыз.

Басынан бастасақ, СOVID-19 байлар тізімін арттырмаса, ке­міткен жоқ. Себебі әлемдік мил­­­лиардерлер тізімі биыл 493 адам­­мен толыққан. Америкалық Forbes бұған қатысты «бұл де­­­­­­геніміз – әлемде орта есеппен әр 17 сағат сайын жаңа миллиардер топқа қосылып отырғанмен тең» деп жазды. Бұған дейінгі рекорд 2015 жылы жасалған екен. Сол жылы 290 кәсіпкер тізімге енген екен. Ал енді биылғы көрсет­­­­­кішпен өзіңіз салыстыра беріңіз. Тізімге биыл енгендерді бәйгеге енді қосылған тұлпарға теңесек, сол жаңа «сәй­гүліктердің» орташа жеке капиталы 2 млрд доллар екен. Орташа жасы – 54. Бір бай­­­­қағанымыз, жыл өткен сайын бақуаттылар тізіміне жастар көп­­теп қосылып жатыр. Жалпы тізім бойынша орта жас – 63. Сондай-ақ қатарға осы жылы қосыл­ған­­­­дардың 84 пайызы – өз күші­мен жетістікке жеткендер. Яғни, мұра­­­­герлікпен иеленбей, компа­ния­­ның негізін қалап, күн-түн демей жұмыс істеген. Бұл да тренд­­­­ке айналып келе жатыр деген сөз.

Дәулетті дәрігерлер

Алдымен пандемия жылының миллиардерлер тізімінің қалып­­тасуына қалай әсер еткенін айта кетсек. Былтыр наурыздың орта­сында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдік пандемия жариялағанын бәріміз білеміз. Сол кезде нарық біткен құлап, эконо­­мика рецессияға ұшыраған еді. Соған қарап, биылғы тізім мүлдем басқаша болуы мүмкін деген болжам да жасалған. Әйтсе де, қатарға 2021 жылы қосыл­ған ба­қуаттылардың ішінде кемі 40 шақтысы коронавируспен күрес­пен шұғылданып жатқан компа­ниялардың арқасында байы­ғанын байқап отырмыз. Тіпті, миллиар­дерлер тізіміне енген дәрігерлер бар. Мысалы, денсаулық сақтау саласында COVID-пен күресте алдыңғы шеп­те жүргендердің бірі – Пратап Редди. Байлығы 1,5 млрд долларға бағаланған. Үндістандық мил­лиар­­­дер дәрігердің ауруханалар желісі бар. Коронавирусты емдеу және диагностика жасаудың арқа­сында қызметінің құны ша­рықтап, сол арқылы тізімге қосылған. Pfizer-мен серіктесіп вакцина жасаған Угур Шахиннің байлығы – 4 млрд доллар. Тегі түрік дәрігер – BioNTech неміс фирма­сының тең құрылтайшысы. Америкалық Moderna фирма­­­сының бас директоры Стефан Бансельдің байлығы 4,3 млрд дол­­ларға бағаланып отыр. Олардың фирмасы да вакцина жа­сап шы­­­­­ғарған. Жаңа милиар­дерлердің ішіндегі ең ауқаттысы – Ли Цзянь­цюань. Медициналық тауарлар шығаратын қытайлық Winner Medical компаниясының президенті. Әлемнің түкпір-түк­­­­піріне медициналық бетпер­делер мен арнайы комбинезондар жеткізіп отырған компанияның IPO-сы 2020 жылдың қыр­­күйегінде Shenzhen Stock Exchange-ге шығып, 64 жастағы Цзяньцюаньді табан астында миллиардерлер тізіміне қосты. Мұн­дай мысал айта берсе өте көп.

Қазақстанға +3 миллиардер

Отандастар ішінде әлемдік рейтинг бойынша көшті баяғыша Владимир Ким бастады. Оның байлығы 4,6 млрд доллар деп бағаланып, 622-орынға жайғас­тырылған. Бір жылдағы тапқан табысы – 900 млн доллар. Ол –металлургия саласындағы алпауыт KAZ Minerals иесі. Қазақстандық кәсіпкерлер ішінде әлемдік рей­тингтен орын алған үш отан­дасымыз барын басында айттық. Соның ішінде қаржы саласында алға жылжу байқалып отыр. Олай дейтініміз, Forbes тізіміне биыл енген үшеуі де осы саладан. Kaspi FinTech-компаниясына тікелей қатысы бар екеу – Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе тізімге қо­сылды. Кимнің байлығы 3,3 млрд долларға бағаланса, Лом­­тад­зенікі – 3,5 млрд доллар. Жалпы тізімде, сәйкесінше 925 және 956-орынды иеленді. Қа­тарға енді қосыл­ғандардың да, жалпы ті­­зімдегі қазақ­­стан­­дықтар­дың тізбегін тәмамдайтын да – Тимур Тұрлов. 2,1 млрд доллар байлығы бар ол әлемдік рейтингте 1517-орын­да тұр. Тимур – еліміз­дегі ең жас миллиардер. Нақты айтқанда, оның жасы 33-те. Клиенттеріне АҚШ, Ресей және Еуропа қор биржаларына қол жеткізуге мүмкіндік беретін Freedom Holding боркерлік компа­ниясының негізін қалаушы әрі директоры. 2020 жылы қазанда Freedom Holding Corp инвес­тициялық тобы NASDAQ Capital Market-ке шыққан еді. Компа­нияның нарықтық капи­тали­зациясы – 3,29 млрд доллар, ал бір акциясының құны 56,61 долларға бағаланған.

Америка мен Қытай – көшбасшы

Бұған дейін де миллиардерлер саны бойынша Америка көш бастап келген. Дәстүр биыл да жал­ғасты. Әлемдік тізімде 724 аме­рикалық азамат бар. Былтыр ол көрсеткіш 615 болған. Ал екін­ші орында – қытайлық ауқат­тылар. Биыл саны тіпті көбейе түсті. Олай дейтініміз, 2020 жылдың науры­зынан бері 239 жаңа миллиардер қосылып, жал­пы саны 626-ға барып жы­ғылған. Бақуатты жандардың саны бойын­ша үздік үштікке осы жылы өзгеріс енді. Бұрын Германия жай­ғасып келген орынды 2021 жылы Үндістан басты. Бұл елдегі мил­лиардер саны – 140. Ал төртінші орынға ығысқан Германияда аталған көрсеткіш төрт адамға кем. Бір жылда Үндістанда 19 жаңа миллиардер пайда бо­лыпты. Бесінші орында – Ресей. Ал жалпы ондыққа қыс­қаша шолу жасасақ, бұдан кейінгі орындарды Гонконг, Бразилия, Канада, Ұлыбритания және Ита­лия ие­ленген.

Ғаламдағы ең бай 5 адам

Бұл тізім туралы да қысқаша атап өтпесе болмас. Әлемнің ең бай адамы деп осымен төртінші жыл қатарынан Джефф Безосс танылып келеді. Байлығы – 177 млрд доллар. Бір жылда қал­­тасын 64 млрд дол­ларға қам­­­пайтқан. Ал екінші орында – Илон Маск. Өзі де Марсқа адам ұшыруды мақсат етіп жүрген ол екінші орынға құстай ұшып келді десек болатын шығар. Себебі бұған дейін 31-орын­нан көрінген Маск бір жыл ішінде 126,4 млрд доллар табыс тауып, әлемдегі екінші бақуатты адамға айналды. Оған басты себеп — Tesla акция­ларының 705 пайызға өсуі. Үшін­ші орынға сән әлемінің серкесі сана­латын француз маг­­наты Бернар Арно жайғасты. Louis Vuitton және Christian Dior брендтеріне иелік ететін LVMH акциялары 86 пайызға қымбаттап, бір жылда табысы екі еселенген. Яғни, оның байлығы биыл 150 млрд долларға бағаланған. Билл Гейтс 124 млрд долларлық бай­лығымен төртінші орыннан көрінсе, 97 млрд дол­ларға иелік ететін Марк Цукерберг бестікті тәмамдап отыр.

JadiraЖадыра АҚҚАЙЫР