Биыл қамбамыз астыққа тола ма?
Биыл қамбамыз астыққа тола ма?
186
оқылды

Былтыр төтенше жағдай мен карантин режиміне қарамастан, егін егу үдерісі оңтайлы жүргізіліп, жинау науқаны да бір ай ерте аяқталған еді.  Нәтижесінде, гектарына 20 миллион тонна астық бастырылды. Сонда елімізге коронавирустың зардабы тимей тұрған 2019 жылмен салыстырғанда, элеваторларға 1 миллион тонна астық артық құйылған екен. Енді қазір елімізге былтырғыдай төтенше жағдай енгізілген жоқ. Індеттің іргесі аулақ. Солтүстік, шығыс өңірлеріне қыста қар қалың түскенімен, көктем шуағы да уақытында төгіліп тұр. Бұл – диқандарға соқасын сайлап, техникасын майлап, науқанға әзірленуге әбден болады деген сөз.

Министрліктің жоспарында мін жоқ

Жоспар бойынша, биыл егін 2,8 млн гек­тар­ға жуық жерге егілуі тиіс. Бұл былтырғымен салыстырғанда 200 мың гектарға көп көрінеді. «24 миллиард теңге сомасына 1 112 техника, оның ішінде 458 трактор, 28 комбайн және 626 өзге де техника қаржыландырылды. Биыл 29 наурыздағы жай-күй бойынша, көк­темгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруа­шылығы техникасының дайындығы 97 пайызды құрады» деп отыр Ауыл шаруа­шылығы министрі Сапархан Омаров. Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері әзірлеген арнайы кесте аясында, аталған техникаларға елдегі ірі 3 зауыттан тоннасы шамамен 172-174 мың теңгенің шамасында болатын 380 мың тонна арзан отын  бөлініп қойған. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың хабарлауынша, оның литрі нарықтағы бағадан 20 теңге, яғни 13-14 пайызға арзан екен. Ал облыс әкімдіктері 2021 жылғы егін науқанына 380 емес, 382 мың тоннаға жуық дизель отыны қажетін мәлімдеді. Сон­дықтан қазір Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі сол әкімдіктермен бірлесіп, егіс алқаптарының болжамды құрылымын әзірлеуге көшті. Сондай-ақ шаруаларға тұқым шаруа­шылығын дамытып, минералды тыңайт­қыштар сатып алу үшін 70 миллиард теңге қарастырылған. Ал көктемгі науқанды өткізуге 116 миллиард теңге көлемінде кредиттік қар­жы бөлініп отыр. Ол кредиттің ерекшелігі, жедел және қайтарымды шарттар бойынша 2021 жылғы 20 желтоқсанға дейінгі мерзімге жылдық 0,01 пайыз сыйақы мөлшерлемесі бо­йынша теңгемен беріледі. Кредитті игеру екінші деңгейлі банктегі АӨК шотына аудар­ған күннен басталады. Оның тиімді пайда­ланылуын, өтелуі мен қызмет көрсетілуін ба­қылау және мониторингтеу Ауыл шаруа­шылығы министрлігі мен Қаржы министр­лігіне жүктелген. «Бюджеттік несие қаражатының негізгі тұ­тынушысы агроөнеркәсіптік кешен субъек­тілері болып табылады. Аталған қаражат «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың «Кең дала» бағдарламасы бойынша кредит түрінде берілетін болады» деп нақтылады Ауыл шаруашылығы министрлігі. Осы орайда Премьер-Министр Асқан Мамин ол қаржыны тиімді жұмсап, істі тиянақты атқару керегін ескертті. «Былтыр пандемияға қарамастан, егін жұмыстары өте жоғары деңгейде жүргізілді. Тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары уақытылы салынды. Бұл мол астық жинауға мүмкіндік берді. Биыл көктемгі егістікті қаржылай, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешім қабылданды. Ауыл шаруашылығы мен өңір әкімдіктерінің алдында егін науқанын сапалы жүргізу мін­деті тұр», – деді ол. Айта кетерлігі, биыл әлеуметтік азық-түлік үшін егін алқаптары артып жатыр. Алқаптың ұлғаюы астық экспортының артуымен байланысты екен. Сондықтан қазір егуге 2,4 млн тонна тұқым, оның ішінде 2 млн тоннаға жуық дәнді дақыл тұқымы, 80 мың тонна майлы, 22,2 мың жемшөп, 331,7 мың картоп тұқымы дайын. Сонымен, биыл тұқымдарды дайындау деңгейі 98 пайыздан асып отыр. Мамандар бұл тапшылық пен қымбатшылықтың алдын алуға мүмкіндік береді деген сенімде.

Төрт өңір тұқым сеуіп тастады

Еліміздің оңтүстігіндегі төрт облыс науқанға қызу кірісіп кетті. Атап айтқанда, көктемгі дала жұмыстары Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында басталды. Бұл өңірлерде 68 мыңға жуық гектарға астық, 6,5 мың гектарға картоп, 10 мың гектардан астам жерге көкөніс дақылы және 19 мыңға жуық гектарға көпжылдық шөп егілген. Ауа райына байланысты Ақтөбе облысын­да көк­темгі егіс науқаны мамыр айында бас­тала­ды. Жергілікті шаруалар 800 мың гектар ал­қап­қа ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді жоспарлап қойған. Облыстық Ауыл шаруа­шылығы басқармасы көктемгі егіс науқанын жүргізуге 7 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны бөлінгенін жеткізді. Ол көлем облыстың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді екен. Дақылдардың тұқымы да жеткілікті көрінеді. Өкінішке қарай, Маңғыстау облысында 70-ке жуық шаруашылық жұмысшы күшінің жоқ­тығынан көктемгі егін науқанына дайын­дықты бастай алмай отыр. Жыл сайын егін алқаптарында шетел азаматтары еңбек етіп келген. Пандемия басталғалы бері сырттан еш жұмыс күші тартылмаған. Ал жергілікті аза­мат­тар қара жұмысқа құлықсыз. «Қара­қалпақ, өзбек, қырғыз ағайындар келіп, жұмыс істейді. Соларға тәуелдіміз. Маған 10-12 адам керек. Біз былтыр дым да еге ал­май қалдық», – дейді шаруа қожалығының иесі Төлеген Жалмұрат. Айта кетсек, 2019 жылы бір ғана Қарақия ауданына шетелден 2 мың жұмысшы келген. Ал өзге елден өңірге келіп нәпақасын тапқандардың жалпы саны 72 мыңнан асады. Жұмыссыз жүрген жергі­лікті тұрғындар – 16 мың  400 адам. Олар ауыл шаруашылығынан гөрі ақшасы көп мұнай саласына барғанды қалайды. Салдарынан Қарақия ауданында диқандар алдыңғы жылы 6 мың тонна көкөніс өсірсе, былтырғы көрсеткіш 5 есе аз болған.

Құрғақшылықтан сақтандыру да қарастырылған

Сарапшылар биылғы жазғы маусымда өткен жылғыдай өте қуаң ауа райы сақталып, көптеген өңірде құрғақшылық болады деп болжап отыр. Көктемнің соңы мен жаз айының басындағы топырақ ылғалының жетіспеушілігі еккен егіннің тез көтерілуіне кедергі болады. Сондықтан құрғақшылықтан сақтандыру – өсімдік шаруашылығымен айналысушыларды қолдаудың маңызды шараларының бірі. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ хабарлауынша, фермерлер егіс алқаптарын ылғалдың жетіс­пеу­шілігінен биыл 15 сәуірге дейін онлайн ре­жимде сақтандыра алады. Ал өз бизнесін сақтан­дырған егін шаруашылығы­мен айна­лысу­шы­ларға мемлекет қолдау көрсе­тіп, сақ­тан­дыру полисі құнының 50%-ы суб­сидия ре­тінде төленеді. «Өткен жылы 56 ауыл шаруа­шылығы тауарын өндіру егіс алқаптарын құр­ғақ­шылықтан сақтандырған. Фермерлер алған сақтандыру төлемі 535 млн теңге болды. Биыл агросақтандыру шығындарын субсидия­лауға 3,3 миллиард теңге бөлу жоспарланды», – дей­ді қордың басқарушы директоры Асқар Қалиев. Бұл ретте фермер егіс алқабының бір гектарына 40 мыңнан 80 мың теңгеге дейінгі сақтандыру сомасын өзі анықтайды. Содан кейін сақтан­дыру компаниясын таңдап, сақтандыру құны­ның 50%-ын төлейді. Қалған соманы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ міндетіне алған. Бір атап өтер жайт, егіс алқаптарын Ақмо­ла, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақ­стан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының өсімдік шаруашылығымен айналысатын фермерлері ғана сақтандыра алады.

Еркеғали БЕЙСЕН