Бұл теңдессіз тарихи қадам біздің елімізде жасалды - Тоқаев
Бұл теңдессіз тарихи қадам біздің елімізде жасалды - Тоқаев
181
оқылды
Бүгін «Байқоңыр» ғарыш айлағында Ю.Гагариннің ғарышқа алғашқы ұшуының 60 жылдығына арналған салтанатты мәжіліс өтті. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы осы айтулы оқиғаға байланысты құттықтау жолдады. Президенттің құттықтау хатын Үкімет басшысы Асқар Мамин оқып берді.
Құрметті ғарыш саласы мамандары және ардагерлер!
Сіздерді алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз – Ғарышкерлер күнімен құттықтаймын!
60 жыл бұрын адамзат тарихында ерекше маңызы бар айтулы оқиға болды. Ғарыш кеңістігіне жанқиярлықпен түрен салынды. Кеңес ғарышкері Юрий Алексеевич Гагариннің көк жүзіне самғап, аспан әлеміне алғаш жол ашуы бүкіләлемдік ғылымның айрықша серпінмен қарыштап дамуының жарқын көрсеткішіне айналды. Бұл теңдессіз тарихи қадам біздің елімізде, Қазақстанның қасиетті топырағында жасалды.
65 жылдан бері әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы болып саналатын «Байқоңырдан» осы уақытқа дейін 150 ғарышкер көкке көтеріліп, ғаламның шексіз кеңістігін бағындырып қайтты. Олардың қатарында қазақ ғарышкерлері - Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов бар.
Ғалымдар мен конструкторлардың, сынақшылар мен инженерлердің ерен еңбегісіз ғарышты игеру мүмкін емес. Осыған орай, ғарыш саласының мамандары мен ардагерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің арқасында заманауи ғарыш саласы бүгінгі таңда лайықты дамып келеді.
Қазақстан мен Ресейдің белсенді әрі жемісті ынтымақтастығы ғарышты зерттеу және ғарышқа ұшу саласындағы бірлескен жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімім мол.
Салтанатты жиынға қатысушыларға зор денсаулық, бақ-береке және жаңа табыстар тілеймін!", - делінген құттықтауда.