Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық органдары 2019 жылдан бері жемқорлық фактісі туралы мәлімет берген 396 адамға 58,9 млн теңге сыйақы төлеген.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық органдары жемқорлық фактісін хабарлаған 396 азаматты жалпы сомасы 58,9 млн теңгеге ынталандырды. 2019 жылы 214 тұлғаға 31,8 млн теңге, 2020 жылы 182 тұлғаға 27,1 млн теңге төленді. 2020 жылы көтермеленгендердің 122-сі ауыр қылмыстар туралы мәлімет берді. Орташа ауырлықтағы істер бойынша – 55, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хабарлағаны үшін үш адам марапатталды», – деді агенттіктің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Данияр Бегайдаров. Ол сондай-ақ азаматтар негізінен пара беру және алу, делдалдық, ақша жымқыру фактілері туралы хабарлайтынын жеткізді. Соның арқасында биыл лауазымды тұлғалардың өз өкілеттіктерін теріс пайдалануы бойынша тағы 5 факт анықталған. «Биыл әзірге жемқорлық фактісін мәлім еткен 213 адамды көтермелеуге бюджеттен 33,9 млн теңге бөлінді», – деді ведомство өкілі. Сондай-ақ Данияр Бегайдаровтың айтуынша, олардың өзіне пара бергісі келетіндер бар екен. Мысалы, жемқорлықпен күрес сапындағы мамандарға пара ұсынған мәдениет сарайының басшысы 4,5 млн теңге айыппұл арқалаған. «Лауазымды тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлеріне өздерінің жеке мәселелерін шешу үшін пара беруге тырысатын жағдайлар да бар. 4 наурызда Қазығұрт аудандық мәдениет сарайының директоры Қазығұрт аудандық сотының үкімімен 4,5 млн теңге айыппұл арқалады. Пара ұсынғандардың тағы бірі – сол ұйымның бас есепшісі. Оған 1,5 млн теңге айыппұл салынды», – деді Данияр Бегайдаров. Оның сөзіне қарағанда, Түркістан облысының Сарыағаш аймағы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ауданаралық басқармасының қызметкері 2018-2020 жылдарға арналған бюджет қаражатының игерілуін, оның ішінде «Еңбек» аясында бөлінген қаражаттың игерілуін тексерген. Осы істе құзырлы орган өкілдерінің қамқорлығына ие болу үшін директор мен бас есепші 300 мың теңге көлемінде пара беруге әрекеттенді деген күдікке ілінген.Исмаил ҚУАНЫШ