«Nur Otan» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға депутаттық сауал жолдап, онда бүгінгі күннің өзекті мәселесі – COVID-19 індетімен күрес барысындағы олқылықтарды атап көрсетті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясы таралуының алдын алуға қатысты кеңесте дәрі-дәрмектердің, медициналық бұйымдар мен медициналық құрал-жабдықтардың жетіспейтініне баса назар аударып, індетті түбегейлі жеңу үшін медициналық мекемелердің озық үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілуі керегін айтқан болатын. Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжановтың төрағалығымен өткен коронавирус инфекциясының таралмауы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2020 жылғы 17 қарашадағы отырысында Денсаулық сақтау министрлігі мен облыс әкімдеріне – індетті емдейтін 10 төсекке есептегенде 1 аппарат есебінен тыныс алу терапиясы әдісін енгізуді қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берілгені белгілі. Міне, осыларды еске сала отырып, депутат тыныс алу терапиясы бұл шырышты тыныс алу жолдарын жарақаттамайтын, ем алуды қолдаудың заманауи және тиімді әдісі екенін еске салды. Халық қалаулысы ведомствоаралық комиссияның шешімдері орындалмай отырғанын сынға алды. Мәселен, медициналық ұйымдардың жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясы аппараттарымен қамтамасыз етілуі, орташа есеппен алғанда 22% шамасында, оның аз екенін айтты. Сондай-ақ аталған аппаратпен қамтамасыз ету өңірлер бойынша әркелкі екенін де тілге тиек етті. Мысалы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында бұл аппарат мүлдем жоқ болып шықты. Мәжіліс депутаты Денсаулық сақтау министрлігінен медициналық ұйымдарға жіктей отырып, оттегі концентраторымен, ВНКТ аппаратымен және ӨЖЖ аппаратымен жабдықтауға қатысты барлық өңір бойынша нақтылы және жоспарланған жарақтандырудың жинақталған ақпаратын ұсынуды, ведомствоаралық комиссия шешімінің орындалмау себебін түсіндіруді сұрады. Сонымен қатар сырқаттанғандар статистикасын жүргізіп, жағдайдың қаншалықты ауырлығын, эпидемиологиялық ахуалдың болжамын, мамандардың қамтылуын ескере отырып, медициналық ұйымдардың қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуінің нақты көрсеткіштерін өңірлерге жеткізуін талап етті.Әбілмансұр ЖАСАН