Ақмола облысында коронавирусқа қарсы халықты вакциналау белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, бүгінге дейін вакцинаның алғашқы компонентімен 9 689 адам егілсе, екінші компонентін 4 832 адам қабылдаған.
Қазір облыста 1 579 доза мөлшерінде (1 компоненті – 211, 2 компоненті 1 368) вакцина әзір. Осы ай ішінде тағы 24 600 доза халықты вакциналау үшін жеткізілмек. «Облыста 87 екпе бекеттері қызмет көрсетіп жатыр. Сонымен қатар вакциналау процесін жылдам жүргізу мақсатында 11 жылжымалы бекеттер жұмылдырылған. Медициналық ұйымдарда 100 мың дозаға дейін вакциналарды сақтауға қабілетті 49 мұздатқыш камералар қойылған. Онда вакциналар -25°С-тан - 43°С температураға дейінгі аралықта сақталады. Мұнымен қоса 119 термоконтейнер, 33 мұздатқыш сөмкелер мен 448 суытқыш элементтермен қамтылды. Сондай-ақ 12,5 миллион теңге сомасына авторефрижератор сатып алуға конкурс жарияланды», – дейді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов. Сала мамандарының пікірінше, халық індеттің елімізде кеңінен таралып жатқанын түсініп, вакцинаны жауапкершілікті сезіне отырып қабылдап жатыр. «Барлығы штаттық режимде жүргізіліп жатыр. Вакцина қабылдаған адамдарда ешқандай асқыну, басқа да жанама реакциялар болған жоқ. Халық індеттің қатты таралып жатқанын түсініп, өз еріктерімен вакцина қабылдап жатыр», – дейді Көкшетау қаласы №1 емханасының бас дәрігері Михайл Алексеев. Қазір ерікті түрде вакциналау Көкшетау қаласында «РИО» ойын-сауық сауда орталығында, Көкшетау қаласының №1 емханасы мен орталық емханаларында жүзеге асырылып жатыр.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы