Атырауда COVID-19 тәулік сайын өрши түсіп, кеше модульді аурухана төсегі толғаны мәлім болды. Амалдың жоқтығынан облыстық №2 аурухананың жұқпалы аурулар стационары індеттің тарауына байланысты науқастарды қабылдауды қайта бастады.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 200 орынға есептелген модульді жұқпалы аурулар ауруханасы науқастарға толды. Бүгінде аталған ауруханада 17 адам жансақтау бөлімінде жатыр, олардың алтауы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, жағдайы өте ауыр деп бағаланады. Қалған науқастардың жағдайы орташа ауыр. №2 облыстық аурухананың бас дәрігері Мағжан Сиджановтың айтуынша, инфекциялық стационарға 11 науқас жатқызылды. Аурухана барлығы 180 төсек-орынға есептелген, оның ішінде 120 орын коронавирус инфекциясы бар науқастар үшін дайындалды. – Қалған 60 төсек-орын түрлі инфекциялық ауруы бар науқастарға арналған. Жақын арада біз бұл науқастарды басқа медициналық мекемелерге ауыстыруды жоспарлап отырмыз, осылайша аурухана коронавируспен ауырған науқастар үшін инфекциялық стационар режимінде жұмыс істейтін болады, – деді Мағжан Сиджанов.Бес сәби дүниеге келді
Атыраудағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасында бес сәби дүниеге келді Төрт қыз, бір ұл баланың жағдайы туралы Атырау облысының штаттан тыс бас инфекционисі Надя Ерғалиева айтты. Дәрігердің айтуынша, қазір сәбилердің жағдайы тұрақты. Олардың екеуі кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. – Жүкті әйелдер пневмониямен жансақтау бөлімінде ауыр халде ӨЖЖ аппаратында жатқандықтан, сәбилері мен аналарының өмірін сақтап қалу үшін ота жасалды. Дүниеге келген қыз баланың салмағы – 2,5 келі, ал екінші ұл баланың салмағы – 1 490 грамм. Балалардың жағдайы тұрақты, – деді Надя Ерғалиева. ПТР-тест нәтижелері бойынша балаларда коронавирус инфекциясы анықталған жоқ. Кешегі тәулікте өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған 149 жағдай тіркелді. Ауруды жұқтырғандардың дені Атырау қаласынан. Соңдай-ақ Индер мен Жылыой аудандарында коронавирус инфекциясын жұқтырған тұрғындар саны артып келеді. 9 сәуірдегі мәлімет бойынша, COVID-19-дан 492 адам емделіп жатыр. Жүктеме 25,5 пайызды құрайды (1 993 орын) Жансақтау бөлімшелерінде 22 науқас жатыр, оның 5-і ӨЖЖ аппаратына қосылған. Жүктеме 30,9 пайызды құрап отыр (71 орын)Вакцина алушылар қатары көп
Атырауға екі компонентті «Спутник V» вакцинасының кезекті 8 мың дозасы жеткізілді. Оны Атырау облысындағы егу пунктіне бөлу жоспарлануда. Вакцина аудандық жерлерге арнайы температурадағы мұздатқыштарға салынып, жеткізіледі. 8 сәуірдегі ақпарат бойынша, «Спутник V» вакцинасының І компонентін 560 адам қабылдады. Оның 67 медицина қызметкері, 49 педагог, 14 полиция қызметкері, 7 студент, 6 жабық мекеменің қызметкері, 25 құқық қорғау органдарының қызметкері, 32 мемлекеттік қызметкер, созылмалы ауруы бар 4 адам және 354 жергілікті тұрғын бар. 1 ақпан мен 8 сәуір аралығында «Спутник V» вакцинасының І компонентімен 6 708 адам егілді, ІІ компонентті 2 570 адам қабылдады. Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы