Ел арасында «жаман ауру» аталып кеткен қатерлі ісік жылдан-жылға күшейіп барады. Қанша жерден қарсы тұрғанымызбен, дес берер емес. Әсіресе, соңғы жылдары оның жасарып бара жатқаны елді алаңдатып отыр.
Мәселен, былтыр еліміз бойынша 32 537 науқас онкологиялық ауруға шалдықса, Қызылорда облысында өткен жылы 1 220 науқас тіркелді. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 151 пайызды құрады. Аталған дерек 2019 жылмен салыстырғанда, 6,5 пайызға артқанын аңғартады. Бұл анықталғандары ғана. Дәрігерге қаралмағандары, скринингтен өтпегендері қаншама? Олардың әрқайсысының өз уәждері де жоқ емес. Бірінің – жұмыстан қолы босамайды, екіншісі – бала-шағасынан, отбасынан шыға алмайды. «Денсаулығым жақсы, шағымым жоқ» деп өзін-өзі «алдайтындар» да жетерлік. Осылайша, мың сылтау айтып, денсаулыққа деген немқұрайдылықтың соңы көп ретте қайғылы аяқталатыны тағы бар.ҚАТЕРЛІ ІСІКТІҢ ТҮРІ КӨП
Қатерлі ісік ауруының түрі көп. Қазақстанда ең көп кездесетіні – сүт безінің қатерлі ісігі. Ресми мәліметтерге қарағанда, қазір Қазақстанда 20 мыңнан астам қыз-келіншек сүт безінің қатерлі ісігімен ауыратындардың есебінде тұр. Ал Қызылорда өңірі бойынша асқазан, өкпе, өңеш онкологиялық дертіне шалдыққандар жыл сайын артып отыр. – Онкологиялық аурулардың асқынуына көбіне науқастардың дәрігерге дер кезінде қаралмауы, яғни ауруды өткізіп алуы себеп болады. Сонымен қатар ісіктің қауіптілігі бастапқы 1-2 сатыларында клиникалық белгілерінің білінбеуі себепті кешірек, асқынған сатыларында анықталады. Дәл қазір облыстық онкология орталығында тәуліктік стационарда – 108 науқас, күндізгі стационарда 31науқас ем қабылдап жатыр. Қатерлі ісіктің көптеген түрі белгілі. Облыс көлемінде аурушаңдық құрылымында біріншілік анықталған науқастар ішінен бірінші орынды асқазан қатерлі ісіктері (10,6%) , екінші орынды өкпе қатерлі ісігі (10,0%), үшінші орынды өңеш қатерлі ісігі (9,5%) алып отыр. Яғни, облыс тұрғындары көбіне қатерлі ісіктің осы түрлерімен ауырады. Қатерлі ісік ерте сатыда анықталса, оны емдеуде жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Заманауи диагностикалау және емдеу тактикаларының арқасында онкологиялық аурулар арасында өмір сүру ұзақтығы едәуір артқан, сонымен қатар толық айығып кеткен жағдайлар да бар, – дейді Қызылорда облыстық онкологиялық орталығының бас дәрігері Сәкен Серғазиев.ЗЫМЫРАННЫҢ ЗАРДАБЫ БАР МА?
Бірер күн бұрын Парламент Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметовтің өзі осы мәселені көтеріп, дабыл қаққаны жөнінде ашық дереккөздерде айтылды. Оның айтуынша, зымыран тасығыштарды ұшыруға қажетті гептилдің адам денсаулығына зардабы орасан. Ал әуекемесінің қалдықтары құлаған аймақтарды залалсызданыруды ресейлік емес, қазақстандық компанияның жүргізгені жөн деп есептейді. Сондай-ақ «Байқоңыр» ғарыш айлағының адам денсаулығы мен табиғатқа келтіретін зиянын толық тексеруді талап етті. – Зымыран қалдықтары түсетін аумақ тұрғындарын жаппай жыл сайын скринингтік тексерістен өткізу керек. Сонымен қатар зиянды қалдықтар түскен аумақты толық зерттеп, гептилдің келтірген әсерін нақты анықтауымыз керек. Қазақстандық ғалымдардың осы мәселені зерттеу жұмыстарын да қаржыландыруымыз шарт, – дейді халық қалаулысы. Мәселен, «Байқоңыр экомониторинг» қоғамдық бірлестігі әр зымыран тасығыш ұшырылғаннан кейін Байқоңырда жел көтеретінін айтып отыр. Бұл тыныс жолдары ауыратын адамдарға қиындық тудырып жатқан көрінеді. «Ал ракета қалдықтарын залалсыздандыру жұмыстарының көлеңкелі тұстары көп», – дейді қоғамдық қор төрағасы. – Алдыңғы жылы «Роскосмос» Байқоңыр ғарыш айлағынан 4 қоқыс алаңын ашты. Енді өздері қалаған түрлі радиактивті қалдықтарды көміп жатыр. Қазақстан тарапы мұны еш қадағалап отырған жоқ, – дейді «Байқоңыр экомониторинг» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Дәулетбаев. Мәжіліс депутатының айтуынша, құлаған зымыран бөлшектері адам денсаулығына кері әсерін тигізуде. Соның салдарынан Жезқазғанда қатерлі ісік аурулары өршіп барады екен. Қызылорда облысындағы ахуал да мәз емес. Дәрігерлердің айтуынша, 2019 жылмен салыстырғанда былтыр онкологиялық аурудан көз жұмғандар саны 12,7 пайызға өскен. – Бір күнде 21 адам қабылдаймыз. Қазір онкологиялық аурулар жасарған. Мысалы, жатыр мойынының қатерлі ісігін алатын болсақ, қазір жас қыздар ауырып жатыр. Өкінішке қарай, олар көбіне асқынған сатысында келеді», – дейді Қызылорда облыстық онкологиялық орталығының дәрігерлері. Айта кеткен жөн, соңғы он жылда Қазақстан аумағында үш зымыран апатқа ұшыраған. Ал мәжіліс депутатының есебінше, Байқоңыр ғарыш айлағы ашылғалы бері Қазақстан мен Алтай аумағына 600 ракетаның бөлшектері түскен. Ол орташа есеппен 3 мың тоннаны құрайды.ДИАГНОЗ ҮКІМ ЕМЕС
Обырды дер кезінде анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады. – Кейбір азаматтар онкология диспансеріне жіберген кезде қорқып, 3-4 ай немесе 1-2 жылға дейін бармай, аты жаман ауруды өздері өршітіп алады. 1-2 жыл жүргеннен кейін қатерлі ісікті тоқтату қиын, әрі қарай өсе береді. Басқа бір факторлар әсер ететін болса, тіпті қиын. Кейбір науқастар ісікті қыздырады немесе массаж жасайды. Қатерлі де, қатерсіз де ісіктерді олай үгіп, уқалап басқа нәрселермен қыздыруға мүлдем болмайды. Ондайда қатерлі ісік өрши береді. Өршіген сайын жасалған емнің де тиімділігі төмендей береді, – дейді мамандар.Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы