«Жамбыл судың» басынан дау арылмай тұр
«Жамбыл судың» басынан дау арылмай тұр
264
оқылды

Биыл «Жамбыл су» мекемесінің төңірегінде шу көп. Тарифпен тұр­ғын­дардың теңгесін қағып отырған кәсіпорынның өз басына тықыр таянғандай.

Жалпы, наурыз айының бел ортасында «Жамбыл су» мекемесінің басшысы Марат Смайылов аймақ басшысының алдында жылдық есебін берген болатын. Алайда кәсіпорын басшысының жұмысын тыңдамас бұрын облыс әкімі «Барысхан» иініне берілмей отырған ауызсудың себебін  анықтау үшін Жауғаш батыр көшесіндегі сорғы стансасына ат басын бұрған. Мамандардың жауапсыздығынан тіршілік нәрін тұтына алмай отырған тұрғындардың жағдайын  көзбен көрген облыс әкімі есепті жиынға ашуына мініп келген-ді. Кездесуде  М.Смайыловтың есепті баяндамасын ысырып қойып, нақ­ты сауалдарға жауап беруін талап етті. Басқосуда белгілі болғаны  кәсіпорын 101 мыңнан астам абонентке қызмет көр­сетеді.  Мекемеге 649 шақырым су құ­быры, 249 шақырым кәріз жүйесі және 97 ұңғыма қарайды. Теңгерімінде 75 авто­көлігі бар. Жылдық айналымы – 1,8 мил­лиард  теңге. Кәсіпорын Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп облыс орталығының сумен жабдықтау желілерін жаңғырту бойынша бір миллиард теңгенің ауқымды жобасын жүзеге асыруда. Алайда мекеме  былтырғы жылды 283,7 миллион теңге шығынмен қорытын­дылаған.  Су құбырларының тозуы 71 пайыз болса, кәріз желілерінің тозуы 43 пайызды құрап отыр. Кәсіпорында 609 адам жұмыс істейді десек, олардың орташа жалақысы – 121,4 мың теңге. – Әкімшілік-басқарушылық аппарат­та 50-дей қызметкер жұмыс істейді, ал директордың төрт орынбасары бар. Бұл тым көп емес пе? Сонымен қатар кәріз қалдықтарымен жұмыс істеуге тура келетін қарапайым жұмысшылардың жалақысы 3 мың теңгеге ғана өскен.  Бұл ретте инфляция мен басқа да себептерді ескере отырып, жалақы жыл сайын кемін­де 10 пайызға өсуі тиіс. Сіздер тарифтер төмен дейсіздер. Бірақ басқа кәсіпорындар да осындай жағдайда жұмыс істеуде, соған сәйкес қосымша резервтер іздеуге тыры­сады.  Сонымен қатар  әр пәтерде есептегіш құралдар тұрғанда  70 бақы­лаушы ұстау керек пе? – деген  аймақ бас­шысы штат санының көптігіне күмән­мен қараған. Кәсіпорында кейінгі кездері  қызмет­кер­лер  тарапынан түсетін шағым да көбейген. Ол ұжым ішіндегі жағдайды шиеленістірген.   Міне, осы мәселелерді баса айтқан Б.Сапарбаев орынбасары Ұлан Жазылбекке мекеме жұмысын егжей-тегжейлі тексеруді тапсырған. Апта басында осы зерделеу жұмыс­тары­ның  қорытындысы тыңдалып, бір­қатар былықтың беті ашылды. Тексеріс қорытындысын тарқатып айтсақ, кәсіпорынның бекітілген тариф­тік сметасында 569 штат қарастырыл­ғанымен, бүгінде кәсіпорынның штат саны 609 бірлікті құрап, 40 қызметкер жұмысқа артық қабылданғаны анық­талған. Бас инженермен қоса алғанда, бас директордың 4 орынбасары, 10 бухгалтер, тұрғындармен қызмет ету бөлімінде орынсыз 2 бөлім, оның бөлім басшысы, сондай-ақ бақылаушы қызметкерлердің, инженерлердің, бір бөлімде бірнеше шебердің нормадан артық саны тіркелген. Осылайша, бір жылда орташа есеппен 80 миллион теңгеге жуық қаражат тиімсіз жұмсалған. 2020 жылы кәсіпорынның қаржы айналымындағы 1,8 миллиард теңгенің 51,3 пайызы жалақыға жұмсалған. Сон­дай-ақ кәсіпорын 32 606 901 теңгеге ин­вес­тициялық бағдарламаны және 213 992 теңгеге бекітілген тарифтік сметаны орын­­дамаған.  Мекемеде жалақының уақытылы төленбеуі де тіркеліпті.  Соның салдарынан былтыр жұмыскерлер кә­сіпорын аумағында наразылық акциясын өткізген. Облыс басшысы аталған  мәселелерге қаныққаннан кейін «Жамбыл су» меке­месі  басшысының қызметіне сәйкестігіне қатысты мәселені көтерді.  Бұл бойынша бір апта ішінде ұсыныс беруді Тараз қала­сы әкіміне тапсырды. Міне, осылайша «Жамбыл су» мекеме­сі басшысының жағдайы мүшкіл болып тұр. Естеріңізге сала кетсек, Марат Смайы­лов 2013 жылы Т.Рысқұлов ауданы­ның әкімі болып тұрған кезде де басы дауға қалған болатын. «Үй қызметкері мен оққағарларына қазына қаржысынан  жалақы төлеп, бюджет теңгесін талан-тара­жға салды» деп айыпталған әкімнің ісі тәртіптік кеңесте қаралып, соңында ол өз еркімен жұмыстан кеткен болатын. Енді, міне «Жамбыл су» мекемесіндегі басшылық қызметі де айқай-шуға ұласып отыр.

 Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы