Кеше Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанға ресми сапармен келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Швецияның сыртқы істер министрі Анн Линдемен кездесті. Одан кейін қадірменді мейман Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды.
Алдымен СІМ-де жүргізілген екіжақты келіссөздер барысында әскери-саяси, экономика-экологиялық және гуманитарлық бағыттағы қызметтердің барлық үш өлшеміндегі Ұйымның күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер талқыланды. Қазақстан мен Ұйым ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективаларына, алдағы жылдарға арналған өзара іс-қимыл жөніндегі жоспарға баса мән берілді. «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Швецияның сыртқы істер министрі Анн Линде ханым Орталық Азия елдеріне дәстүрлі аймақтық турнесі аясында Қазақстанға ресми сапармен келіп отыр. Еліміз ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің мемлекет және Үкімет басшыларының саммитін 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда Астана қаласында өткізіп, «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» Астана декларациясын қабылдау арқылы Ұйымның қызметіне өз үлесін қосты. Біртұтас және бөлінбейтін Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығының көзқарасын айқындады», – деді Мұхтар Тілеуберді. Сондай-ақ министр 2021 жылғы 19 ақпанда өткен саммиттің 10 жылдығына және оның саяси мұрасына арналған онлайн конференцияға Анн Линде ханымның қатысқаны іс-шараның абыройын көтергенін атап өтті. Реті келгенде әріптесін Швецияның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының тиімді және жігерлі басталуымен құттықтауды да ұмытпады. «Қазақстан Ұйымның беделін одан әрі нығайтуға және жан-жақты өзара әрекеттесуді тереңдетуге бағытталған ұзаққа созылған қақтығыстарды шешуде және сенім шараларын құруда, гендерлік теңдік пен адам құқықтарын, экологиялық қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлықпен күресті алға жылжытудағы басымдықты толығымен қолдайды. Бүгін келіссөз барысында әріптесіммен қауіпсіздік саласындағы халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселені, соның ішінде ЕҚЫҰ кеңістігіндегі ұзаққа созылған қақтығыстарды реттеуді талқылап шықтық», – деді Мұхтар Тілеуберді. Сонымен қатар қос тарап COVID-19 пандемиясының аясында одан әрі ынтымақтастық мәселесін талқылады. ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасы швед төрағалығының басымдықтарын қолдағаны үшін қазақстандық тарапқа алғыс айтты.Е.БОЛАТҰЛЫ