Тәуелсіздік алғаннан бері 30 жылға жуық уақытта Қазақстан ғарышқа азаматтарды ұшырған 40, жасанды жер серігін шығарған 70 мемлекеттің қатарына қосылды. Ал түркітілдес мемлекеттер арасынан ғарышқа алғаш болып азаматын ұшырған Қазақстан еді. Қазақстанның ғарышты игеруге деген ұмтылысы КСРО ыдырамай тұрып-ақ басталды. Бұл істе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығы айрықша рөл атқарды.
Үш ғарышкер, екі жер серігіміз бар
Әдетте, ғарышты игеруге қатысып жатқан мемлекеттерді көбіне бейресми түрде ғарышқа ұшқан ғарышкерлерінің және жер серіктерінің санымен бағалап жататыны бар. Қазақстан тәуелсіздік алған кезде жер серігі де, ғарышкері де жоқ мемлекет еді. Алайда әлемдегі тұңғыш ғарыш айлғы – Байқоңыр біздің елде. Ал 1961 жылдан бері ғарышқа адам ұшырып келе жатқан айлақтан қазақ түгілі түбі түркінің бірде-бір перзенті ғарышқа ұшқан жоқ. КСРО ыдырайтын кезде осынау олқылықтың орнын толтыруға Елбасы Н.Назарбаев мықтап кірісті. Сөйтіп, 1991 жылғы қазанда Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқан болатын. Кейін 1994 жылы Талғат Мұсабаев зеңгір көкке самғаса, 2015 жылы Айдын Айымбетов Жердің төңірегінде ұшып жүрген халықаралық ғарыш стансасына барып қайтты. Әрине, бұл жерде Талғат Мұсабаевтың ғарышқа үш рет ұшқанын апат өткен жөн. Дегенмен алғашқы екі ғарышкеріміздің ұлты қазақ болғанымен, дәл Қазақстан атынан ұшқан жоқ. Сондықтан халықаралық құжаттарда Қазақстанның тұңғыш ғарышкері ретінде Айдын Айымбетов аталады. Алайда Т.Әубәкіров пен Т.Мұсабаевтың ғарышқа ұшуы Қазақстанның ғарышты игеру ісінен тыс қалғысы келмегенін көрсетеді. Еліміз 90-жылдардағы әлеуметтік-экономикалық қиын кездерге қарамастан, ғарыш саласын назардан тыс шығарған жоқ. Байқоңыр ғарыш айлағын 1994 жылы Ресейге алдымен 50 жылға, кейін 2050 жылға дейін жалға бере отырып, қалай болғанда да бірегей кешенді сақтап қалуға ұмтылғаны сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Байқоңыр – ғарышқа адамдарды ұшыруға арналған ең үздік ғарыш айлағы саналады. Ең бірінші, экватор бойынша барлығы есептелген. Осы жерден ең ауыр жүктер ғарышқа ұшырылады. Адамның ғарышқа ең жылдам жетуі де осы жерден жүзеге асырылады. Ауқымды зерттеу жұмыстарының нәтижесінде осы алаң таңдалып алынды» деген еді. Осылайша, Елбасы Байқоңырдың маңызы мен оны сақтап қалудың өзектілігін жақсы түсінді. Содан да шығар, тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдарда қазақ ғарышкерлерін өзге елдің атынан ұшырудан бас тартпады. Керісінше, қай елдің атынан ұшса да қазақ азаматының ғарышқа ұшуын маңызды қадам деп санады. Сөйтіп, Т.Әубәкіровтің КСРО, Т.Мұсабаевтың Ресей атынан ғарышқа ұшуына ықпал етті. Біздің пайымдауымызша, Елбасы осы қадамдары арқылы отандастарымыздың ғарыш саласына суына бастаған көңілін қайта жібітуді көздеген сыңайлы. Әрі көреген саясаткер ретінде ғарыш саласында мол пайда да, ел дамуына септігі тиетін кешенді ғылым да жатқанын білді әрі осы бағытта нақты саясат ұстанды. Елбасының осынау саясатының нәтижесінде Қазақстан 2000 жылдардың басында жер серігін ұшыру мақсатын алға қойды. Сөйтіп, алдымен сәтсіз де болса KazSat-1 жер серігін, одан соң KazSat-2 мен KazSat-3 жер серігін ұшырды. Біз сөз басында «үш ғарышкер, екі жер серігі» деу арқылы жұмыс істеп тұрған қос KazSat-ты тұспалдап едік. Әйтпесе, Жер бетінен 36 мың шақырым биікте орналасқан осынау екі құрылғыдан бөлек те ғарышта KazEОSat-1 және KazEОSat-2, KazSTSat микро жер серігі мен KazSciSat-1 нано жер серігі ұшып жүр. Елімізде ғарышқа жауапты арнайы компания құрылып, ғарыштағы құрылғыларды басқаратын орталық іске қосылды.Ғарыштық мониторинг әдеттегі қызметке айналды
2005 жылы жарғылық капиталын 100 пайыз мемлекет өз мойнына алған «Казкосмос» ұлттық компаниясы құрылған еді. Компания 2007 жылы «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» акционерлік қоғамы болып қайта жасақталған. Сол кезден бері бұл компания елге қызмет етіп келеді. Жерді қашықтан зондтау, ғарыш технологиясын дамыту, шетелдік компаниялармен бірлескен жобалар әзірлеу қатарлы қызметтерді осы компания көрсетеді. Қазір ғарыш саласындағы көптеген компаниялармен тізе қоса отырып жұмыс істеп жатқан жайы бар. Тіпті, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК-сын отандық ғарыш қызметін үйлестіруші деуге де болады. Өйткені компанияның бірнеше еншілес кәсіпорны бар. Әлгі жерді қашықтан зондтау, мониторинг, аэроғарыштық түсірілімдер қатарлы қызметтер осы компанияның еншісінде. Мәселен, биылдың өзінде компания 1 млн гектардан астам егіс алқабының пайдаланылмай жатқанын анықтаған. Сонымен қатар 185 мың 760 жер телімі арнайы талдаудан өтіпті. Жалпы, компания жер серіктерінің көмегімен 13 млн 195 мың 330 гектар жерді цифрландырған. Сөйтіп, осыншама көлемдегі жер теліміне қатысты ақпаратты жүйелеп отыр. Демек, енді ол жерлерді заңсыз басып алу, игермей қою сияқты деректер көзден тасада қалмайды деген сөз. Мәселен, отандық жер серігі 2019 жылы ел аумағынан заңсыз қоқыс төгілген 9 628 орынды тапты. Одан бөлек, жыл сайын өрт шыққан жерлерді анықтап жатады. Мәселен, былтыр күзде Каспий теңізінің жағалауында шыққан өртті жер серіктері тіркеген. Ал наурыздың 23 күні Суэц каналын жауып қалған Ever Given контейнер тасымалдаушының да сапалы суреттерінің бірін отандық KazEOSat-1 жер серігі түсіріпті. Әрине, санай берсе ғарышқа байланысты қызмет түрлері көп-ақ. Отандық ғарыш нарығындағы DigitalORB ЖШС, «Терра қашықтықтан зондтау және ГАЖ орталығы» ЖШС, «Дата+» ЖШС, «Надир» ЖШС, KazAeroSpace ЖШС, TerraLink компаниясы тәрізді кәсіпорындар ғарыш аппараттарының түрлі қызметін көрсетіп келеді. Одан бөлек, ғарышты зерттеу мен ғарыш қызметін ұсыну саласымен тізе қоса ІТ саласының да дамып келе жатқанын атап өту керек. Тіпті, 2016 жылы алғаш рет «аэроғарыш өнеркәсібі» дейтін термин ресми мекемелердің атауларының қатарына кірді. Сол жылы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылса, қазір ол Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ретінде қызмет етіп келеді. Яғни, аэроғарыш саласы Қазақстан экономикасындағы маңызды салалардың қатарына қосылып келеді.«Бәйтерек» дейтін ғарыштық зымыран кешенін жасаймыз
Қазақстанның ғарышқа қатысты жобаларының ішінде «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру жоспары бар. Ресеймен бірлескен жоба бойынша «Бәйтерек» зымырандарын сынықтан өткізу 2022 жылы басталуы тиіс деген болжам бар. Дегенмен бастапқы кезде «Союз-5» зымыраны ұшырылмақ. Бұл – еліміздің ғарышты игеруге бағытталған жаңа қадамының бірі. Өйткені «Қазақстан-2050» стратегиясында еліміздің жан-жақты ғарыш саласын құру Қазақстан экономикасын жаңғыртудың стратегиялық міндетінің бірі ретінде белгіленген. Соған сәйкес 2030 жылға қарай Қазақстан ғарыш қызметінің әлемдік нарығындағы орнын бекемдеуі тиіс. «Бәйтерек» зымыранын жасауды мақсат етуіміздің бір себебі – осы. Әрине, ғарыш кемесін жасау оңай емес. Алайда Ресей, Франция сияқты елдермен тізе қоса отырып, ғарыш саласында тәуір жетістікке жетуге болады. Өзгеден оқшауланып, жеке-дара жобалар жасауға әзірге мүмкіндігіміз жоқ. Жалпы, Қазақстанның ғарышты игеруге бағытталған саясаты еліміздің бұл саладағы бәсекеге қабілетін арттырып, жаңа мамандықтың пайда болуына, ел экономикасы үшін сала жетістіктерін пайдалануға мүмкіндік береді. Қазір еліміздің бірқатар оқу орындарында аэроғарыш саласының мамандары даярланып жатыр. Түрлі лабораториялар мен орталықтар ғарышты зерттеуге атсалысып жүр. Бірер жыл бұрын әл-Фараби атындағы ҚҰУ студенттері нано жер серігін де жасаған. Бұл дегеніңіз ғарыш романтикасының қайта жаңғыруына алып келген сыңайлы. Дегенмен ХХІ ғасырдағы ғарышты зерттеу мен ғарыш технология тек романтика емес, оның астарында ғылым мен білім, экономика жатыр. Демек, Қазақстан заманауи ғылымға ғарыш арқылы жол ашуды көздейді. Бұл, әу баста Елбасы армандаған мақсатқа жетудің бастапқы қадамы болары сөзсіз.Ардақ СҰЛТАН