Жамбыл облысында «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық және жергілікті Жол карталарының орындалу барысы қаралды. Кеңесті облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаев ашып, бесжылдыққа бағытталған Жол картасының негізгі бағыттарына тоқталды.
Бұдан кейін сөз облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаевқа беріліп, ол алда тұрған мақсатты міндеттерді баяндады. – Республикалық Жол картасында 4 бағыт бойынша 362 іс-шара қарастырылған. Оның 320-ы жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. «Барлығына бірдей мүмкіндіктер» атты бірінші бағыт бойынша алдағы бес жылда 33,9 мың пәтерге арналған 3,92 млн шаршы метр тұрғын үй салу, апатты және үш ауысымды мектептердің орнына 44 жаңа мектеп тұрғызу, шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 358 мектепті жаңғырту, 2025 жылға қарай барлық ауыл мектептерін жоғары жылдамдықты интернетпен 100% қамту, 2025 жылға қарай 100% балаларды қорлаудан, интернет – қудалаудан, жыныстық қылмыстардан және суицидтен қорғау бойынша шаралар қабылдау және 120 спорт секциясын ашу және балалар үйірмелерін қайта оңтайландыру сынды міндеттер тұр, – деді әкімнің орынбасары. Одан бөлек, «Интеллектуалды, дені сау және үнемді ұлт» бағыты бойынша 2025 жылға дейін 36 мәдениет объектісін салу және 32-сін күрделі жөндеу, 74-ін ағымдағы жөндеуден өткізу, Ақыртас қалашығының 1 тарихи-мәдени мұра объектісіне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу, 2024 жылға қарай Тараз қаласында 450 орынға арналған көпбейінді аурухана және 2025 жылға қарай Тараз қаласында қоқыс өңдеу зауытын салып, пайдалануға беру сияқты жұмыстар тізбегі белгіленіпті. «Экономика мен өңірлердің тұрақты дамуы» бағытында агроөнеркәсіптік кешенде 45 инвестициялық жобаны іске асыру және Шу ауданында көлемі 23,7 мың шаршы метр көтерме-тарату орталығын салу жұмысы межеленуде. Облыс әкімінің орынбасары сондай-ақ республикалық Жол картасымен көзделген міндеттерге талдау жүргізу кезінде кейбір сала бойынша бірқатар өткір мәселе туындағанына тоқталды. – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі біздің өңірімізге 5 жыл ішінде 3 920 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеттеген, оның ішінде 2021 жылға 650 мың шаршы метр. Осыған байланысты биыл жоспарланған көрсеткішті орындау үшін облыста көппәтерлі үйлерді іске қосу санын 2,2 мың шаршы метр пәтерге ұлғайту қажет. Бұдан басқа, Білім және ғылым министрлігі 5 жылда Жамбыл облысында 44 мектеп салуды міндеттесе, оның ішінде 2021 жылы тапсырылуы тиіс 3 мектеп Қордай ауданында орналасқан. Облыстық Жол картасында бар болғаны 4 жаңа, үш ауысымды мектептің орнына 9 және 2 мектепке жапсарлас құрылыс салу көзделген. Ал Қордай ауданына арналған Жол картасында мектеп құрылысы мүлдем жоспарланбаған. Дәл сондай Мәдениет және спорт министрлігі облыс бойынша 33 мәдениет нысанының құрылысы қарастырса, өңірлік Жол картасында 26 мәдениет үйі ғана көрсетіліп тұр, – деді Т.Мамаев. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек өзі басқаратын сала бойынша жұмыстар легіне тоқталды. – Жол картасында мен жетекшілік ететін салалар бойынша жалпы 22 меже қойылған. Барлық меже биылғы жылы орындалмақ. Құрылыс саласы бойынша 2021 жылға облысқа қойылған меже 651 мың шаршы метр болса, біз бұл көрсеткішті 700 мың шаршы метрге орындап, межені 113,4% пайызға орындауды жоспарлап отырмыз. Бүгінде облысымызда 30 505 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Жыл сайын кезек орта есеппен 2 700 адамға өссе, осы жылы алғашқы рет кезек өсімінен артық пәтер тапсырылу жоспарланып отыр. Жол картасына сәйкес, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың үлесін 2021 жылы 95%-ға жеткізсек, 2025 жылы аталған көрсеткіш 100%-ды діттейді. Халықты орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы 18 сумен жабдықтау нысанының құрылысына 8,5 млрд теңге қаржы қарастырылған. Соның ішінде 14 жоба жыл соңында аяқталса, 4 жоба құрылысы 2022 жылы қолға алынбақ . – 2021 жылы табиғи газбен қамту саласындағы құрылыс жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен 14 жобаға 8,6 млрд теңге бөлініп отыр. Жыл соңына дейін 20 елді мекендегі 16 мың адам табиғи газбен қамтылып, облыстағы газдандыру үлесі 69,3% құрайды, – деді Ұ.Жазылбек. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев болса, Жол картасында әлеуметтік салаға белгіленген 51 тармақ төңірегінде сөз қозғады. – Кәсіпкерлік саласына қатысты республика бойынша 51 тармақ, оның ішінде 2021 жылы заң қабылдауға қатысты 5 тармақ енгізілген. Облыс бойынша 13 тармақ айқындалған. Жалпы, Жол картасында көрсетілген бизнесті ашуға және бизнесті жүргізуге қажетті мемлекеттік қолдау тетіктері толығымен іске асырылады, – деген облыс әкімінің орынбасары өнеркәсіп өнімін арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, электронды сауда үлесін ұлғайту, тұрғындарды жұмыспен қамту, салаларды цифрландыру, туризм түтітін тік ұшыру сынды жоспарлы жұмыстар барысын баян етті. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі ең басты міндет елге берілген уәденің орындалуы керегін баса айтты. Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев республикалық көрсеткіштің барлығын діттеу қажет екенін ескертіп, әкімдерге бақылау мен жауапкершілік жүктеді.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы