Бұрынғы жемқордың жолы жабылады
Бұрынғы жемқордың жолы жабылады
5,124
оқылды

Жуырда мемлекеттік органдар мен ұлттық ком­па­ния­лардың басшыларына бұрын ақша жымқырып, жем­қорлық қылмысын жасаған адамдарды жұмысқа қабыл­­­дағаны үшін айыппұл салынатын болды.

Мұны Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов хабарлаған еді. «Мемлекеттік орган немесе ұлт­тық компания басшысы бұрын сыбайлас жемқорлық жасаған адамды жұмысқа қабылдағаны үшін өз қалтасынан 100 АЕК кө­лемінде (2021 жылы 291 700 теңге) айыппұл төлейді. Ол Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 681-бабында көрсетілген. Сыбай­лас жемқорлық жасаған адам енді мемлекеттік қызметте де, квази­мемлекеттік секторда да, тіпті қа­­­тардағы лауазымда да жұмыс істей алмайды», – деді ол. Айт­пақшы, сыбайлас жемқорлық қыл­мысын жасаған адамдарды жұмысқа орналастыруға тыйым салу туралы талап бұрын тек мемлекеттік қызмет пен квази­мемлекеттік сектордың басқа­рушы лауазымдарына қатысты болған. Енді бұл қатарға ұлттық компаниялар да қосылып отыр.

Мектеп директорлығы – жайлы орын

2018 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында өз лауазымына сай болмай шық­қан екі бірдей мектептің дирек­торы орнынан босатылған еді. Кейін анықталғандай, аталған мектеп директорлары бұрын жем­­­қорлық дерегі бойынша істі болған. Яғни, бірнеше жыл бұрын әкімдік қызметте жүрген кезінде жауапқа тартылып, басшылық қызметтерінен шеттетілген. 2017 жылы желтоқсанда осындай фак­тілерге жол бермеу мақса­тында елімізде мектеп дирек­торларын жұмысқа қабылдаудың жаңа ме­ханизмі іске қосылған. Соның аясында мұндай деректердің бір­та­­­­­­лайы кездескен екен. Оның алдында мектеп директорларын білім беру бөлімдерінің басшы­лары тағайындайтын болған. Кім қолайына жақса, соны сайлай сала­ды. Одан кейін дирек­тор­лық­қа үміткерлер мектепті да­мыту бағдарламасын қорғаумен қатар қамқоршылық кеңесінің ке­лісімін алуы тиіс болды. Содан кейін ғана тестілеу сынағынан өтіп, қызметке кірісуіне құқығы бар.

Пара алса да, орнында қалатындар бар

Осыдан біраз уақыт бұрын Түркістан облысындағы Кентау елді мекеніне қарасты Шаға ауы­лындағы Вахидов атындағы мектептің директоры Меринса Изатуллаева да 2019 жылы пара­мен ұсталған. Бірақ директор қыз­метін әлі күнге дейін жа­л­ғастырып келген. Бір қызығы, ди­ректорды Кентау қалалық білім бөлімі де қызметтен босата ал­мапты. – Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл департаменті Изатуллаеваның тәртіптік жауап­кершілігін қарау туралы ұсыныс бергені рас. Бірақ заң бойынша соттың үкімі шықпаған соң, ди­ректорды қызметінен босата ал­маймыз, – деп мәлімдеген білім бөлімі. Ал 2020 жылдың желтоқ­са­нында Павлодар облысы Жо­лаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас­шысы Ринат Қойсомасов пен оның орынбасары Қизат Жа­қыповтың мәселесі Әдеп кеңе­сінде қаралыпты. Шенеуніктердің пара алуы енді қылмыс емес, ұсақ тәртіптік әрекетке айналғандай. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінен ұсы­ныс түсіп, сотқа дейінгі тергеп-тек­серу жедел-іздестіру іс-шар­а­ларын жүзеге асыру барысында Қойсомасов пен Жақыпов 2019 жылғы қарашада алдын ала сөз байласу арқылы Павлодар об­лысының автожолдарын жөндеу, реконструкциялау және күтіп ұстау жөніндегі мемлекеттік са­тып алу жұмыстарының жасалған шарттары бойынша «Гор­дор­строй» ЖШС директоры Мои­сеев­тен қамқорлығы үшін жалпы сомасы 504 890 теңге пара алғаны анықталған. Содан соң қаражатқа Технодом сауда үйінен iPhone 11 Pro ұялы телефонын сатып алыпты. Алайда сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдері лауазымды тұлғаларды ақтап алғандай болып, істі тоқ­татыпты. Сондағы алға тарт­қандары, «Қылмыстық кодекстің 366-бабы «Пара алу» бойынша қолма-қол ақша жүруі міндетті» екен. «Біз мұның пара екенін білеміз, бірақ оны не үшін бер­генін білмейміз. Мұндай де­ректермен қылмыстық істі сотқа жіберу мүмкін емес, сон­дықтан күдіктілердің консти­туциялық құқықтарын бұза алмаймыз» деп қоры­тындылапты кеңес. Осы тұста бір жайтты тілге тиек ете кеткен жөн. Елімізде заң мен оның орындалуы бөлек мә­селе. Біз бұл мысалдарды неге келтірдік? Жемқорлыққа тұсау саламыз деген сайын, одан сы­тыл­ғандар да көбейген сияқты. Сондықтан жаңа баптың арқа­латар жүгі ауыр емес.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ