Шерхан дәуірі
Шерхан дәуірі
1,072
оқылды

«Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсімде күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін. Түсімде ылғи туған үйімді көремін. Түсіме ылғи Айша кіреді. Мұртаза сирек кіреді, өйткені ол кеткенде мен бес-ақ жаста едім. Елесі еміс-еміс қана»... Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы» осылай басталатын еді. Қазақ әде­бие­ті тарихында Шерағаның «Ай мен Айшасы» бір бөлек те, «Қызыл жебесі» бір бөлек еді. Уақытының 30 жылын ұрлаған Тұрар бейнесі қиындықпен дү­ниеге келсе де, көлемі жағынан да, көтерген жүгі мен көркемдігі жағынан да жазушының бас кітабына айналды. Көп оқылған, шын мәнінде халық жазу­шысы еткен шығармасы. «Шындықтың шырақшысына» айналған тұлғаның әдебиеттегі бей­несі мен саясаттағы рөлі қандай?

Шындық шырақшысы

«Шерхан Мұртазадай қайраткерлік қыз­метін қалдырмай жүріп, том-том ро­ман жазған жазушылар тым сирек. Ол – хал­қының басындағы аласапыран, алапат ке­зеңнің жауапкершілігін жіті сезініп, зіл бат­пан жүгін қара нардай көтеріп қана қой­май, шым-шытырық шатасқан өз за­ма­нының ой жібін шамасы жеткен жерге дейін таратып кетуге талпыныс жасады. Ком­мунист, редактор Шерхан партия ша­қыруына үн қосып жазды деген шығар­ма­ларының өзінде ой жібі шатаспаған, өткін­ші саясаттың жетегінде кетпеген. Тіп­ті, заманының қаһарманын жасаймын деп жасандылыққа бармаған». Елен Елім­жан осылай деп жазады. Қазақтың Шерағасының қаламгерлік кел­­беті бір бөлек еді, ал қайраткерлік қы­ры бір бөлек-тін. Ол депутат болып тұр­ған кез­­де қалың қазақ басқадан күтпесе де, одан әділ, отты, жалынды сөзді күткені анық. Ол 8 жасында мектепке барып, 1950 жыл­дардың басында орта мектепті үздік бі­тіріп, Мәскеуге жол тартады. 1955 жылы Ло­моносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факульте­тін бітіреді. 1956-1963 жылдар аралығында қазіргі «Жас Алаш» бұрынғы «Лениншіл жас» газетінің, бұрынғы «Социалистік Қа­зақстан» газетінің тілшісі болған. 1963 жы­лы «Лениншіл жас» газетіне бас ре­дак­тор болып келген Шерхан Мұртаза 30 мың та­ралыммен шығатын басылымды 130 мың­­ға жеткізді. Жалпы, 1963 жылдан бастап 1970 жыл­дар аралығында «Лениншіл жас», «Жа­зу­шы» баспасы, «Жұлдыз» журналының бас редак­торы қызметтерін атқарды. 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газе­ті­нің редакторы, «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы бол­ды. 12  және 13-шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес­тің, 2-шақырылған Парламент Мә­жі­лі­сінің депутаты болды. Ұлттық идео­ло­гияның ұраншысы, қазақ әдебиеті мен жур­налистикасының жаңа дәуірде қалып­тасуына зор үлес қосты. Замандасы, жазу­шы Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, «ал­дас­пандай жарқылдаған сайыпқыран ше­шен­дердің бірі» болды. 1994 жылы Шерхан Мұртаза Жоғарғы Кеңестің 13-шақырылымының депутаты бо­лып сайланады. «Бұл лауазымға жа­бы­сып қалады десеңіздер, қателесесіздер. Мен үшін ең маңыздысы – менің қаламым. Қо­лымда қалам тұрғанда, жұмыссыз қал­маймын» деген екен. Парламент қабыр­ға­сында жүріп, өзекті мәселелерді өткір ай­тып, қазақ халқының айбарлы азама­тына айналды.

Намыс – адамның жан серігі

«Шерхан Мұртазаны, басқаны қайдам, өзім ең әуелі қазақ баспасөзіндегі жаңа тұр­паттағы жаңа буынның төлбасы, редак­торы ретінде таныдым. 1963 жыл мен 1992 жыл­ға дейін ол бас редактор болған «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл Жас»), «Қа­зақ әдебиеті», «Егеменді Қазақстан» га­зеттері мен «Жалын», «Жұлдыз» сияқты жур­налдарда республикамыздың әлеу­мет­тік-мәдени өмірі туралы қаншама өткір, қан­шама күрделі, қаншама зәру, қаншама кө­кейкесті мәселелер жарияланды. Әді­ліне жүгінсек, мұндай мәселелерді әр­қа­шан ол бас редактор болған басылымдар ға­на бірінші соқа салып көтеретін» деген екен Қалтай Мұхамеджанов. Жазушының балалық шағы сұрапыл со­ғыспен тұспа-тұс келіп, өмір ерте есейт­ті. Балалығы туралы «Ай мен Айшада» көр­­кем суреттейді. «Халық жазушысы» атан­­дым. Жазғанымның бәрі алтын дей ал­­маймын. Бірақ солардың көбі және дәм­ді­лері, тек балалық шақтың нәрінен, ба­лау­са балғын шақтың әсерінен туған. Өсе ке­ле, көпті көрдім, дүниенің шартарабын ара­ладым. Бірақ соның бәрі мені балалық ша­ғымдай байыта алмады» дейтіні сон­дық­­тан. Тұрар Рысқұлов бейнесін жазу кез кел­ген жазушыға оңай емес. Бүгінгідей тәуел­сіз­дік заманы емес, кеңестік кезеңде бұл та­қырыпқа бару қиынның қиыны еді. Әрі объек­тісі де жай адам емес, Кремльде оты­рып, «халық жауы» болып атылып кеткен тұл­ға болса. Ондай тұлғаны жазу үшін де сол деңгейде болу керек шығар. «Қызыл жебе» романының шоқтығы биік болатын жөні бар. «Буржуазиялық националист пен түрікшіл» деп айыпталып ату жазасына кесілген Тұрар Рысқұловты жазғаны үшін Шерхан Мұртазаға «неотүрікшіл» деп кінә тақ­қан да кездер болған. Тіпті, «Жұлдыз» жур­налына жариялауға дайын болған нұс­қа­сына тыйым салып, көзін жойған деседі. Роман Қазақстан партиясының институты мақұлдаған резенциядан кейін жарық көр­ген. Шерхан Мұртаза мен журналист-жазу­шы Камал Смайыловтың бір-біріне жазған хат­тары «Егемен Қазақстан» басылымында жа­рияланды. Бұл хаттар кейін «Елім, саған ай­там, Елбасы, сен де тыңда» деген атпен жи­нақ болып шықты. Осы хаттары арқылы қоғамдағы мәселені ашық жазып, халық­тың әлеуметтік жағдайын көрсетуге ты­рыс­ты. Өткір дүниелерді талқылап, елдегі проблеманың түбірін қалып, шешіміне жол сілтеді. Шерхан Мұртазаның қаламынан туған «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найза­ғай», «Белгісіз солдаттың баласы», «Мыл­тық­сыз майдан», «41 жылғы келіншек», «Ах­метжанның анты» повестерін оқып өстік. «Интернат нанын» оқысақ, жазу­шы­ның балалық шағы көз алдымызға елес­тейтін. «Бесеудің хаты», «Сталинге хат» сияқты драмалық туындылары бар. Қаламгердің ерекше айтыла бермейтін тағы бір қыры – аудармалары. Қырғыздың халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың көп шығармасын қазақ тіліне аударды. Тіпті, жас кезінде Ханс Андерсонның ер­те­гілері мен еуропалық бірер жазушының туындыларын қазақ тіліне аударып баста­ған екен. Қазақтың Шерағасы айтқан небір өт­кір сөздері әлі күнге ел аузында айтылып жүр. «Жетімдіктің неше түрлі дәмін тат­қан­быз. Ащы дәмі және де. Ащы болғанда, улы. Сондай зәрлі. Жетімдікті ешкімге көр­сетпесін...». «Намыс – адамның жан серігі. Көзге көрін­бейді. Жеке жүрмейді. Тым болмаса, көзге көрінетін көлеңкеде де сияқты емес. Бірақ серік. Мықты серік. Бұл серігі жоқ адам қасиетсіз, әлсіз». «Араны ашылған қыран не аңды ала­ды, не аңшының өзін алады». «Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады. Адамды аздыратын жаман қы­лықтары да өзінен шығады. Ол да тат. Сабындап жуып кетіре алмайсың. Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре ала­ды. Әрине, асыл кітап, адал кітап. Ең бірін­ші – Құран! Екінші – хадистер! Ұлы клас­сиктер. Қазақтың ұлы жазушылары. Кі­тап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қа­зына. Кітап – өмірсерік. Бір кем дүние...». «Шерхан жолы» туралы арнайы эссе жаз­ған депутат Дархан Мыңбай: «Иә, еш­қашан сызылып сөйлемейтін, еш уақытта иіліп сөйлемейтін, қандай жағдайда да белі бүгілмейтін, қай кезде де сөзі үзілмейтін Шер­хан Мұртазаны қазақта білмейтін жан кемде-кем. Ондай бар болса, бір кем дүние. Уақыттың қадірін өлім түсіндіреді. Сон­дай уақыттың бір дәуірі – қазақ жур­на­листикасындағы Шерхан Мұртазаның дәуірі. Сол дәуір де түгесілді. Сыры мен түй­генін Камал Смайыловқа жазып үлгер­ме­ген болса, Алланың әмірімен кәміл досына асықпай жеткізетін болар. Азан шақырып қойған «айдынды да айбарлы» есімін барша жұрттың есіне мықтап салып кеткен Қалтай Мұхамеджанның жанына барды. Анасы Айшаның образын асқан махаббатпен сомдап, ана затына бұрын-соң­ды болмаған ескерткіш орнатқанын жаһан­ға жария еткен Ақселеу Сейдімбектің аруа­ғына жақындап, дамыл тапты. «Дулы­ғалы нарға» балап, «қабыландай қаһарлы мінез танытып, қайсар тағдыр кешіп келе­ді» деп бағалаған Әбіш Кекілбайұлы сын­ды руханият сардарына мәңгілік серік бол­ды» деген еді. Бұл жол – Шерхан жолы. Бұл жол – Тұрар Рысқұлов бейнесін ас­­­қақтатқан қаламгер жолы. «Қызыл жебесін» жата-жастана оқы­ған, әлі оқи беретін мәртебелі оқырман Шер­хан Мұртазасын ұмытпасы анық. Тәуел­сіз Қазақстанның тарихында ел үшін  аян­бай еңбек еткен, қаламгерлігі мен қай­раткерлігі қатар өрбіген аяулы жанның ұзын сонар жолы жатыр. Ол – мәңгілік!

Айым БЕКТҰР