Қараусыз иттен қауіп жоқ деме...
Қараусыз иттен қауіп жоқ деме...
307
оқылды

Биыл Қарағанды облысында  үш жарым мыңға жуық адамды ит қауыпты. Тіпті, бір бүлдіршінді иттердің талап өлтіргені бар. Бәлкім, содан да шығар, облыста  қаңғыған иттер мен  мысықтарды аулау үшін жыл сайын қаржы бөлінеді. Былтыр облыста 7 040 қараусыз жануар ауланды және жойылды. Оның 6 790-ы ит, 250-і мысық.

Жақында облыстық мәслихаттың де­путаты Жанна Штергердің төрағалығымен депутаттық өкілеттік, әдеп, заңдылық және құқықтық тәртіп мәселелері жөнін­дегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібінде облыс аума­ғында иесіз иттер мен мысықтарды аулау мен жою ережесі талаптарының орындалуы туралы мәселелер қаралды. – Облыс аумағында иттер мен мысық­тарды асырау мен серуендету ережесі бекітілген. Ережені орындау бағытында біршама жұмыс атқарылғанымен, қимыл баяу. Бүгінде 6 қалада: Абай (1), Қара­ғандының Октябрь ауданы (3), Жезқазған (1), Сәтбаев (1), Приозерск (1), Саран (2) – ит серуендететін 9 орын белгіленген. Ал Қарағандының Қазыбек би ауданында, Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалаларында әлі шешімін таппай отыр, – деді облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков.

Серуендетуге орын керек

Депутаттар мен қоғамдық ұйым өкіл­дері қала-аудан әкімдіктерінің назарын үй жануарларын еркін серуендету орындарын анықтау мәселесін жедел шешу қажет екеніне аударды. Ереженің қабылдан­ғанына жыл өтсе де, әлі жердің бөлінбеуі мен орынның дайындалмауы, сөзбұй­да­лық­қа салыну жүйелі жұмыстың жоқтығы­ның салдары екеніне көңіл аударған об­лыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өте­шов: «Осыған кім мониторинг жүргізуі керек? Тиісті орын дайындай алмай оты­рып, итін қыдырыстап жүрген иесіне ес­керту жасау немесе айыппұл салу қандай қисынға келеді?» деп орынды пікір айтты. Тұрақты комиссия отырысы облыс аумағында иттер мен мысықтарды асырау мен серуендету өткір мәселеге айналғанын көрсетті. Мәселен, көпқабатты тұрғын үйде үш және одан да көп ит ұстайтындар кездеседі. Көршілері олардың үстінен арызданып жатады. Алайда жоғарыда сөз болған ережеде осыны реттейтін норма жоқ. Тіпті, бұл мәселені орайлы шеше­тін­дей нормативтік-құқықтық актіні бүгінде майшам алып іздесең де таппайсың. Осы­дан кейін пәтерін шағын хайуанат бағына айналдырып жіберген адамды тәртіпке шақыруға немесе қандай да бір жауап­кершілікке тартуға негіз жоқ.

1 500 ит пен 200 мысық құтырмаға қарсы егілді

– Жануарлар мен адамдар арасында құтырудың пайда болуы мен таралуына жол бермеу мақсатында, ветеринарлық заңнамаға сәйкес, қаңғыған иесіз иттер мен мысықтарды аулау және жоюмен бұрын жергілікті атқарушы органдардың аудандық, қалалық ветеринарлық стансасы айналысты. Қазір облыс әкімдігінің 2020 жылғы 11 маусымдағы №37/01 қаулысына орай, облыстық Ветеринария басқармасы айналысады. Биыл 010 «Қаңғырған иттер мен мысықтарды аулау мен жоюды ұйымдастыру» бағдарламасы бойынша 66,914 млн теңге қаржы бөлінді. Есепті кезеңде облыста 7 040 қараусыз жануарлар ауланды және жойылды. Оның 6 790-ы ит, 250-і мысық, – дейді облыстық Ветери­нария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков. Оның айтуынша, алдын алу шараларының жоспарына сәйкес биылғы бірінші тоқсанда 1 500 ит пен 200 мысыққа құтыруға қарсы дәрі егілген. Дегенмен қаңғыбас иттердің адамдарды қауып тастаған жағдайлары әлі де кездесіп қалады екен. Облыстық Санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша биыл бірінші тоқсанда сондай 421 оқиға тіркеліпті.

3 498 адамды ит қапты

Былтыр 21 851 ит пен мысық ауланып және жойылып, қарастырылған 68,9 млн теңге қаражат толық игерілген. Соған қарамастан, 2020 жылы облыс бойынша 3 498 адам иттің қабуынан зардап шеккен. Дегенмен  бұл көрсеткіш  2019 жылмен салыстырғанда біршама аз. 2019 жылы облыста 3 964 адамды ит қапты. Қазір  уақытында аулау мен жоюдың арқасында қаңғыған иттердің қабуы азайғаны бай­қалады. Негізі, қаңғыған иттерді аулау жеке және заңды тұлғалардан, елді мекендердің әкімдіктерінен, жергілікті полиция қыз­метінен, прокуратурадан және басқа ор­ган­дардан түскен өтінімге қарай жүр­гізіледі. Итті аулау кезінде қоршаған ортаға қолайсыздық тудырмау үшін пневма­тика­лық қару, «Дитилин В» фармакологиялық дәрісі жағылған қысқа сапты найза қол­данылады. Ауланған қаңғыған иттер арнайы ұстайтын уақытша орынның жоғынан бірден «Адилин» препаратын қолдану арқылы жойылады. Айта кетейік, қаңғыған иттер мен мысықтарды аулау мен жою жергілікті бюджеттен бөлінген қаржының есебінен жүргізіледі. Бірақ оларды ұстау үшін бірегей бюджеттік классификацияда арнайы бағдарлама қарастырылмаған. Сондықтан бұл мақ­сатқа қаржы бөлуді қарастыру мүмкін емес. Ауланған ит пен мысықты жоюға аудандық-қалалық ветеринария стансасы басшы­ларының бұйрығымен құрылған, құрамына қоғамдық кеңестер мен аймақ әкімдігінің өкілдері, еріктілер кіретін комиссия қатысады.

Жабайы иттер талап тастады

Елді дүрліктірген оқиға 2020 жылдың қараша айында Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласында болды. Алты жасар қыз аулада ересектердің қарауынсыз жүріп, иттердің ортасында қалып қойған. Қалалық полицияның кезекші бөліміне бұл туралы 15 қараша кешкі сағат 17.00-де «жедел жәрдем» қызметкерлері хабарлаған. «Оқиға орнына барған дәрігерлер баланың қайтыс болғанын анықтады», – деп хабарлады Қарағанды облысының Полиция департаменті. Анықталғандай, қыз ата-анасымен бірге саяжай ау-­мағындағы үйлердің бірінде тұрған. Сол күні бала ересектердің қарауынсыз жүріп, ауладағы иттердің ортасында қалған.

Қауіп қайдан демеңіз?

Өткен наурыз айында Қарағанды облысы Шет ауданы Жарық ауылында ит кенеттен иесіне шабуылдап, қолын қауып алды. Салдарынан ит иесінің қолын кесуге тура келді. Әйел итті шынжырға байламақшы болғанда, ит қарсылық көрсеткен. Ит кенеттен иесінің оң қолына жармасып, қауып алады. Үй иесі шошып кетіп, айғайлай бастайды. Оның даусын естіп, үйде отырған отбасы мүшелері жанына барады. Олар итті қуып жіберіп, дәрігер шақырады. Жергілікті дәрігерлер жарақатты тек­серіп, қолды кесу керек деген шешімге келген. Жәбірленуші облыстық ауруханада қолын кестіруден бас тартады. Ол меди­циналық көмек алу үшін Қарағанды қаласына баруды жөн көрді. Бірақ қалалық дәрігерлер де зардап шегушінің қолын құтқарып қала алмады. – Оның жанында хирург пен анес­тезиолог болды. Сол күні профессор Мақа­жанов атындағы көпсалалы аурухана­да әйелдің қолы кесілді. Қазір науқастың жағдайы тұрақты, – деді Денсаулық сақтау басқармасының мамандары.

Балқаштықтар да шулауда

Балқаш қаласында да  иесіз иттердің топтасып жүруі тұрғылықты халық үшін қауіп төндіруде. Иттерге қатысты мәселені Facebook әлеуметтік желісіне жүктеп, тиіс­ті шараларды қолдану керегін айтып, тұрғындар дабыл қағуда. Тұрғындардың айтуынша, кезбе иттер көбіне азық іздеп, күл-қоқыстың арасында жүреді. Сондай-ақ адамдар көп шоғыр­ланатын жерге әуес келеді екен. Таңер­теңгілік оларды аялдамада да көптеп кездестіруге болады. Жергілікті тұрғындар балаларының өміріне қауіп төндіруі ықтимал деп қорқады. Өйткені топ-тобымен жүрген иттер балаларға шабуыл жасауы мүмкін. Қала тұрғыны Медет Кеуеков жақында бір топ иттің құрбаны бола жаздапты. Абырой болғанда, жақын тұрған дуалдың арғы жағына секіріп түсіп, аман қалған екен. – Бүгінде қаңғыбас иттердің жүрген жері тұрғындар үшін өте қауіпті орындарға айналып отыр. Олар алдымен жұқпалы ауруларды тасымалдайды. Ал құтыру белгілері байқалғанда адамға шабуыл жасауы мүмкін. Ит қауып алса, өлімге әкеліп соқтыруы да ғажап емес. Қаңғыбас иттер қалада әр жерді паналап, қоқыс қалдығынан тамақ жеп күн көріп жүр. Мен жақында ғана бір топ иттің құрбанына айнала жаздадым. Менің орнымда бала болса қайтер еді? Біз балаларымызға алаңдаймыз, – дейді Медет Кеуеков. Көше кезген үй жануарларының мә­селесі бүгінде шешімін таппай тұр. Оларға арналған Балқаш қаласында арнайы пана салынғанымен, оларды тамақтандыруға қаржы қарастырылмаған. Ал бұларды асы­рап алуға бірде-бір жан құлық танытар емес. «Балқаш қалалық ветеринарлық стансасы» КМК директоры­ның міндетін атқарушы Ардақ Аманқұлов: – Біздің мекеме иесіз ит пен мысықты жою жұмысымен де айналысады. Қазір қала бойынша бригада жұмыс істеуде. Олар көлікпен, қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жыл басынан бері 1 281 иттің, 235 мысықтың көзі жойылды. «Сұраныс» болмаған, емделмейтін дерті бар иттерге «ізгілікті өлтіру» (эвтаназии) қолданылады, яғни денесіне улы препарат егіледі. Халық арасында жануарларға қатыгездік жасағаны үшін жазалау заңы барлығын алға тартып ит пен мысықты аулауға кедергі жасайтындар да жоқ емес, – дейді. Сонымен қатар маман  тұрғындар жаз айларында саяжайларда ит ұстайты­нын, бірақ  күзде оларды тастап кететінін айтады. Сөйтіп, иесіз қалған иттер азық іздеп қалаға келеді екен. Әрі иттер ұйығып, күшіктеп де жатады. Олардың санын бақылап отыру қиын.  Ал топтасқан иттер бала-шағаға қауіп төндіруін қояр емес.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды қаласы