Қаңғыбас иттен де қауіп көп
Қаңғыбас иттен де қауіп көп
Бұралқы иттердің шабуылынан кейін жапа шек­кендердің бірқатары ауыр дене жарақатын ала­ды. Олардың арасында көп қан жоғалтудан, не қатты таланудан соң тіл тартпай кетіп жатқаны қаншама?! Қайғылы оқиғалардың жиі­леуіне төбеттеріне ие бола алмаған жандардың жауап­сыздығы себеп болуда. Әсі­ресе, мұндай жағдайлар ит қожайындарының қауіп­сіздік шараларын ескер­ме­уінен туындайтыны өкінішті. Қаңғыған иттердің тұр­ғын­дарды талап тастаған оқиғалары бұдан бұрын да сан мәрте тіркелді. Әсіресе, питбуль, алабай тұқым­дас иттердің адамды талап-жегені жұртшылықтың үрейін ұшырды. Олардың арасында өз иелерін қапқандары да бар. Күні кеше ғана Ақмола облысында 79 жас­тағы кейуананы ауладағы ит талап өлтіргені туралы ақпарат тарады. «Маусымның 18-де Атбасар аудандық ПБ кезекшілік бөліміне учаскелік инспектор хабарласып, Щуйское ауылындағы тұрғын үй­дің ауласында 79 жастағы кейуа­наның денесі табылғанын айтты. Айтылған жерге барған тәртіп сақшылары маусымның 18-інде сағат 14.00-де үйдің ауласында байлаулы тұрған 2 жасар алабай тұқымды төбеттің шынжырды үз­генін анықтады. Қария оны бай­ламақшы болған кезде, ит оны мойын тұсынан бірнеше рет тіс­теп алған, ол сол жерде көз жұм­ған» деп түсіндірді ПД баспасөз қызметіндегілер. Бұл тек бір ғана оқиға. Бұдан бөлек, 2020 жылдың наурыз айын­да да Қызылорда облысы Арал ауданында 7 жасар баланы алабай тұқымды ит қауып алды. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, по­лиция аға лейтенанты Алтынтас Нұрпейісов пен полиция аға сер­жанты Нұркен Ермағанбетов же­дел жетіп, азаматтардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақса­тын­да итке қарсы табельдік қару­ды қолдануға мәжбүр болған. – Жарақат алған жасөспірім аурухананың травмотология бө­ліміне шұғыл жеткізілді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ит иесін анықтау үшін тексеру ша­расы жүргізілуде. Сараптама та­ғайындалды. Сонымен қатар табельдік қаруды қолдану дерегі бойынша тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы полиция қызметкері азаматтардың өміріне немесе денсаулығына тікелей қа­уіп төндіретін жануарды залалсыз­дан­дыру үшін заң шеңберінде әрекет еткенін көрсетті, – деп мәлім етті сол кезде Қызылорда облыстық Полиция департа­мен­тінің баспасөз қызметі. Иә, адамға шабуыл көбінесе қараусыз қалған немесе көше кез­ген иттерден келетіні сан мәрте айтылып жүр. Ал қараусыз қалған ит құтыру, лептоспироз, токсо­плазмоз, дифиллоботриоз деп басталатын ұзын сонар тізімдегі түрлі аурудың қоздырушысы са­налады. Құтырған иттердің адам­ды қауып алуы тіптен қауіпті. Өйткені жараланғандар бірден құтыру ауруын жұқтырады. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы жыл сайын 10 мил­лиондай әлем тұрғынына жануар­лар шабуыл жасайтыны туралы мәлімет таратты. Одан кемінде 50 мыңдай адам көз жұматын кө­рінеді. Дәрігерлер құтыру ауруы­ның 95 пайызы адамға ит арқылы жұғатынын айтады. Бірақ көп жағдайда ит қапқан кісілер оған мән бермей жүре беретін болып шықты. Өткен жылы еліміз бо­йын­ша 14 жасқа дейінгі 2 бала мен 1 жасөспірім құтыру ауруынан қайтыс болды. Оларды өз үйінің мысығы мен күшігі тырнап алған. Ата-аналары да балаларын дә­рігерге апармаған. Уақытылы құты­руға қарсы екпе салынбаған­дықтан, ауру тым асқынып, бүл­діршіндер көз жұмған. Ветеринария саласының мамандары малға да, адамға да сес көрсететін көше кезген иттердің көпшілігінің иелері бар екенін, әрі олардың иттерін бос жіберіп, қараусыз қалдыратынын жасыр­мады. Жалпы, жануарларды кү­тіп-ұстау ережесіне сәйкес қол­дағы иттер міндетті түрде бай­лаулы тұруы тиіс. Сондай-ақ төрт аяқты жануарлардың жеке пас­порты болуы қажет. Бірақ қожа­йындардың бәрі бұл талаптарды жиі сақтай бермейді. – Қазір иттердің көбі бос жү­реді. Ауыздары да ашық. Не ит­тер­дің дені дұрыс шынжырлары да болмайды. Үйлерінің қоршауы дұрыс емес, маңайының бәрі ашық-шашық жататын қожа­йын­дар бар. Мұндай көшелермен жү­ру қауіпті. Питбуль мен ала­байлар тек қоршауда тұруы керек қой. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Сол себепті қабаған итін бос жіберіп қоятын қожайындар заң алдында жауапқа тартылуы ке­рек, – дейді ветеринар маман Хасан Жұмабайұлы. Алматы облысының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқар­ма­сының мәліметінше, өткен жылы медициналық мекемелерге 7 334 адам ит қапты деп шағымданған. Ал Қазақстандағы қаңғыбас иті көп қаланың көшін Өскемен қаласы бастап тұр. Бұл қалада жыл басынан бері қаңғыбас ит қапқан 40 адам медициналық кө­мекке жүгінген. Өткен жылы 600-ге жуық адам төрт аяқты мақұ­лық­тың азуына ілігіпті. Бұл ту­ра­лы ustinka.kz порталы хабарлады. Жан-жануарлардан өткен жы­лы атыраулықтар да көп жапа шегіпті. Бір ғана Қызылқоға ауда­нының өзінде өткен жылы бір­неше адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Осы және өзге де мәсе­лелер жөнінде Қызылқоға аудан­дық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау басқармасының басшысы Алтынгүл Аймұратова айтты. – Атырау облысы Қызылқоға ауданы бойынша өткен жылы 43 адам антирабиялық көмекке жүгінді. Олардың 30-ы иттен, 2-еуі мысықтан жарақат алса, 11-і құ­тырған малмен қарым-қаты­наста болған. Антирабиялық кө­мекке жүгінгендердің барлығына да амбулаторлық жағдайда ем таға­йындалып, екпе егілді. Осы­ған байланысты, өткен жылы облыс­тық мәслихаттың шеші­мі­мен бе­кітілген «Атырау облысы­ның елді мекендерінде иттер мен мысық­тарды асырау және се­руен­дету, қаңғыбас иттер мен мы­сық­тарды аулау және жою» қағидасын орын­дамаған 16 иттің иелеріне ау­дан­дық полиция бөлімімен әкім­шілік айыппұл салынды, – дейді ол. Халқымыз «Ат теппейді, ит қаппайды деме» деп бекер айтпаса керек. Еліміз бойынша кейінгі кездері кезбе иттерден қорлық көргендердің қарасы көп болып тұр. Сол себепті қаңғыбас иттер­мен күресті жүйелі түрде жолға қойғанымыз абзал. Өйткені оның артында адам өмірі тұрғанын ескерсек екен.  

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ