Ораза туралы 10 сұрақ. ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғар жауап берді
Ораза туралы 10 сұрақ. ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғар жауап берді
531
оқылды

Биыл Рамазан айы екінші рет карантин кезінде келді. Қазір ел тұрғындарына коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр. Сондықтан биылғы оразада мазалайтын сұрақтар бұрынғылардан өзгерек. Ораза туралы маңызды он сұраққа ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар жауап берді.

1. Пандемияда мұсылман адам оразадан босатыла ма? Босатылмайды. Егер сенімді дәрігер ол адамға ораза тұтудың зиян екенін айтса, яғни адамның иммуниетті төмен болса, денсаулығына, өміріне зиян келтіретінін растайтын болса, ол жағдайда ораза тұтпаса болады. 2. Карантинде көпшілікке ауызашар беруге рұқсат жоқ. Ауызашар беруден басқа қандай игі амалдар бар? Ауызашарды адамдарды жинап беруге рұқсат болмаса да, оны қорапқа салып, волонтер ретінде мұқтаж жандарға жеткізіп берсе, ауызашардың толық сауабын алады. 3. Карантин кезінде мешіттерде намаз қалай оқылады? Карантин кезінде мешітте намаз құлшылығын жасауды үш аймаққа бөліп қарастырамыз. Бірінші, "жасыл" аймақтағылар әдеттегідей жамағатпен оқи береді. "Сары" аймақтағылар да жамағатпен оқиды, бірақ барлық санитарлық талап сақталуы керек. Үшінші, "қызыл" аймақта жамағат намазы оқылмайды. Бірақ әр намазханға жеке-жеке оқуына рұқсат етіледі. 4. Оразаның адам ағзасына қандай пайдасы бар? Ораза - Алла Тағаланың адамға парыз кеткен құлшылығы. Ораза адамның денсаулығына өте пайдалы. Мысалы, жыл он екі ай адам тамаққа тойып ішіп жүрген болса, оразадағы ашығу оның ағзасын демалдырады. Медицина мамандары ораза кезінде қантамырлардың тарылып, сығылуы кезінде қабырғаларға жиналған түрлі майлар, шлагтар ыдырап, қанайналымын ретке келтіретінін айтады. 5. Ауызы берік адам вакцина салдырса, оразасы бұзыла ма? Бұзылмайды. Өйткені вакцина адамның ішкі ағзасына өтпейді. Ол тері астына салынады. Шариғатта тері астына ине салу оразаны бұзбайды. 6. “Рамазан айының басында 3 күн, ортасында 3 күн, соңында 3 күн ұстауға болады” деген бар ма? Рұқсат етілмеген. Бірақ оразаны үшке бөліп тұтуға рұқсат етілген. Яғни, басында он, ортасында он, соңында он күн. Пайғамбарымыз айтқан, Рамазан айының әуелгі он күні - мейірім күндері, ортаңғы он күні - кешірім, соңғы он күндері тозақтан құтқаратын күн деген екен. 7. Вакцина салдырған күні ауыз бекітпеуге бола ма? Вакцина салдырған күні арыз бекіткен дұрыс. Егер дәрігер "ол күні ораза тұтпаңыз, сіздің жағдайда денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін" деген шешімді айтса, онда ораза ұстамауға болады. Жалпы вакцина күні адам оразадан босатылмайды. 8. Балиғатқа толмаған балалар ораза ұстауына бола ма? Балиғатқа толмаған балаларға ораза ұстауға болады. Егер ораза ұстауға қиналып, мысалы, түстен кейін тамақ ішіп қойып жатса, оған ұрсуға болмайды. Керісінше, балалардың ораза ұстауы оразаға деген шынығуы, жаттығуы немесе моральдық тұрғыда дайын болуына әкеледі. Сондықтан балалардың ораза ұстап, Рамазанды бастауы құпталады. 9. Шариғат бойынша кімдер ораза ұстамауына рұқсат? Шариғат бойынша ораза ұстамауға рұқсат адамдарды екі топқа бөлуге болады. Біріншісі, әйел адамдардың айлық әдеті келген кезде, екінші, дүниеге нәресте әкеліп, соның артынан келген 40 күндік қан келу кезінде босатылады, уақытша ұстамауына болады. Үшінші, уақытша ауырып қалған адам. Мысалы, науқастанып қалды немесе ота жасалды. Сол уақыттарда дәрі қабылдауына байланысты оразадан босатылады. Бірақ кейін бұл үш жағдайда да оразаның қазасын өтейді. Ал енді оразадан босатылатын екінші топ - ораза тұтуға шамасы келмейтін қария кісілер мен созылмалы дертке шалдыққан науқас жандар. 10. Олар бұл парызын ауыз бекітпей, қалай өтей алады? Ораза тұтуға шамасы келмеген қариялар мен созылмалы дертке шалдыққан науқастар оразасын фидия садақасы арқылы өтейді. Яғни Алла Тағала олардың оразасының орнына фидия садақа беру арқылы құлшылығын орындауды жазған. Фидия садақсы деген Құранда әл-Бақара сүресінің 184-аятында айтқандай, міскін адамды тамақтандыру. Яғни бір адамның тамағын, таңғы асын және кешкі асын немесе ауызашар мен сәресін алып берсе, сол науқас жанның немесе қарияның оразасының орнына жүреді.