Қостанайда ер адам 44 адамның атынан несие алған
Қостанайда ер адам 44 адамның атынан несие алған
112
оқылды
Қостанай қаласында өткен жылдың ақпан-маусым айлары аралығында 44 адамның атынан онлайн несие  алған 27 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz Алаяқ азаматтардың атынан 30 мыңнан 50 мың теңгеге дейін несие алып отырған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрады. Күдікті түрлі сылтаумен таныстарынан жеке куәлігінің көшірмесін сұраған. Сонымен қатар "ВКонтакте" әлеуметтік желісінен қосымша жеке деректер тауып, OLX сайтында жұмысқа орналасу туралы жарнама берген. Ол үшін әрине "үміткерлерден" фотосурет пен өзге де деректерді талап еткен. Адамдардың жеке мәліметтерін осылайша қолға түсірген алаяқ онлайн несие алуға өтінім берген. Мысалы, Қарағанды ​​қаласының тұрғыны 2020 жылдың тамызында жүргізуші болып жұмысқа орналасу үшін өзінің жеке деректерін "жұмыс берушіге" мессенджер арқылы жіберген.
"Бәрібір де жұмысқа орналаспадым. Алайда алты айдан кейін менің атыма белгісіз тәсілмен онлайн несие берілгенін білдім. Қарыз сомасы 50 мың теңгені құрайды", – дейді алданғандардың бірі.
Зардап шеккендердің бірі алаяқтың жақын туысы болып шыққан. Сондай-ақ олардың көбі микрокредиттік компаниялардың қарызды қайтару туралы өтінішінен кейін хабардар болған. Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 3-бөлімі, 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.