Есірткі сатамын деп...
Есірткі сатамын деп...
91
оқылды

Polisia.kz сайтының хабарлауынша, Шымкент пен Алматыда есірткі сатқан студенттер мен жасөспірімдер ұсталды.

3 сәуірде Шымкент полицейлері есірткі таратқан 8 тұрғынды ұстады. Олардың көбі студент, ал ұсталғандардың төртеуі қыз. «Олардың бәрі ақша үшін әлеуметтік желі арқылы нұсқау алып отырған. Міндеті – алдын ала дайындалған есірткі заттарын тарату. Іс жүзінде барлық әрекет түнде жасалған. Ол бір-біріне жіберген суреттен анықталды», – деді қалалық Полиция департаментінің өкілі. Тексеру барысында ұсталғандардан 116 қапшық синтетикалық есірткі тәркіленді. Қазір ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Мәлімет бойынша, Алматыда полиция назарына 20 және 22 жастағы екі адам іліккен. Олар көп қабатты үйлер орналасқан аймақта жүрген. «Бөлім қызметкерлері күдіктілерді таңғы сағат 6-да «Көктем» ықшамауданында өткізген арнайы шара барысында ұстаған. Нәтижесінде, 2000 жылы туған К. есімді және 1999 жылы туған С. есімді жасөспірім ұсталды. Олар бұрын есірткі қылмысы үшін жауапқа тартылған. Іс жүргізу тәртібінде олардан ұнтақ заты бар 72 орама тәркіленді. Осы факт бойынша тергеу және тиісті жедел шаралар жалғасып жатыр», – деді Бостандық аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы Ғалым Қасымбаев.

А.ЖАНАСЫЛ