Бірлігі мығым елдің болашағы жарқын
Бірлігі мығым елдің болашағы жарқын
120
оқылды

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Біз осы межелі кезеңге бірлігі мен ынтымағы жарасқан мемлекет, біртұтас халық болып жетіп отырмыз. Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Н.Назарбаевтың жүргізген сындарлы саясатының нәтижесінде 1990-жылдардағы қиын кезеңдерден, 2000-жылдардағы әлемдік қаржы дағдарыстарынан аман-есен өттік. Өркениетті даму жолына түскен, демократиялық құндылық тарды жоғары қоятын біздің мемлекетімізді әлемнің алпауыт елдері мойындады. Елімізді алға дамытатын көптеген кешенді бағдарлама қабылданып, жүзеге асты. Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылдық. Бүгінде Қазақстанның салған өзіндік даңғыл жолы бар.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев рухани жаңғыру бастамасын жайдан-жай көтерген жоқ. Ұлттық құндылықтарымызды, асыл қасиеттерімізді қайта жаңғыртып, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – тарихи сабақтастықты сақтап қалудың басты жолы. Сонымен қатар өсіп келе жатқан болашақ ұрпағымыздың рухани байлықтан нәр алуының маңызы өте зор. Ол үшін қазақ әдебиеті, мәдениеті мен өнері кең насихатталып, үлкен серпіліс жасалуы тиіс. Себебі өзінің ұлттық өнерін терең түсініп, лайықты бағалап өскен жастың келешекте Отанын сүйетін азамат болып қалыптасатыны даусыз. Қазір әлемнің өзге елдеріне барып, өмір сүру дағдыларын жан-жақты зерделеп қайтуға мүмкіндік бар. Әрбір ұлтжанды азамат өзге елдің жағдайымен таныса келгенде өз мемлекетінің мәртебесі мен беделі жоғары болуын қалайды. Ендеше осы жолда бірлесе күш жұмсау – барша қазақстандықтардың азаматтық парызы әрі міндеті. Мені қуантатыны, қазіргі жастар білімді, көзқарасын ашық білдіреді. Елбасының «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келіп, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуына бар күш-қайратын арнап жүрген жастарды көріп, көңіліміз марққаяды. Сонымен қатар отандық жоғары оқу орындарының да білім беру сапасы арта түскен. Тәуелсіздік жылдарында өскен және дүниеге келген ұрпақ бүгінде еңбекке араласып отыр. Олармен жүздесіп, сұхбаттасқанда ақылды, парасатты аза мат тар қалыптасып келе жатқанын аңғарамыз. Қазақстан – бейбітшілікті сүйетін, өзге елдерге де тыныштықты тілейтін мемлекет. Сондықтан да оның тілеулестері көп болуы тиіс. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өкөтеген игі істі атқаруда. Әлемдік қаржы дағдарыстарының салдарынан қордаланып қалған экономикалық және әлеуметтік мәселелерді бірінші кезекте шешу үшін нақты шараларды қолға алып отыр. Ұстаздардың жалақысы көтеріліп жатыр. Басқа да әлеуметтік саланың қызметкерлері мен жұмысшыларының еңбекақысын көтеріп, лайықты өмір сүруі үшін қажеттіліктің бәрін жасау жолында жаңа бастамалары іске асуда. Парламент депутаттарына елдің әлеуетін көтеретін және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған заңдарды қабылдау және бірқатар заңнамалық актілерге толықтырулар енгізу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Атқарушы биліктің алдына үлкен міндеттер мен дербес жауапкершілік жүктеліп отыр. Атап өтер болсам, елдің көкейінде жүрген ең өзекті мәселе жер мәселесі еді. Осыған орай халықтың көкейіндегі өзекті мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бастамасымен жер мәселесіне қатысты Үкіметке және Парламентке жер мәселесін реттеу жөнінде тапсырма берді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңның жобасы Парла мент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясының фракция мүшелері және басқа да партия фракциясының мүшелері 2021жылдың 7 сәуірінде талқылап, бірінші оқылымда мақұлдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Бұл – халық тарапынан қолдау тапқан бастама. Себебі Мемлекет басшысы билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болатынын айтып отыр. Елдің әрбір тұрғыны жүргізіліп жатқан реформалардың оң өзгерістерін сезінуі керек. Осыған орай «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының орындалуының Жол картасын іске асыру үшін «Nur Otan» партиясының фракция мүшелері бір жұдырықтай жұмылып жұмыс атқаруда және осы мәселе бойынша «Nur Otan» партиясынан сайланған облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттарының және жергілікті атқарушы органдарға үлкен міндеттер мен жауапкершілік жүктелуде. Сонымен қатар жоғарыда аталған заңдарға, Сайлауалды бағдарламаларға сүйене отырып, халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, елдің игілігіне баршамыз бірдей бірлесіп, жауапты жұмыстарды атқаратын боламыз. Барлық салада нәтижелі жұмыстың негізгі көрсеткіштеріне үлкен мән беріледі. Қазір әлемге тараған індет дүниежүзін әуре-сарсаңға салып қойды. Адамзат баласының басына қатер төндірді. Қаншама адам осы індеттің құрбаны болды?! Жаһандық экономикаға орасан зор залалын тигізді. Көптеген ірі өнеркәсіпорын тоқтап қалды. Бірақ бірлік пен ынтымағымыз барда бұдан да құтыламыз, жақсы күндеріміз алда деп сенеміз. Әрдайым еліміздің еңсесі биік, келешегі кемел бола берсін!

Фахриддин ҚАРАТАЕВ, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі