Олардың айтуынша, ауыл ақсақалының бірі әкімдікпен ауыз жаласып, ойына келгенін істеп жатыр, – деп хабарлады КТК арнасы.
Ал бейіттердің бір шеті үйлерінің іргесіне жетіп қалған. Екі аралықты қаңылтыр қабырға ғана бөліп тұр. Бір анығы, мұнда бірнеше күн бұрын жерленген қабірдің кімге тиесілі екенін тұрғандар да білмейтін көрінеді.
Ал әлгі қорым мен үйлердің арасындағы қоршауды тұрғындардың өздері амалсыз көтерген. Қабірге толған зират жайлап жылыстап, өлгендердің мекені тірілердің тұрғын жайына жақындатып жатыр.
Көксай ауылының тұрғыны Азамат Орынбетов: «Олар бизнеске айналдырып алды. Тоқтамайды, ешкімге бағынбайды. Әкімшіліктің адамы келді, «тоқтат» деді. Оған да бағынбайды», – дейді .
Тұрғындар қорым ішін қойып, енді тіптен үй іргесінде бейіт салатындармен алысып әлек. Былтыр осы уақытта түнде шарбақ түбін қазып мәйіт жерлемек болғандардың үстінен түсіпті. Айқай-шумен марқұмның денесін басқа аумаққа жерлеуге мәжбүрлеген.
Көксайлықтар осыдан бірнеше жыл бұрын «зиратқа енді ешкім жерленбейді» деген атқамінерлер сөзінде пәтуа жоғын айтады. Мұнда кімді қайда, қаншаға орналастыратынын ауыл ақсақалы шешеді екен.
Бір қызығы, аумақ құжат жүзінде әкімдікке тиесілі. Тұрғындар ауыл әкімінің орынбасарын «ым-жымың – бір, бірігіп орын сатасыңдар» деп сұрақтың астына алды.
«Сіздер 50 мың теңгені бірге алғансыздар. Егер сол ақшаны алмайтын болсаңыз, онда неге осыны тоқтатып тастамайсыз?» деген тұрғындарға шенеунік мардымды жауап бере алмады.
Солай десек те, ол үй мен қорымның арасы заң бойынша қанша метр болуы керек екенін біле тұра, жағдайды өзінше түсіндіруге тырысты.
Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Серік Үмбетәлиев: «Үш жүз метрдей болуы керек. Бірақ мына жер кезінде беріліп кеткен. Зират болған кезде мына үйлер ол кезде болмаған», – дейді.
Тығырықтан шығар жалғыз жол – жаңа зиратқа орын бөлу. Әкімдік өкілдері «қарастырудамыз, ал әзірше мына қорымға ешкімді жерлеуге рұқсат бермейміз» деп отыр. Бірақ бұл уәдеге тұрғындар сенбейді.